Зарина Дияс АҚШ-тағы турнирдің финалында есе жіберді

25 қазан 2021, 10:19

Қазақстандық, әлемнің 104-ракеткасы Зарина Дияс Джорджия (АҚШ) ITF W80 турнирінің финалында ұтылып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 78-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы Мэдисон Бренглмен бас жүлдені сарапқа салды. Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде Зарина жеңіске жеткен екен.

 

Бұл жолы бірінші партияда М.Бренгл 6:4 есебімен басымдылық көрсетті. Екінші сетте З.Дияс дәл сондай есеппен қарымта қайырды. Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте Бренгл брейк жасап, алға кеткенімен, Зарина сол бойда таразы басын теңестірді – 3:3.

 

Бұдан кейін де қарсыластар брейк алмасты. Ақыры америкалық теннисшінің жолы болды – 6:4.

 

Тартысты бәсеке 2 сағат 38 минутқа созылды.