Алмас ТҰРТАЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Мен ұлттық идеологияның қалыптасуына ықпал ететін кез келген жалпыұлттық бағдарламаның қабылдануына қарсы емеспін. Бірақ арнайы құжат қабылдау кейінгі кезде өзгеше сипат алып кеткен сияқты. Мысалы, қаржы дағдарысы кезінде экономикалық, жұмыссыздықты жою үшін, әлеуметтік бағдарламалар қабылдап жатырмыз. Меніңше, Әз-Наурыз қазақ бар кезде, мемлекетіміз тұрғанда құрдымға кетпейді. Қазірдің өзінде ұлттық мерекеміз жыл сайын түрленіп өткізіліп жатыр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырып көрейікші, төл жаңа жылымыз осыдан жиырма шақты жыл бұрын тек қазақтардың, түркітілдес өзге ұлт өкілдерінің ғана мейрамы сияқты көрінуші еді ғой. Ал қазір Наурызды сәл басқаша тойлау жалпыұлттық деңгейге көтеріліп келеді. Елбасы кезекті бір мейрамда сөйлеген сөзінде: «Біздің жаңа жылымыз Наурыздан басталады» деген болатын. Қоғамның да, биліктің де бұл тұрғыдағы мүддесі үндесіп жатыр. Ең бастысы, Наурызды Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі халықаралық мереке ретінде бекітті. Мұның өзі – түркі әлемі үшін ортақ жеңіс. Сондықтан қоғамның санасына орныққан ұлттық мейрамдарды арнайы бағдарламалармен ресмилендірмесе де болады.
Шәкір ЫБЫРАЕВ, Түркі академиясының президенті:
– Дәл осы мәселе көптен бері айтылып жүр. Жыл сайын айтамыз, бірақ нәтиже жоқ. Нәтиже шығу үшін арнайы бағдарлама қабылдау керек-ақ. Олай дейтінім, қазір Наурыз мейрамы тым ресми аталып өтіледі. Киіз үй тігіп, көже ішсе немесе ұлттық шапан киіп жүрсе болды, сол Наурыз деп түсінетін жас ұрпақ қалыптасып келе жатыр. Біз оларға мерекенің қандай болатынын көрсете алмағандықтан, оларды кінәлай алмаймыз. Себебі олар жыл сайын алаңдағы концерт пен бірді-екілі киіз үйлерді көріп жүр. Қазіргі кезде Наурыз мерекесінің түпкі атрибуттары мен ғұрыптық рәсімдерін жүйелі жолға қою керек. Ол үшін «Наурызнама» ма, басқа ма, әйтеуір, мемлекеттік деңгейдегі мәдени бағдарлама қабылдайтын уақыт жетті деп есептеймін.
Артур НЫҒМЕТОВ, саясаттанушы:
– Меніңше, мұндай бағдарламаның қажеті жоқ. Осы уақытқа дейін бірнеше мемлекеттік құжаттар қабылданды ғой. Бірақ олардың іске асырылып жатқанын көріп жатқан жоқпыз. Қоғам хал-қадірінше Наурызды жыл сайын атап өтіп жатыр. Кез келген бастама қоғамның қалауынсыз жүзеге аспайды, мейлі он бағдарлама қабылдасаңыз да. Ұлттық мейрам ешқандай да басы артық бағдарламаны қажет етіп отырған жоқ.