Елена Рыбакина Мадрид турнирінің үшінші айналымына шықты

02 мамыр 2022, 00:17

Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі , "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

Осы ірі доданың 16-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингте 51-орында тұрған чехиялық Катерина Синяковамен өткізді.

 

Екеуі осыған дейін бес рет шеберлік байқасып, соның үшеуінде Е.Рыбакина жеңіске жеткен еді.

 

Бұл жолы бірінші партияда Е.Рыбакина қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Екінші сетте де Рыбакина 1:0 есебімен алға кеткеннен кейін чехиялық спортшы бәсекені жалғастырудан бас тартты.

 

Елена небәрі 38 минутқа созылған матч барысында 3 эйс жасап, 6 брейктің тең жартысын пайдаланып үлгерді.

 

Е.Рыбакина жүлде қоры 6,5 млн еуродан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 35-ракеткасы, швейцариялық Хиль Белен Тайхманмен таласады.

 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Мадридте тартысты матчта қарсыласына есе жібергенін жазған болатынбыз.

 

Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлердің финалисі атанды.