Новак Джокович "Ролан Гаррос" турниріне де қатыса алмай қалуы ықтимал

17 қаңтар 2022, 22:40

Францияның спорт министрі Роксана Марасиняню спорттық шаралар үшін елге келетін барлық спортшыда, оның ішінде "Ролан Гаррос" турниріне қатысатын теннисшілерде де коронавирусқа қарсы вакцинация сертификаты болуы керек екенін айтты, - деп жазады "Чемпионат" порталы.

 

Осыған орай сербиялық теннисші Новак Джокович тағы қиындыққа тап болуы мүмкін. Себебі, ол вакцина алмаған. Егер сербиялық спортшы жуық арада екпе алмаса, Францияға кіре алмайды.

 

Джокович екпесіз Australian Open турниріне қатысуға тырысқан еді. Ол Австралияға вакцинаға қарсы медициналық анықтама алып барған болатын. Алайда Австралия билігі оның визасының күшіп жойып, кері қайтарды.

 

Негізі бұған дейін министр Марасинянюдің өзі Джоковичтің Францияға кіру сәтінде еш қиындық болмайтынын айтты. Бірақ соңғы қаулыдан кейін ол Париж қаласында өтетін Франция ашық чемпионатына қатыса алмай қалуы мүмкін.

 

Айта кетейік, теннисші Австралиядан кетіп, Белградқа (Сербия) қайта оралды. Енді ол алдағы үш жылда Австралияға кіре алмайды деген ақпарат та бар.

 

 

 

kaz.vesti.kz