Қазақтың төл мерекесі – жаңа жыл да келіп жетті. Қоян жылын шығарып салып, ұлу жылына аяқ бастық. Өткен жыл адамзат өмірінде есте қалатындай ірілі-ұсақты оқиғалар мен тосын жағдайлардан да тыс қалған жоқ. Енді алдағы жылы бізді не күтіп тұр? Ұлу жылы қазаққа жайлы бола ма екен? Бұл туралы еліміздің сәуегейлері төмендегіше болжам айтып отыр.
Назарбек ҚОЖАМСЕЙІТОВ, жұлдызшы:
Желтоқсанның 21-інде үлкен өзгеріс орын алмақ
– Бірден айтайын, осы жылдың аяғында, желтоқсан айының 21,22-сі күндері әлемде үлкен өзгерістер орын алайын деп тұр. Кейбіреулердің Мая күнтізбесі бойынша әлемде ақырзаман орын алады деуі тегін емес. Ақырзаман демей-ақ қояйық, бірақ үлкен өзгеріс, табиғи құбылыстар болмақ. Мен мұны жіті зерттедім. Бұл туралы Құранда да ұғынықты жазылған. Қазір дүниежүзінің ғалымдары, астрологтар жер шарына үлкен ғарыштық дененің жылжып келе жатқанын жеткізуде. Құранда да жұма күні ақырзаман болады деп жазылған. Ал 21 желтоқсан жұма күніне тура келіп тұр. Негізі, ақырзаман адамзаттан мейірім кеткенде, ұлдары көгілдір болып, қыздары ашық-шашық жүргенде, бір діннің бірнеше ағымға бөлінген кезінде келеді делінген. Қазір осының барлығы келіп тұр. Бүгінде адамдардың мінезі өзгеріп, Алланы ұмытты. Енді осы тосын жағдайда табиғатқа зиян келтіргендер, адамға зұлымдық, қатыгездік жасағандар үлкен қиындыққа душар болмақ. Неше түрлі жол-көлік оқиғалары орын алып, апат болады. Бұдан шығудың жоспары менде бар. Оны газет бетіне жариялай алмаймын. Оны айтсам, халық арасында дүрбелең туындауы мүмкін. Сондықтан мен мұны қалайда Мемлекет басшысына жеткізуім керек. Ал халыққа айтарым, тек бір Аллаға сыйынып, содан ғана жәрдем тілеуі қажет. Біз Жаратушыға жамандықтан сыйынсақ, тосын апаттардың болмауын тілесек, мұның арты жақсы болады.
Сондай-ақ маусым айының басында елімізде әлеуметтік шиеленістер орын алуы мүмкін. Сәуір айының 20,21,22-сі күндері Оңтүстік пен Солтүстікте қар жауып, күн суытады.
Бекмұрат СЫРЛЫБАЕВ, құмалақшы:
Егін бітік шығады...
– Биыл көктем кеш түсіп, жер ылғалды болып, егін бітік шығады. Жер еміп жүрген диқан-егіншілердің ырзық-несібесі мол болады. Алла қаласа, биылғы жыл қазаққа құт-береке алып келеді. Күзге қарай Үкіметте тағы да азын-аулақ ауыс-түйістер болуы мүмкін. Оңтүстік аймақтарымызда аздаған жер сілкіністері орын алады. Бірақ келер жылдан айтарлықтай қауіп көріп тұрғаным жоқ. Адамдар бір Аллаға сыйынып, зұлымдық, қатыгездіктен аулақ болса, ешқандай тосын оқиға орын алмайды. Себебі Алла жақсылықты да, жамандықты да адамның пейіліне қарай береді. Егер біздің ниетіміз түзу болса, қиындық та білінбей өтеді. Сонымен қатар Оңтүстік пен Солтүстіктің кейбір өңірлерінде су тасқыны болуы ғажап емес.
Айсұлу ӘМЗЕЕВА, жауырыншы:
Биыл халықтың несібесі мол болады...
– Биыл су мол болып, жердің жаны жадырайды. Халық та берекелі өмір сүріп, түрлі әлеуметтік толқулардан, шиеленістерден аман болады. Биылғы жыл көпшілікке қолайлы, несібелі жыл болмақ. Жұртшылық өзінің әлеуметтік мәселелерін қиындықсыз шешетін болады. Жұқпалы ауру келмейді, су тасқындары орын алмайды.
Келер жыл қалай болар екен?
21 наурыз 2012, 12:36
