Жарапазан, аққа толсын үйдегі қара қазан

21 наурыз 2012, 12:28

«Жарапазан айтамын үйіңізге» деп басталатын өлең жолдарын естіген әр адамның ойына бірден қасиетті Ораза айт оралады. Бірақ Жарапазан тек Ораза айтта ғана айтыла ма? Наурыз мейрамында да жарапазандап, әрбір үйге ізгі тілек тілейтін дәстүрдің болғанын білеміз бе?
Наурыз – алғаусыз көңілмен жақсы сөз, ізгі тілеу, ақ бата аста-төк, барынша мол айтылатын мереке. Олай болса, Жаңа жыл­да әр шаңыраққа құт-береке тілеп, бата беріп, жарапазан айтудың өзін Нау­рыз­дың игі дәстүрлерінің біріне балай ала­мыз.
Ел ішінде жарапазан тек Ораза айтта ғана айтылады және Ораза айт пен Нау­рыз­да айтылады деген екіұдай пікір бар. Біздіңше,
Жарапазан дегенде жарапазан,
Аққа толсын үйдегі қара қазан, – деп келетін өлең жолдары Ұлыстың ұлы күні жырланса керек.
Жарапазан сөзінің түп-төркінін парсы­ның «шахарзабан» сөзінде дейтін де пі­кір­лер бар. Ол парсы тілінде шаһар кезу­ші, күлдіргі ақын деген мағынаны білдіреді екен. Яғни ауыл аралап, үй кезіп жүріп ай­ты­латын жарапазанда қатып қалған қағида жоқ, оған әдемі, жарасты әзіл-қал­жың­дарды да әндетіп қосатын болған.
Жарапазанның жаттанды, қалыптасып қал­ған мәтіндері болғанымен, оған өз жа­нынан шығарып, түрлендіріп айтуға да ерік берілген екен.
Осы дәстүрді жаңа заман талабына сай қай­та жаңғыртып, Наурыз күні жақсы тілек­пен жарапазандап жүрсек, несі айып? Жа­рапазанның Ұлыс күні де ұлықталатын дәс­түр екенін ұмытпасақ екен.