Тәуелсіздіктің тұғыры – бесіктен

16 желтоқсан 2010, 12:50

16 396 171. Биылғы қарашаның біріндегі көрсеткіш бойынша, Тәуелсіз Қазақстан халқының саны осынша межеге жетті. Жалпы, егемендіктің басты жетістігі бір кездері құлдырап кеткен демографиялық ахуалдың қайта жақсаруы десек, артық айтқандық болмас.
Дербестікке дейін Қазақ елінің басынан өт­кен тарихи бейнеттердің, дәлірегі, нәу­бет­тердің демографиялық ахуалды әб­ден тентіреткені белгілі. Күні кешегі то­қы­рау жылдарының өзі сонау ұжым­дас­ты­ру, ашаршылық, орыстандыру мен соғыс кезеңінде нашарлап кеткен табиғи өсімнің қалпына келуіне мұрша бермеді. Қазақстан халқының ішінде, мемлекет құрушы ұлт – қазақтардың үлес салмағы 30 пайыздан аса алмай қалды. Хронологиялық статис­ти­каны қарап отырсақ, өткен ғасырдың 80-жылдары біршама жоғары болған де­мо­графиялық көрсеткіш 90-жылдардың соңында тағы құлдыраған. Бұған күнкөріс қиындығы мен өзге халықтардың елімізден көшіп кетуі себеп болды. Айталық, Кеңес Одағы ыдырап, әрі-сәрі кезең басталған шақта қазақ жерінен 3 млн-ға жуық адам көшіп кеткен. Бірақ бұл халықтардың орны тарихи атамекенінен жырақтағы қа­зақт­ар­дың оралуы есебінен толықты. Ше­телдегі қа­зақ­тарды елге тартқан да Тәуелсіздік бо­латын. Еліміздегі туу көрсеткішінің артуы­на тұрмыс деңгейінің жақсаруы, оның ішінде мемлекеттік саясаттың тұрақты қолдауы оң әсер етіп отыр. Дегенмен, демографтардың пікірінше, мұның басты себебін тарихтан іздеген жөн. Өткен дәуірдің зобалаңы кезінде азайып қалған халықтың ұрпағы бүгінде немере-шөбере көріп, заманында өрбімей қалған әулеттер табиғи жолмен жетіле бастады. Өзіндік дербес даму жолы қалыптасқан елімізде, «Әр баланың өз не­сі­бесі бар» дейтін дана халқымыздың кез келген шаңырағында қарадомалақтар­­дың қа­тары көбейе беретіні сөзсіз. Құдайға тәу­бе, лайым солай болғай!
Мақаш ТӘТІМОВ, демограф, Орталық Азия университетінің ректоры:
– 1988 жылы қазақ әйелдерінен туыл­ған бала саны 200 мыңнан асса, 1999 жылы ұлты қазақ 138 мың бала туылды, яғни 70 мың қарадомалаққа азайып кетті. Бұл – демографиямыздағы ең төменгі көрсеткіш десек, ең жоғарғы көрсеткіш ретінде биылғы есепті айтуға болады. Жыл аяқталмай жатып, қазақ ба­лаларының қатары 265 мыңды ме­желеп отыр. Ал 2015-16 жылдары қа­зақ әйелдері бір жылда 400 мың бала туады деген болжам бар. Ел егемендік алған кезде, Қазақстандағы қазақ­тардың саны 40 пайызға жетер-жетпес бо­латын. Қазір бұл көрсеткіш 65 пайыз бол­ды. Бес-алты жылда қазақ халқының үлес салмағы 70 пайызға жетпекші. Мұн­сыз еліміздің егемендігін түбегейлі баянды ету қиын. Сонымен бірге ана тіліміз де мемлекеттік тұғырға отыруы қажет. Тәуелсіздіктің баян­ды­лығы тілдік ортаға да тәуелді.