Теннис: Жібек Құламбаева Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды

18 ақпан 2022, 19:34

Елордада теннистен ерлер мен әйелдер арасында ҚР қысқы чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, әйелдер арасында жарыстың бірінші және екінші ракеткалары Жібек Құламбаева мен Гөзал Айнитдинова финалда бас жүлдені сарапқа салды.

 

Тартысты өткен бәсекеде Ж.Құламбаева 6:3, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

 

Жібек жұптық сында да озық шықты. Ол Екатерина Дмитриченкомен бірге финалда аса тартысты матчта Аружан Сағындықова мен Софья Чурсинадан басым түсті – 4:6, 6:3, 10:7.

 

Осылайша Ж.Құламбаева абсолютті чемпион атанды.

 

Жекелей сында қола жүлде үшін бәсекеде Аружан Сағындықова Е.Дмитриченконы 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңді.

 

Ерлер арасында Ақтау қаласының түлегі Бейбіт Жукаевтың бағы жанды. Ол сағат жарымға созылған финалдық ойында алматылық Денис Евсеевтен айласын асырды – 7:6 (7:3), 6:2. Сөйтіп 21 жастағы Б.Жукаев алғаш рет ел біріншілігінің жеңімпазы атанды.

 

Тимур Хабибуллинді 6:1, 6:3 есебімен ұтқан Григорий Ломакин қола жүлдеге ие болды.

 

Жұптық сында Денис Евсеев пен Григорий Ломакин жеңімпаз атанса, Бейбіт Жукаев пен Тимур Мәуленов екінші, Алексей Кедрюк пен Достанбек Ташболатов үшінші орынға көтерілді.

 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Голубевтің жұптық сында Доха турнирінің финалына өте алмағанын жазған болатынбыз.