Денис Евсеев Президент кубогы челленджер турнирінің чемпионы атанды

30 шілде 2023, 14:10

Әлемнің 412-ракеткасы, қазақстандық Денис Евсеев Астанада Президент кубогы үшін челленджер турнирінің жеңімпазы болды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші финалда дүниежүзілік рейтингіде 570-орында тұрған өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен бас жүлдені сарапқа салды.

 

Бірінші сетте Денис Евсеев 0:5 есебімен ұтылып жатып, қатарынан жеті геймді алды – 7:5.

 

Екіншісінде өзбекстандық спортшы есе қайырды – 6:2.

 

Үшінші, шешуші партияда Денис 4:2 есебімен алға кеткенімен, Хумаюн таразы басын теңестірді – 4:4. Сол аяғынан алған жарақатына қарамастан, Евсеев барын салып, қайта брейк жасады – 5:4. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

 

Осылайша, Денис Евсеев өз спорттық жолында ең ірі табысына қол жеткізді.

 

Екі сағат 23 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Д.Евсеев 14 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 6 брейкпен (17 брейк-пойнт) көзге түсті.

 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Президент кубогында Денис Евсеевтің финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.

 

Сондай-ақ Анна Данилина жұптық сында Гамбург жарысының жеңімпазы атанды.

 

Александр Бублик Вашингтон ATP 500 турнирінде өнер көрсетеді.

 

 

Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz