Жамбыл облысында жуырда ғана іске қосылған «Суперфарм» зауыты елімізде ғана емес, Орталық Азияда теңдесі жоқ зауыт болып отыр. Бірегей зауыт медициналық киімдер мен жабдықтар шығарады. Ол Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асып отыр. Өндіріс орны шығарып жатқан өнім химиялық қоспалар негізінде полиэтиленді материалдарды қолдана отырып жасалған медициналық бұйымдар болып табылады. Яғни дәрігерлердің басындағы қалпағы, бетпердесі және аяқкиім сыртынан киілетін бахилалар.
Ірі кәсіпорынның іргетасы былтыр қаланған болатын. Құрылыс қарқынды жүргізіліп, тез арада пайдалануға берілді. Тараз қаласынан Шымкентке шыға берістегі жол бойындағы Айша бибі ауылында орналасқан. Өңірде орын тепкен өндіріс орындарына ең алдымен жергілікті тұрғындар қуанатыны белгілі. Оған себеп те жоқ емес. Ауылда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыздар нәпақалы болып қалды. Осында ауылдықтардың 50-і жұмысқа тартылды. Жұмысқа алынғандар, ең алдымен, үш айлық оқыту курстарынан өткен. Алдағы уақытта өндіріс көлемінің ұлғаюына орай жұмысшылар саны арттырылмақ. Өндіріс орнының жалпы құны 520 миллион теңгені құрайды. Оның 210 миллионын Даму қоры арқылы несиеге алған. Қалған бөлігі кәсіпорын иесінің өз қаржысы. Елімізге аса қажетті бұйымдар шығаратын өндіріс ошағының алар орны ерекше. Шығаратын өнімдері медицинада бір рет қана қолданылады. Ақхалаттыларды науқастан жұғатын инфекциядан қорғайды. Бағасы да арзан. Ең қуантатыны – отандық өнім. Зауыт бастан-аяқ жоғары технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған. Өндіріс ошағы – Германия, Польша, Ресей, Түркия және Қытай елдерінің технологиясы бойынша жұмыс істемек. Техниканың 18 түрі де толық автоматтандырылған. Оның 15 түрлі өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта өнімнің алты түрі мемлекеттік тіркеуден өткен. Тексеруден өткізілген өнім сапа жөнінен Еуроодақ талаптарына толық жауап береді. Кәсіпорын өз өнімдерімен еліміздің барлық өңірін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Қарлығаш Қаймолдаева, «Суперфарм» зауытының директоры:
– Өндіріс орнына қажетті технологияның бәрін Германиядан, Польшадан, Ресейден алдырдық. Зауыттағы барлық құрал-жабдықтар толық автоматтандырылған. Шығаратын өнімдердің барлығы да толық тексеруден өткізіліп, мемлекеттік тіркеуге алынды.
Медицина саласына аса қажетті бетперделердің күніне 8-10 мыңға жуығы шығарылады. Кәсіпорын газ, су, электр қуатымен толық қамтылған. Желтоқсан айында зауыт толық қуатына қосылғанда мұнда 100-ге жуық адам жұмыс істейтін болады. Экологиялық қауіпті зияндылығы жоқ. Бұл жоба индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының 2010-2014 жылдарға арналған жобаларының ішіндегі ең ірілерінің бірі болып саналады.
Көрілген: 3750 Пікірлер: 0