«Тәуелсіздікті зор тарихи табыс деп білемін!»
Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген мезгілде республикамызда талай дарынды бала дүниеге келген. Бүгінде біз өзін егемендікпен құрдас санайтын білімді жастардың легіне куә болып келеміз. Тараздық Андрей Котов – талаптың тұлпарын мінгендердің бірі.
Андрей тарихи маңызды күні Жамбыл облысының орталығында зауыт жұмысшысы Олег Петрович пен үй шаруасындағы Елена Федоровнаның отбасында дүниеге келді. №41 гимназияда оқып, білім ордасының беткеұстар ізденімпаз оқушыларының бірі болды. Андрей информатика мен бағдарламалау пәндерінен өткен облыстық олимпиадада алғашқы орынды иеленген. Ұлттық бірыңғай тестілеуде 106 балл алған түлек Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің Компьютерлік технологиялар және жүйе техникасы институтына есептеу техникасы және бағдарламамен қамтамасыз ету мамандығы бойынша оқуға түсті. Математика, информатика, бағдарламалау пәндерінен болатын ғылыми сайыстарға әлі күнге дейін қатысып келеді. Бос уақытын тренажер залында өткізеді.
Андрей Котов, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің 2-курс студенті:
– Сабағымды жақсы оқуға тырысып жүрмін. Келешекте сүйікті мамандығым бойынша жоғары білімге қол жеткізіп, сол сала бойынша жұмысқа орналасуым керек. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы – көзге көрінетін зор табыс. Елімізде тұрақты даму жолы қалыптасты, халқымыздың әл-ауқаты артты, қоғам бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Мен соған қуанамын!