«Спорт пен елорданың дамуы – Тәуелсіздік әкелген жетістік!»

10 желтоқсан 2011, 10:56

1991 жылдың 16 желтоқсаны күні туған жастардың арасында ел спортының жарқын жұлдыздары өсіп келеді. Николай Лавриненко болашақта тау-кен мен геодезия саласында еңбек етіп қана қоймай, республикамызда спорттың дамуына өз үлесін қоспақшы.
Николай Өскемен қаласында дүниеге келген, қазір де сонда тұрады. Ол өзінің туған қаласы жайлы айрықша ықыласпен әңгімелейді. Оған Өскеменнің әр бұрышы ыстық. Әсіресе №37 орта мектеп. Николай осы сүйікті мектебінің мақтанышы болды. Жеңіл атлетикадан, атап айтқанда, жүгіру­дің түрлерінен облыстық және республика­лық жарыстардың жүлдесін алған. Соны­мен бірге «Восток» футбол үйірмесінің жастар командасында болып, спорттың бұл түрімен кәсіби түрде айналысты. Оның аяқдоппен шұғылданып жүргеніне биыл 10 жыл толды. Коля қолы боста шаңғы мен коньки де тебеді. Отбасындағы жалғыз бала өзінің Тәуелсіздіктің құрдасы екенін 10 жасында алғаш түйсінді. 2001 жылы жергілікті билік ұлы мерекемен бір күнде туған балаларды Астана мен Алматы қалаларына тегін жолдамамен саяхатқа жіберген еді.


Николай ЛАВРИНЕНКО, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің 2-курс студенті:
– Тау-кен және металлургия факультетінде оқып жатырмын. Сүйікті пәнім – геодезия. Келешекте осы саланың маманы боламын. Бүгінде еліміз гүлденіп келеді. Басқасын айтпағанда, спорттың өзінде жетістіктер көп. Сонымен бірге Тәуелсіздік жылдары Астанамыз көркейіп келеді. Елордада төрт рет болғанмын, барған сайын қаланың дамып келе жатқанын байқаймын, былтыр болған кезде көп нәрсенің өзгеріп, әдемілене түскенін көрдім. Біздің Өскемен де жыл сайын жаңарып, дамып, ажарланып жатыр. Менің арманым – келешек жарқын болса екен, туысқандарым мен жақындарым еш мұқтаждық көрмесе екен, қайғырмаса екен.