Ұлықталған күннен естеліктер
«Ол уақытты мен романтикалық кезең болды деп айтар едім»
Мұрат ӘУЕЗОВ, мәдениеттанушы ғалым, қоғам қайраткері:
– Ол кез саяси жүйе түбірімен өзгеріп, халықтың екіұдай күй кешіп жүрген уақыты еді. Қазақстан азаматтарының алдында тарихи сынақтар, үлкен белестер тұрды. Біз солардың алғашқы сынақтарымен бетпе-бет келдік. Мен ол кезде Жоғарғы Кеңестің депутаты едім. Мен басқарған Халықаралық байланыстар комитеті өте белсенді жұмыс істеді. ТМД шеңберінде парламентаралық ынтымақтастық туралы келісім жасауды біздің ел бірінші болып ұсынды. Бұл идеямызды посткеңестік елдері де мақұлдады. Кейіннен Тәуелсіздік туралы заң әлі қабылданбаса да, 1991 жылдың 1 желтоқсанынан бастап, біз азаттығымызды шынайы сезіндік. Дәл сол күні бұрындары формальды түрде сайлауға қатысып келген халқымыз демократиялық жолмен Қазақстанның тұңғыш Президентін сайлады. Ол уақытты мен романтикалық кезең болды деп айтар едім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары биліктің негізгі үш тармағы өзара тату шешімдер қабылдай білді. Тіпті еліміздің ресми атауы туралы үлкен дау болған еді. Бірақ соңында ауызбіршілік жеңді. Сол кезде қабылданған салмағы мығым саяси шешімдердің жемісін бүгін көріп отырмыз.
«20 жыл бұрын құлап бара жатқан туды ұстап қалған Елбасы ел мерейін асқақтатып келеді»
– Алдымен Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президентін жалпыхалықтық сайлау жөнінде арнайы штаб құрылды. Сол штабты басқарған адамның бірі мен болдым. Кеңес Одағындағы сайлаулардың қалай өткенін халық жақсы біледі. Бір кісіні ұсынып, бәрі соған жаппай қол көтеріп, бас шұлғитын. Бұрын біз қанша хан сайлаған ұлт болсақ та, тарихымызда Президент сайлап көрген емеспіз. Сондықтан сол бір жауапкершілікті сезіне отырып, демократиялық жалпыхалықтық сайлау өткіздік. Халық бірауыздан Нұрсұлтан Назарбаевты Мемлекет басшысы ретінде сайлады. Сайлаудан кейін ұлықтау салтанатын өткізу де бізге жүктелді. Менің қасымда сол кезде Иманғали Тасмағамбетов, менің сол кездегі көмекшім Қырымбек Көшербаев, Сауытбек Әбдірахманов, Марат Тәжин, марқұм Алтынбек Сәрсенбаев болып еді. Дүниежүзі елдерінің Президент инаугурациясын өткізген тәжірибесін іздей бастадық. Бірақ сол тәжірибелерді қарап отырып, сол дәстүрлерді қазаққа жақындатуға тырыстық. «Біз енді жан-жағымыздағы ел-жұрт қалай түсінеді бұрынғы замандағы ханды ұлықтаған сияқты ақ киізге көтермейік» деп шештік. Бірақ ақ киізді ұмыт қалдырмайық деп, ақ киізді жайдық. Президент соның үстінде тұрып, ант берді. Ханды ұлықтағанда қазақ ақсарбас шалған. Біз де сол дәстүрді аттап кетпедік. «Тәуелсіз елміз, өз басшымыз бар, соны маңайымыздағы ел-жұрт естісін» дегенді меңзеп, Алатаудың баурайында жоғарыға қаратып зеңбіректен отыз рет оқ аттық.
Президент ант берген орынды биіктеттік. Сонда Президент отырған сахнаның арғы беті ашылып, жел соқты ма, білмеймін, Тәуелсіз еліміздің туын құлата жаздады. Жасыратыны жоқ, бәріміз сасып қалдық. Құдайдың құдіреті ғой, білмеймін не сездіргенін, әйтеуір Президент құлап бара жатқан туды жерге түсірмей ұстап қалды. Қазақтың ырымы ғой деп Елбасына Маңғыстау жақта тұратын ерлі-зайыпты шеберлерге арнайы тіккізген шапан жауып, басына мұрабын кигіздік. Мемлекет басшысына бата берсін деп Абайдың елінен Ұлы ақынның шәкірті деп, жарықтық Шәкір Әбеновті алдыртқан едік. Ол кісі шын жүрегінен бата берді. Сол қасиетті бата қабыл болды деп ойлаймын. Инаугурациядан кейін Қабылдау үйінде той жасадық. Түн ортасында Президенттің резиденциясына бардық. Дастарқанда штабты басқарған, Президентті ұлықтау рәсімі комиссиясының төрағасы болған адам ретінде бірінші сөзді мен сөйледім. «Баянды болсын, бақытымыз! Алла өзі сездірген шығар, құлап бара жатқан туды ұстап қалдыңыз. Қазақтың онсыз да жығылып жатқан туы еді, енді құламайтын болды, туды өзіңіз тіктедіңіз», – дедім. 20 жыл бұрын құлап бара жатқан туды ұстап қалған Елбасы ел мерейін асқақтатып келеді. Құдайға тәубе, содан бері туымыз желбіреп, халықтың рухын көтеруде. Еліміз басшысын таңдауда қателесіп көрген емес. Елі басшысына, басшы, еліне сеніп мамыражай күн кешіп жатырмыз. 20 жыл бұрын ешкім танымайтын ел едік. Қазір еңсесі биік, өзгелермен бір қатарда тұратын елге айналдық. Осының бәрі халық осыдан 20 жыл бұрын бірауыздан сайлаған басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Осы күнге жеткізген Аллаға шүкір дейміз.
«Елбасымен кездескен халықтан бұлқыныс, толқыныс байқаған едім»
Қуаныш Сұлтанов, мемлекет және қоғам қайраткері:
– 1991 жылдың тамыз айындағы КСРО тағдырына әсер еткен оқиғадан кейін, біздің елге Кремльдің ықпалы азайған болатын. Бізде «өзіміз де мемлекет құра аламыз ғой» деген сана қалыптасып, азаттықты, егемендікті шынайы сезіне бастағанбыз. Сәл ертерек енгізілген президенттік институтты «биліктің қайнар көзі халықтың қуатымен қалыптастыру керек» деп, еркіндігімізді көрсету үшін бүкілхалықтық сайлау өткізу туралы шешім қабылданды. Мен ол кезде ҚР баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі қызметін атқарып жүрдім. Президент сайлауға үлкен дайындықпен барды. Алдымен бүкіл Республиканы аралап шықты. Ақпарат саласына жауапты болғаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге мен де біраз облыстарды араладым. Ашық алаңдарда халықпен кездесулер ұйымдастырылды. Сонда халықты «өзімізді-өзіміз басқарамыз» деген асқақ сезім билеп тұрды! Аймақтарды аралағанда Елбасымен кездескен халықтан бұлқыныс, толқыныс байқаған едім. Сайлауға дейін идеологиялық жұмыстармен айналысқан сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков бастаған жұмысшы топтың құрамында болдым. Халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау туралы түсінік беріліп жатты. Президент сайланғаннан кейін жаңағы жұмысшы топ инаугурацияны өткізді. Жоғарғы басшыны ұлықтау салтанаты кеңестік кезеңде болмаған. Қазіргідей жағдайға жеткеніміздің басты себебі – халықтың сол кездегі дұрыс таңдауы деп ойлаймын.
«Біздің халқымыз Мемлекет басшысын таңдауда қателескен жоқ»
Сағынбек ТҰРСЫНОВ, қоғам қайраткері:
– Егемендік декларациясы қабылданып, енді ғана азаттықты сезіне бастаған кезіміз еді ғой. Тұңғыш рет бүкілхалықтық Президент сайлауы өткізіліп, саяси жүйеге өзгерістер енгізілді. Дүниежүзіндегі демократиялық елдердің тәжірибелері ескеріліп, кеңестік кезеңдегі хатшы деген жоғарғы лауазым Президент деп өзгертілді. Ол кезде Талдықорғанда облыстық партия комитетінің хатшысы, облатком төрағасы, обкомның 1-хатшысы, облыстык кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарғанмын. Жаңа саяси жүйе тәжірибеге енгізілгеннен кейін облыс әкімі болып жұмыс істедім. Айтайын дегенім, осыдан дәл 20 жыл бұрынғы сайлауға халық өте белсенді қатысты. Қиын-қыстау кезеңде өте үлкен сенім білдіріп, ел азаматтары Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты таңдады. Тұңғыш Президенттің ең алғашқы инаугурациясына қатыстым. Ұлықтау салтанатына жиналған азаматтардың көзінен шексіз қуаныш сезіліп тұрды. Тіпті азаттықтың ақ таңы туғанын түсінгендердің арасында көз жасына ерік бергендер де болды. Әсіресе өзіміздің қандастарымыз қатты қуанды. Қазақ айтады ғой «ат шаптырып, той жасады» деп. Міне, дәл сол сияқты, Президенттің ең алғашқы инаугурациясын халық ыждахаттылықпен өткізді. Біздің халқымыз Мемлекет басшысын таңдауда қателескен жоқ. Өздеріңіз жақсы білесіздер, өткен 20 жылда кеңестік құрсаудан шыққан елдердің ішінде сәтсіздіктер мен кедергілерге ұшырамағаны кем де кем. Олардың қасында бейбітшілік пен тыныштықтың, саяси тұрақтылық пен экономикалық өсімнің арқасында Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын еңселі қарсы алып отырмыз. Халықтың шексіз сеніміне ие Елбасымыз да өзінің көреген саясаткер екенін нақты істерімен дәлелдеді.