«Қостанай – Дала Республикасының аймағы!»

16 желтоқсан 2010, 13:26

1919 жылы 27 қаңтарда Орталық атқарушы комитеттің қаулысы бойынша Қостанай уезі Челябі губерниясының құрамына кіреді. «Бұған басты себеп – мәдени жағынан түпкілікті жұртшылықтан жоғары тұрған орыс қоныс аударушыларының Қостанай уезіндегі саны басым болуы» делінген Челябі әкімшілік комиссиясының баяндамасында.
«Қостанай жері – Торғай облысының, яғ­ни Дала Республикасының аймағы!» деп жар салған Ахмет Байтұрсынұлы бастаған топ губерния өкілдерінің мұндай өктемді­гін қа­­таң сынға алды. Қырғыз (Қазақ) ре­во­­лю­циялық комитеті делегациясының же­­тек­шісі А.Байтұрсыновтың 1920 жылы 8 наурыздағы «Челябі ГУБРЕВКОМ мен Қырғыз РЕВКОМ-ының қарым-қатынасын реттеу жөніндегі» отырысында айтқан сөздері екі жақтың қарым-қатынасын тіпті шиеленістіріп жіберген еді. Өз баян­да­ма­сын «кезінде орыс шаруаларын дворяндар мен шенеуніктер басынса, қазақтарды пат­ша шенеуніктері ғана емес, қарапайым орыс шаруасы да, қоныс аударушы да, ка­зак­тар басынуда» деп бастаған Ахаң Ре­сей­дің құрамына еніп кеткен Қостанай уе­зі­нің климаттық, этникалық ерекшеліктері қазақ жеріне ғана тән екендігін дәлелдей ке­ле, Қостанайды қазаққа қайтаруларын та­лап етеді. Алайда Ұлы даланың шұрайлы жерлерін уысынан шығарғысы келмеген жы­мысқы саясаттың сыпыра сылтауы біт­п­ейді.
Қостанай уезіне қатысты бұл тарихи та­ласқа байланысты құжаттардың түпнұс­қа­сы әлі күнге дейін Челябі Орталық мұра­ға­тында сақтаулы. 2002 жылы сәуір айын­да Қостанай облыстық мұрағатының қыз­мет­керлері бұл құжаттардың көшірмесіне қол жеткізген болатын. Бастапқыда сыпа­йы­лық сақтаған А.Байтұрсынұлының баян­дамасындағы әр сөз дәлелді және дә­йекті болған. Бірақ бір жыл бойы сер­гел­деңге түскен қазақ зиялылары жоғарғы жақ­тың сөзбұйдасына салмақты әрі қатаң жа­уап беруге мәжбүр болыпты. «Егер біздің ұсыныстарымызды қабылдамаса­ңыз­дар, ешқайда бағынбайтын тәуелсіз басқарма құрамыз. Себебі қырғыздардың (қа­зақтардың) мүддесін қорғайтын бе­дел­ді орган болмағандықтан, Челябідегі бас­қарма Дала халқына қысым көрсетіп, жер­лерін тартып алуда».
Нәтижесінде кеңес деңгейіне көтеріліп кеткен бұл мәселе 1920 жылдың 16 қыркүйегінде оң шешімін табады. Торғай қазақтары көтеріліп кетер деген оймен Кеңес өкіметі Қостанай уезін Торғай об­лысының құзырына қайтарады. Ал са­уат­ты­лығымен Сталинге жақпай қалған Ах­мет Байтұрсынұлы тоталитаризм түзген қа­ра тізімнің басында тұрды. Ахаңның ағар­тушылық саласындағы еңбектерін пай­даланған ауыл мұғалімдеріне дейін қу­далауға ұшырайды.
Қапыш НАУРЫЗБАЕВ, зейнеткер:
– Жергілікті газеттерде «жауапсыз, дөрекі, тәртіпсіз... және халық жауы Ах­мет Байтұрсыновтың кітаптарын пай­даланған» мұғалімдер туралы ма­қа­лалар шығатын... Біздің оқушы ке­зі­міз­де Жантай деген жақсы ағайымыз бол­ды. Ол Ұлы Отан соғысына кет­кеннен оралған жоқ. Міне, сол Жантай ағай бізге құпия түрде Ахаң туралы ай­тып, өзгеден жасыра отырып, оның ең­бектерін көрсететін. Сол кезде қаншама мұғалімдер осындай игі істері үшін жа­зықсыз жазаланған еді...
Арманда кеткен Алаш арысының «Асық­паңдар, артымызда қазы бар, тер­геп талай сүйектерің қазылар» деген сөзі ай­нымай орындалып, енді, міне, Ахаңның ерен еңбектері ғана емес, қолы тиген зат­тары да құнды жәдігерге айналды. Кезінде бір жарым жыл бойы өзгенің меншігінде бо­лып, қайран қайраткеріміздің арқа­сын­да қазаққа қайтарылған Қостанайдың қақ ортасында қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы білім ордасы мен мұражайы бар. Сол 20-жылдары Ахаңнан жауап ал­ған Хамза Нұржанов асыл арысымыздың кү­міспен өрнектелген таяғын тартып алған екен. Содан бері қолдан-қолға өткен ба­ғалы таяқты Хамзаның ұлы Жомарт атал­мыш мұражайға табыстаған болатын. Со­нымен қатар мұражай төрінен Ахаң туған үйдің іргетасынан алынған кірпішті, атасы Шошақтың тамынан алынған кесекті, «Маса» өлеңдер жинағының түпнұсқасын көруге болады.
Ибрахым АҒЫТАЕВ, ахметтанушы:
– Ахаң деген – тұнып тұрған қазына ғой. Бұл қазынаға қол жеткізу үшін талай жұмыс істеуіміз керек. Сонау қып-қызыл заманда қорықпастан, қа­зақ жерінің тұтастығы үшін басын бәске тігіп, «әйтпесе Торғай қазақтарын кө­теремін» деп Ленинге айбат шекті емес пе? Әркімнің бодауында кетіп жатқан қазақ жерлерін қорғап қалудың қия­мет-қа­йымын көтерген Ахаңдай Алаш зия­лылары ата-бабамыздан қал­ған мұ­раны бізге табыстады. Сол жерлердің тұ­тастығын сақтай отырып, келер ұр­пақ­қа аманат ету – әрбіреуіміз үшін парыз.