Егер, Конституциямызға "Мемлекеттік тілді білу - қазақстандық барша азаматтардың міндеті" деген өзгеріс енгізсек (онсыз опа таппайтынымызға Қордай оқиғасынан кейін көзіміз әбден жетті; және сондай өзгерістің енгізілуі - заңды әрі әділетті), онда сол Ата Заңымыздағы 7-інші баптың «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» дейтін 2-ші тармағындағы "РЕСМИ ТҮРДЕ ТЕҢ" деген сөздер алынып тасталуы қажет. Яғни, "Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі қолданылады". Солай етсек те, кейбір байбаламшыл орыс ағайындар мен орыстілді туыстардың наразы боларға еш себеп таппасы анық. Мысалы, қандайда бір әкім халық алдында мемлекеттік тілде есеп беріп тұр делік. Сонда ол жиында отырған орыс туыстың я орыстілді ағайынның "Мен қазақша түсінбеймін" деп айтуға хақысы болмайды. Өйткені, ол сол тілді білуге міндетті ғой.
Орыс я орыстілді ағайын орысша сөйлей берсін. Сіз оған мемлекеттік тілде жауап бересіз. Болды, бітті. Өйткені, олар да Мемлекеттік тілді білуге міндетті.
Әрине, мемлекеттік барша қызмет түрлерінің мемлекеттік тіл арқылы ғана атқарылмағы қатаң талап етілуі тиіс!
"... Мемлекеттік тілді білу - парыз" деген сөзге еш диаспора пысқырып та қарамайды. Оған - өткен 30 жылымыз дәлел!
11 ақпан. 2020 ж.
Тыныштықбек Әбдікәкімұлы
Фейсбуктегі парақшасынан