Зарина Диас "Ролан Гаррос" додасын жеңіспен бастады
Қазақтың талантты теннисші қызы Зарина Диас "Ролан Гаррос" турнирін жеңіспен бастады, деп сүйінші сұрайды "Алаш айнасы".
Зарина теннистен "Ролан Гаррос" (Roland Garros) турнирі аталып кеткен Францияның ашық чемпионатын жеңіспен бастады. Алғашқы айналымда неміс қызы Дина Пфиценмайермен кездесіп, 6:4, 6:1 есебімен басым түсті.
Бірақ бұл ойынның Зарина үшін оңай басталмағандығын айта кеткеніміз жөн болар. Нақтырақ айтқанда, Зарина 0:4 есебімен ұтылып жатып, жанкештілік танытты. Бұдан кейін 11 геймді қатарынан өз еншісіне жазып (яғни ұтып), қарсыласын сең соққандай күйге түсірді.
Енді қазақтың қайсар қызы Бельгия теннисшісі Алисон ван Уйтванкпен кездеседі. Алисон алғашқы айналымда Словакия қызы Каролина Шмидловамен өткен шектен тыс тартысты матчта 7:6, 7:6 есебімен басым түсті.
Автор: Нұрғазы Сасаев