«Суперфарм» – супержоба

14 желтоқсан 2011, 12:04

Жамбыл облысында жуырда ғана іске қосылған «Суперфарм» зауыты елімізде ғана емес, Орталық Азияда теңдесі жоқ зауыт болып отыр. Бірегей зауыт медициналық киімдер мен жабдықтар шығарады. Ол Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асып отыр. Өндіріс орны шығарып жатқан өнім химиялық қоспалар негізінде полиэтиленді материалдарды қолдана отырып жасалған медициналық бұйымдар болып табылады. Яғни дәрігерлердің басындағы қалпағы, бетпердесі және аяқкиім сыртынан киілетін бахилалар.
Ірі кәсіпорынның іргетасы былтыр қаланған болатын. Құрылыс қарқынды жүргізіліп, тез арада пайдалануға берілді. Тараз қаласынан Шымкентке шыға бе­ріс­тегі жол бойындағы Айша бибі ауылында орналасқан. Өңірде орын тепкен өндіріс орындарына ең алдымен жергілікті тұрғындар қуанатыны белгілі. Оған себеп те жоқ емес. Ауылда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жұмыссыздар нәпақалы болып қалды. Осында ауылдықтардың 50-і жұмысқа тартылды. Жұмысқа алын­ған­дар, ең алдымен, үш айлық оқыту курс­тарынан өткен. Алдағы уақытта өндіріс кө­ле­мінің ұлғаюына орай жұмысшылар саны арттырылмақ. Өндіріс орнының жал­пы құны 520 миллион теңгені құрай­ды. Оның 210 миллионын Даму қоры арқылы несие­ге алған. Қалған бөлігі кәсіпорын иесінің өз қаржысы. Елімізге аса қажетті бұйымдар шығаратын өндіріс ошағының алар орны ерекше. Шығаратын өнімдері медицинада бір рет қана қолданылады. Ақхалаттыларды науқастан жұғатын инфекциядан қорғайды. Бағасы да арзан. Ең қуантатыны – отандық өнім. Зауыт бас­тан-аяқ жоғары технологиялық жабдық­тар­мен жарақтандырылған. Өндіріс ошағы – Германия, Польша, Ре­сей, Түркия және Қытай елдерінің техно­логиясы бойынша жұмыс істемек. Техниканың 18 түрі де толық автоматтан­дырылған. Оның 15 түрлі өнім шығаруға мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта өнімнің алты түрі мемлекеттік тіркеуден өткен. Тек­серуден өткізілген өнім сапа жөнінен Еуроодақ талаптарына толық жауап бере­ді. Кәсіпорын өз өнімдерімен еліміздің бар­лық өңірін қамтамасыз етуді жоспар­лап отыр.
Қарлығаш Қаймолдаева, «Суперфарм» зауытының директоры:
– Өндіріс орнына қажетті технологияның бәрін Германиядан, Польшадан, Ресейден алдырдық. Зауыттағы барлық құрал-жабдықтар толық автомат­танды­рылған. Шығаратын өнімдердің барлығы да толық тексеруден өткізіліп, мемлекеттік тіркеуге алынды.

Медицина саласына аса қажетті бет­пер­делердің күніне 8-10 мыңға жуығы шы­ғарылады. Кәсіпорын газ, су, электр қуа­тымен толық қамтылған. Желтоқсан айын­да зауыт толық қуатына қосылғанда мұн­да 100-ге жуық адам жұмыс істейтін бо­лады. Экологиялық қауіпті зияндылығы жоқ. Бұл жоба индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасының 2010-2014 жылдарға арналған жобаларының ішін­дегі ең ірілерінің бірі болып санала­ды.