Тәуелсіздік айнасы

Тәуелсіздіктің тұңғыш Президенті һәм тұғырлы президенттік институт

                               Шүкір ШАХАЙ (фото)


Бүгін осыдан тура 20 жыл бұрын, яғни 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында тұңғыш рет республика Президенттігіне бүкілхалықтық сайлау өтіп, оның барысында Н.Ә. Назарбаев сайлаушылардың 98,7 пайыз дауысын алды. Жасырын дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінде ҚазКСР президенттігінен кандидат – Н.Ә.Назарбаев, ал вице-президенттіктен үміткер – Е.Асанбаев тұрды. Сол бүкілхалықтық президенттік сайлауға электораттың – 88,23 пайызы қатысып, президенттік басқару жүйесі заңдастырылды.


Президенттік институттың «тар жол, тайғақ кешуі»

КСРО Конституциясындағы кеңестік жүйенің ядросы болып табылатын КПСС-тің басшылық және бағдарлаушы рөлі көрсетілген 6-бап алынып тасталды. 1990 жылы КСРО конституциясына көппартия­лық жүйе енгізу туралы өзгерістер жасал­ғанына қарамастан, КПСС өзінің доминант­ты өкілеттігін сақтап қалды. Әлбетте, коммунистік партия мен оның орталық комитеті басшылары жаңадан енгізілген президенттік басқару институтына барынша кедергі жасап бақты. Биліктің ауысу трансформациясы күрделі кезеңді бастан ке­шір­ді. Әлбетте сол кездегі жариялылық пен демократияның айшықты рәмізіндей бол­ған президенттік институт кеңес хал­қына жат ұғым емес еді. 1990 жылы КСРО-да Президент лауазымы енгізіліп, 15 нау­рыз айында халық депутаттарының кезектен тыс өткен 3-съезінде М.Горбачев КСРО Президенті болып сайланған болатын. Осыдан кейін-ақ одақтас республика­лар­да президенттік институт жоғары билік жүйесі ретінде дендеп ене бастады. Ең алғаш­қылардың бірі болып Қазақстанда, Қыр­ғызстанда, Молдовада, Түрікмен­стан­да, Өзбекстанда президенттік институт енгізілді. Ал Грузия мен Украинада прези­дент­тік институт – 1991 жылы, Белоруссия­да 1994 жылы қабылданды.

Сөйтіп, 1990 жылы наурызда КСРО-да президенттік басқару институтының енгізуіне орай, 12-інші сайланған республика Жо­ғар­ғы Кеңесі ұзақ пікірталастан кейін «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Қазақ КСР Конституциясына өзгеріс­тер мен толық­тырулар туралы» Заң қабыл­дап, осының негізінде сол жылы 24 сәуірде Н.Назарбаев Қазақ КСР-інің Президенті болып сайланды. Бұл заң бойынша Президент, Жоғарғы Кеңес пен Министрлер Кеңесі арасындағы биліктік өкілеттіктер бел­гіленді. Саяси ғы­лым­дар докторы Г.Нұ­рымбетова өз мақа­ла­сында жазғандай, Президент лауазы­мы­ның енгізілуі Жоғарғы Кеңес төра­ғасын ел ішінде және халықара­лық қаты­настарда ҚазССР-ін өкілдендіруші жоғарғы лауа­зымды тұлға мәртебесінен айырды. Осы­ған байланысты Жоғарғы Кеңес төра­ғасы заңдарға қол қоюы және елдегі жағ­дай туралы баяндама жасау құқынан ажыратылды. Президенттің өкі­леттіктері нақ­ты­ланып, күшейтіле түсті. 1990 жылы 20 қа­рашада қабылданған «ҚазССР мемлекеттік билік пен басқару құрылымдарын жетілдіру мен ҚазССР Конституциясына өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң Президент мәртебесі мен өкілет­ті­гіне бірталай өзгерістер енгізді. Осы заңға сәйкес, ҚазССР Президентінің ұсынысымен Жоғарғы Кеңеспен сайланатын Вице-Президент лауазымы енгізілді. Сонымен бірге Министрлер Кеңесі Министрлер Кабинеті болып қайта құрылды. ҚазССР Прези­ден­тінің аппараты мен ҚазССР Министрлер Кеңесінің аппараты бірік­ті­ріліп, Президент аппараты құрылды.

Осы заң бойынша Президент жойылып, Президент жанынан консультативті-кеңесшіл орган – Республика Кеңесі құ­рыл­ды. Президент аппаратының құрылуы Пре­зиденттің атқарушы билік басшысы ре­тіндегі мәртебесін айқындады. Президенттік институт қазіргі кезге дейін «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерді десек, артық айтқандық емес. Президент аппаратының басшылығына Н.Әбіқаев, оның бірінші орынбасарлығына В.Ни тағайындалған, бөлімдер меңгерушілері Қ.Сүлейменов, Ғ.Шалахметов, М.Бабушкин, Т.Сауранбеков, Г.Бердюгин және басқалар болған Мемлекет басшысының Кеңсесі (кейіннен Президент пен Министрлер Кабинетінің Аппараты, бүгінде Президент Әкімшілігі) жұмысын нөлден бастап еді. Сол кезде аппарат құрамында қазіргі кезде, мәселен, хаттама және Президенттің баспасөз қыз­меті сияқты функцияларды орындайтын құрылымдар болған жоқ-ты. Оның үстіне, 1990 жылдың сәуірі мен 1991 жыл­дың тамы­зы аралығында республи­каның билік олим­пінде екі аппарат: Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппараты мен Қазақ КСР Президентінің аппараты қатар жұмыс істеп, олардың арасында ымырасыз күрес жүрді. Бұл идеялық текетірес, отарлық сана мен Тәуелсіздікке ұмтылған сана тайталасы болатын. Бірі коммунистік кадр болса, екіншісі жаңашыл, демократияшыл кадрлар буыны еді. Әрине, билік пен қоғамдағы ескі мен жаңа дәстүрлер мен сананың өзгеруі оңай жүзеге асқан жоқ. Тәуелсіздіктің қарсаңындағы ескі мен жаңа құндылықтардың тартыстары туралы сол кездері Қазақстан Компартиясы Орта­лық Комитеті Жалпы бөлімінің меңгерушісі болған Владимир Шепель былай деп еске алады: «1990-1991 жылдары, Қазақ КСР Пре­зиденті сайланғаннан кейін, сырт қарағанда ОК және Президент аппараттары арасында қандай да бір келіспеушіліктер болмаған сияқты көрінеді. Бірақ мәсе­леге тереңірек қарасаң, көптеген партия функционерлері «бір үзім нандарын», яғ­ни билік өкілеттіктерінің бір бөлігін алып қойғанымен келісе алмады. Мысалы, ОК Аппаратының бөлім меңгерушісі немесе сектор меңгерушісі өздерін мәртебелері бойынша Президент Аппаратындағы сондай қызметкерлерден жоғары санады. Осыдан келіп менмендік пен тәкаппарлық оқиғалары орын алды. Сондықтан олар біз­дерге де басшылық жасауға ұмтылып, оларын Президент Аппаратында да коммунистер жұмыс істейді, демек, барлығы партиялық тәртіпке бағынуы тиіс деген ұс­таныммен түсіндіргілері келді». Дегенмен президенттік институттың маңызды буыны саналатын Президент аппараты «тар жол, тайғақ кешуден» сүрінбей өтіп, мемлекет­тілігіміздің нығаюына үлес қосып келеді.

ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Мах­мұт Қасымбеков өзінің «Таңдау» деген мақаласында: ...1990 жыл бойы КОКП ОК-­ның жекелеген хатшылары бүкіл Одақ­тан іріктеліп шақырылған партияның об­лыс­тық комитеттері хатшылары, ұйым­дастыру бөлімінің меңгерушілері және өзге де шешуші бөлім қызметкерлері деңгейінде ондаған семинарлар, кеңестер мен кездесулер ұйымдастырды. Олардың үндеуінің басты арқауы: «Окоптарда отырғанымыз жетеді! Біздің де күніміз туады. Президенттік құрылымдарға тойтарыс беруге дайын­да­лыңдар…» болды. Басқосуға қатысушы­лар­дың ең өткірлері осы ұстанымды ма­құлдап, қолдау көрсетудің белгісі ретінде пікірталастарда өздерінің оппоненттеріне улы тілдерін безеп: «Президенттік ойындарын ойнап болсын. Содан кейін біз ол­арға көкесін танытамыз!» деп қайталау­дан жалыққан жоқ», – деп жазғанындай, Ануф­риев бейнесіндегі Тәуелсіздікке жаны қас коммунистік топ өкілдері барынша кедергі жасап бақты. Ол ғана емес, Тәуелсіз­діктің жаршысы іспетті президенттік инсти­тутқа Жоғарғы Кеңес те идеологиялық жа­ғы­нан қарсылық көрсетті. Бір мезет елде қос өкімет орнағандай көрініс берді. Дегенмен заманға лайық көш түзеп, еңсе тіктей білген президенттік институт талай сында тегеурінділік танытты. Ақыр соңында бағы­мызға орай, күні біткен коммунистік отар­шылдық жүйе Алаш баласына Алла нәсіп еткен Тәуелсіздіктің ақ таңына қара түнек бола алмады...

Пәрменді президенттік институт һәм Назарбаев феномені

Президент лауазымын енгізу тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің қалып­та­суына шешуші ықпал жасап, КСРО ыды­раған соң мемлекеттік биліктің сабақтас­тығын қамтамасыз еткен аса маңызды оқи­ға болғанын бағалаған ләзім. Сол кезде Президенттің Жарлығымен бұрын Одақ­қа бағынған кәсіпорындар мен ұйым­дарды республика Үкіметінің қарамағына беру, мемлекеттің сыртқы экономикалық қыз­метінің дербестігін қамтамасыз ету, елімізде алтын қорын жасау туралы және т.б. заңдар шығарылды.

Иә, Тәуелсіздіктің бастаушысы, ұстыны президенттік институт болғанын бүгін біз біліп отырмыз. Президент лауазымына кіріскен алғашқы күндерден бастап Н.Назарбаев КСРО-ны реформалау ауқымында Қазақстанның саяси және экономикалық дербестігін нығайтуға бағытталған белсенді қадамдарды қолға алды және сонымен бірге халықтар арасындағы қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық және тарихи байланыстардың күйреуіне жол бермеуде өзінің ерік-жігері мен табандылығын көрсетті.

Қазақстанда президенттік институттың қалыптасуына обьективті факторлар ықпал еткенін айта кеткен жөн. Кеңестік экономи­каның құрылымын құраған одақтас республикалар арасындағы дәстүрлі эконо­микалық сабақтастықтың үзілуі, жоспарлы экономиканың күйреуі, халықтың әлеу­меттік жағдайының нашарлап кетуі, ұлттық қайшылықтардың өршуі, коммунистік жүйенің ел басқаруға икемсіздігі Қазақ­стан­ билігінің алдына жаңадан түбе­гейлі мін­деттер қойды. Кезінде Жоғарғы Кеңес күшті өкілеттікке ие болғанымен, жедел ше­шім қабылдауда, икемді жұмыс ат­қаруда, тиімді басқаруда ебедейсіздік танытып жатты. Жоғарғы Кеңестің өкілетті­гін пайдалана отырып, парламенттік бас­қа­ру формасына таңдау жасауға болатын еді. Алайда сол кездегі шынайы ахуал парламенттік басқаруға бет бұруға дайын ем­естігімізді көрсетті. Сондықтан саяси сахнадан жоғалып жатқан коммунистік дик­та­ту­раның орнына тәуелсіз мемлекеттің атри­буттарын бекемдейтін тиімді басқару фор­масы қажет болды. Бұл арада елді анар­хиялық ахуалға душар етпеу үшін өкі­лет­тігі күшті президенттік институт енгізу керектігін сол кездегі көзі ашық азаматтар түй­сінді. Ал президенттік басқаруға түбе­гейлі көшу – Қазақстанның демо­кра­тиялық да­му­ға бет алғанын, өркениетті саяси жү­йе­ге қадам басқанын айқындады.

Қолданыстағы Конституцияда белгілен­ген Қазақстан Республикасы Президен­тінің конституциялық мәртебесі үш маңызды құрамдас бөліктен тұрады: біріншіден, Пре­зидент – мемлекет басшысы; екіншіден, президент Конституция кепілі бола оты­рып, мемлекеттік органдардың келісілген жұмысы мен өзара іс-қимылын қам­тамасыз етеді; үшіншіден, Президент өкі­мет­тің атқарушы тармағында айқындаушы орын алады. Қазақстандағы президенттік институт қазақстандық халықтың мемлекеттік бірлігін қамтамасыз етуі тиіс.

Пәрменді президенттік институт туралы айтқанда, саяси сөздікке әлдеқашан енген Тәуелсіз Қазақстанның көшбасшысы болып отырған, әлемге Алаш атын танытқан Назарбаев феномені туралы айтпау мүмкін емес. Назарбаев болмысынан, өн бойы жұмы­сынан ғаламдық деңгейдегі көшбас­шылық қасиеттерге ие, жаһандық ауқым­дағы парасат-пайым мен мүлде жаңа ой­лауға бейім екенін, прагматизм, ұлтжан­ды­лық, тынымсыз ізденіс, қауырт жұмысты серік еткен сарабдал қайраткер екендігін замандастары тамсана айтады.

Қазақстандағы президенттік институт эволюциясы

Әлемдік тәжірибеге салыстырмалы (ком­паративистикалық) талдау жасайтын болсақ, қазіргі кезде әр елдегі президенттік институт ұлттық ерекшеліктерімен өзін­ше рең алғанын аңдар едік. Саясаттанушылар еліміздегі президенттік басқару фор­масының өзіндік ерекшеліктері мен эволюциясы туралы төмендегідей тұжырым жа­­сайды. 1990 жылғы сәуір-қарашада пар­тиялық-кеңестік билік жағдайында Жо­ғарғы Кеңестің бірқатар өкілеттіктері Пре­зидент құзырына өтті. 1990жылдың қа­раша айынан 1993 жылдың қаңтары ара­лығында бүкілхалықтық дауыс беру нә­ти­жесінде сайланған Президент үкіметтік басшылықты қоса атқарды. 1995 жылғы кон­ституция бойынша президенттік институт нығайды. Президенттік институт 20 жыл­дық тарихында 1990 жылдың сәуір айынан 1995 жылға дейін «кеңестік» квазипарламентаризмнен президенттік би­ліктің аме­рикандық моделіне көшті. 1995 жыл­дың та­мыз айынан бүгінге дейін жартылай фран­цуздық, жартылай президенттік бас­қаруға көшуге бет алдық деуге болады.



Әлемдегі президенттік институт: қашан, қайда, қалай?

Дүниежүзінде тұңғыш рет президенттік институт 1776 жылы АҚШ-та пайда болып, оны көптеген елдердің өздерінің басқару формасына үлгі етіп отыр. Еуропада тұңғыш президенттік республика болып 1848 жылы Швейцария мен Франция атанды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Австрияда, Веймар Республикасында, Чехословакияда, Польшада, Балтық бойы елдерінде президенттік республика орнады. Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Италияда, Грецияда, Португалияда, Мальтада мемлекет басшысы Президент саналды. Ал ХХ ғасырдың 30-40 жылдары Азия құрлығында алғаш рет президенттік билік Филиппинде, Сирияда, Ливанда пайда болды. Кейін бұл президенттік лауазым Оңтүстік Кореяға, Оңтүстік Вьетнамға, Тайвань, Үндістанға, Пәкістанға, Бангладешке, Иракқа тән болды. Африка елдерінде президенттік институттың француздық моделі кеңінен тарады. Әскери режим жағдайында Латын Америкасы мемлекеттерінде «уақытша президенттік» билік болды. Қытайда тек Мао-Цзедунь кезінде аралас президентура үстемдік етіпті. Кезінде Сталин де президенттік өкілеттіктерді Жоғарғы Кеңестің Президиумына берген екен. Ал 1964 жылы Н.Хрущев президенттік туралы мәселе көтеріп, КСРО-ның жаңа конституциясының жобасын жасаған екен, алайда бұл аяқсыз қалған.





Көрілген: 4001    Пікірлер: 0

бейсенбі, 01.12.2011, 11:53

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    15 Желтоқсан 2011
    Ат қоюдың да сыры бар
    15 Желтоқсан 2011
    20 жылдық жылнама
    14 Желтоқсан 2011
    «Суперфарм» – супержоба
    13 Желтоқсан 2011
    Сырткөз
    9 Желтоқсан 2011
    Тәуелсіздік туындысы
    8 Желтоқсан 2011
    Ел Елбасыға риза
    30 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    17 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    17 Қараша 2011
    Нәтижелі бағдарлама
    5 Қараша 2011
    Кеше – бүгін
    3 Қараша 2011
    Кеше – бүгін

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30