Ұлыс күнін ұлықтау – әр қазақтың парызы

21 наурыз 2013, 13:36

Әз-Наурызда Жер-әлем жа­ңарады, тіршілік жанданады, мал төлдейді, жануарлар қайта тү­лейді, ғаламшарымыздағы биопроцестер жаңа фазаға өте­ді. Осындай ерекше күні Жердің бүкіл фаунасы мен фло­расы инстинкт арқылы жа­ңару, түлеу процесін бастан өт­кереді.
Ал табиғатпен етене жақын адам баласы са­на ар­қы­лы ғана жаңарады, өткен мен бү­гін­ді та­ра­­зылайды, келешекке үміт артады. Иі­сі қа­зақ жұрты Наурыз мейрамының мән-маз­мұнын, түпкі рухани ырзығын саналы түр­­­де сезіне бермейміз. Сондықтан сана ар­қылы Наурыз мейрамында жаңару үшін әр қа­зақ баласында ата-бабадан мирас боп жет­­кен дәстүрлер мен жора-жорал­ғы­ларды парыз, яғни сүйекке сіңген кредо ретінде орындауы керек сияқты. Сонда Наурыз өт­кінші жаңбыр­дай өте кететін құрғақ іс-шара бо­лып қана қой­май, әр адамның жүрегін шуақ­қа бөлеп, бо­йына қуат да­ры­тады. Өйт­кені Наурыз – қазақтың ілкі мә­де­ниеті мен бай пәлсапасының жиынтық ко­дексі іс­пет­ті. Қазақтың ақжүрек болмысы, дег­дар кел­беті көрініс тапқан сан ғасырлық Нау­рыздың далалық пәлса­па­лық кодексі са­на­мызда өзіндік кре­досын-парызын қа­лыптастырғаны анық. Ен­­дігі міндет – Табиғат-Ана алдындағы па­ры­зымызды қайта жаң­­ғырту арқылы Нау­рыз­дың жұмбаққа толы сырын ұғыну, жа­ратылыс пен пенденің арасындағы кіндігінен бай­ланған құпия кодын өз жүрегімізден табу бол­са керек. Қа­зақ­тың төл дүниетанымы мен на­ным-се­нім­дерінің өзегі Әз-Наурыздың өн бойында тұ­нып тұр. Мәселен, ертең Наурыз деген түні әр­­бір шаңырақ үйінің төріне шырақ жағып, Қы­зыр баба түнін күзетіп, тілек ті­леген. Бұл түні оты маздап, жарығы жанып тұр­ған үйге Қызыр бабаның мейірі түседі, сол үйг­е құт-береке қонады деп сенім білдір­ген. Қа­шық­тықтың алыс-жақындығына қа­рамай, жасы кішілер үлкенге сәлем бере барып,  «уыз» ба­тасын алатын болған. Өмір­де бітіс­пес­тей болып кетіскен аға­йын­ның Наурызда өзара татуласып, қауыш­па­уына қақы жоқ-ты. Да­ла­ның жазылмаған мо­раль­дік-адам­гер­шілік, ба­уырмалдық, дархандық, ақ­жүректік, кең­­пе­йілдік мі­не­зі­мізді пайымдатқан күн­де­лікті салт-дәстүрлер кодексі осы Наурызда ай­шық­­тала түсетін. Жапондар мен корейлер­де салт-дәстүрлер кодекс секілді санаға әб­ден сіңген. Біз де Наурызға төл кодек­сі­міздің бө­лін­бес бөлшегі деп қарауымыз керек. Отар­шылдық салдарынан Науры­зы­мызды жо­ғал­тып алып қараңғы түндей бол­дық, қайта қа­уышқанда күндей жар­қы­рап сала бердік. Бас­қаны қайдам, қазақ пен наурыз егіз ұғым, бір-бірінен ажы­рағысыз. Наурызды таныған адам қазақты таниды, қала берді, түркі жұртын, шығыс халықтарын, жалпы, адам­зат­тың текті болмысын таниды десек артық айт­паспыз. Наурыз – әлем үшін адам­заттық, қа­зақ үшін ұлттық құндылық, ұлттық бол­мыс­тың ко­дексі. Наурыздың өзі ұлттық ком­­му­ни­кацияның маңызды көрінісі. Де­ген­мен қа­зіргі кезде Наурыз мейрамын түпкі пәл­са­па­сын әлі зерделей алмай келеміз. Нау­­рызды нәшіне келтірмей, қазақи бол­мы­сы­мызды, қазақтық кодымызды таба алмаймыз. Белгілі ақын, аудармашы Дү­кен Мәсімханұлы ағамыздың пікірінше, көш­пелі өмірде тойлап келіп, үзіліп қалған Нау­рыз мейрамымен отырықшы ел ре­тінде қайта қауышқан кезде оны өз дең­гейінде, нәшінде атап өтуді дұрыс жолға қо­йып, мазмұнын ашатындай бірыңғай тұжырымдасын жасау керек.
Дүкен Мәсімханұлы, филология ғылымының докторы, профессор:
–   Өкінішке қарай, Тәуелсіздік  алға­ны­мыз­ға 22 жылға аяқ басып бара жатса да,  бұл дәс­­түрлі жаңа жылымыз, қасиетті  ме­рекеміз  Ги­гориян  күнтізбесіндегі  «жа­ңа  жылдың» та­­­са­сында қалып келеді. Оған  кім кінәлі?!  Әри­не, Сталинді, Мәс­кеу­ді  кінәлай ал­май­мыз.  Басы ашық, тек өзі­міз кінәліміз. Нау­­рыз­да мере­ке­ле­ген­нің ор­ны­на шар­ша­тып, қа­жы­тып бітіреді.  Киіз үй ті­гу, оны бе­зен­діру. Сор­­­­­ғалатып сорпа, көл­­­кілдетіп  көже та­су.  Құ­­­д­айдың зор­лы­ғы­мен дірдек қағып киіз үй­дің маңайында  күн ба­тыру...  «Әжеп­те­уір ән еді, пұ­шық ай­тып қор қылды» де­ген­дей, ке­ре­мет ме­­ре­ке­міз­ді, қасиетті күнімізді  өзіміз әс­­пет­тей ал­­ма­дық. Қор қылдық. Сүйкімін ке­тірдік.  Оның себебі неде? Оның ең басты се­бе­бі, Нау­рыз ме­рекесін жаңа заман, жаңа ел, жаңа өмір­­ге лайықтап өткізудің тұжы­рым­да­масы, бағдарламасы жасалмады. Се­бебі бағ­зы дә­уір­лерден  ХХ ғасырдың ба­сы­на дейін көш­­пелі өмірде тойланып ке­ліп,   көп ұзамай үзі­ліп қалған  Наурыз ме­рекесі  ХХ ғасырдың со­­ңында қайта орал­ған кезде, қазақ әл­де­қа­шан көшпелі өмір­мен қош айтысқан, оты­рық­­шы ел бо­латын.  Ал  «Наурызды» оты­рық­­шы ел­дің  ме­рекесі, Тәуелсіз  елдің  ұлттық жа­­­ңа жы­лы   ретінде қалай тойлауымыз ке­рек?» де­ген мәселеге  ешкім бас қатырған жоқ.  Ал­ғашқы үрдісте  әркім ойына келге­нін (әри­­не, жақсы ниетпен) жасап, өзінше фор­­мат, өзінше  форма табуға талпынды.  Ал түп­теп келгенде киіз үйдің Наурыз ме­ре­кесімен түк те қатысы жоқ дүние. Ол не­гізі біздің ата-ба­ба­ларымыздың  жаз жай­лаудағы бас­па­насы ғана.  Сондықтан тұтас ел болып,  дүйім жұрт болып,  Наурыз мерекесінің оты­рық­шы өмірге лайық­талған, заман талабына  жауап беретіндей, жал­пы, халыққа мерекелік де­малыс пен қуанышты көңіл-күй сый­лай­тын­дай  ке­шен­ді тұжырымдамасы  мен бірың­ғай бағ­дар­ламасын  жасауымыз  керек.  Бұл – бір.

Екіншіден, біз Наурыз мерекесін тура нау­рыз (март) айының  22-сі күніне шеге­леп тас­та­дық. Онымыз да дұрыс емес. Дәстүр бо­йын­ша өзіміздің ұлттық ай (бұл арада луна ма­ғынасында) күнтізбеміздегі  ескі айдың (ақ­пан) бітіп, жаңа айдың (наурыз) туған кү­нінде мерекелеуіміз ке­рек. Бұл күн  мүмкін, бір жылы наурыз (март) айының басына та­ман, бір жылы ор­та шенінде, бір жылы со­ңы­на таман келуі мүмкін. Қазір 22 наурызда (март) күн­нің бір жылы  қыс, бір жылы  көк­тем болып тұратын себебі де сол.   Сонда ғана оның мәні мен сәні арта түседі.
Сайып келгенде, Наурызды тойлау әр қа­зақтың өзінен, азаматтық парызынан бас­та­лады. Наурыз мейрамы кезінде әр алаш аза­маты не істеуі тиіс? Бұл үшін өзгелерге ұқ­­самайтын, әрқайсымыз орындай алатын қа­рапайым «Наурызнама кредомыз» болуы керек деп ойлаймын.

Наурызнама кредосы
• Біріншіден, тазалық сақтау, ескі дүниеден арылу, табиғатты аялау;
• Екіншіден, әр шаңырақ наурызкөже пісіріп, туған-туыс, көрші-қолаң бір-бірін дәмге шақыруы керек;
• Үшіншіден, дос-жаран, туысқанға көмектесу, ғаріп-қасірлерге қол ұшын созу;
• Төртіншіден, әр қазақ кемінде бес тал ағаш отырғызу керек.
• Бесіншіден, мейрамды сылтау етіп ішкілікке және өзге де жағымсыз істерден аулақ болуы тиіс;
• Алтыншыдан, хан мен қара, бай мен кедей, бастық пен қызметкер деп бөлінбей, ұлттық дәстүрді ұстанып, үлкенге сәлем, кішіге ізет қылуы керек;  
• Жетіншіден, Наурыздағы салт-жораларды, ырым-тыйымдарды білгеннен үйреніп, білмегенге үйрету, ұрпаққа мирас ету парыз болуы қажет.