Азаматтарға осылайша қиянат жасауға бола ма, екі әйел өліп қалса кім жауап берер еді?!
Мына жағдай СҰМДЫҚ енді.
Нұр-Сұлтанның маңында бұрынғы Форфоровый қазіргі Ынтымақ деген ауыл бар. Терезеден елорда көрініп тұр. Бүгін Ынтымақ ауылының тұрғыны Нұраш Дәлел қатты ауырып төтенше жағдай қызметкерлерін шақыртқан. Жедел жәрдем емес, төтенше жағдай. Жедел жәрдем жете алмайды. Төтеншеліктер ауырған әйел мен енесін және ауылдық медбикені күре жолда күтіп тұрған жедел жәрдемге жеткізген. Ал медбикемен әйелдің енесін төтенше жағдай қызметкерлері көліктерімен ауылға жеткізбей "басқа да шақыртуларымыз бар" деп темір жол өткеліне тастап кетіпті. Ауылға дейін бес шақырым. Ақтүтек боран. Қасқырдың көкесін көресіз бұл жерлерде. Ауыл адамдары аяздың кесірінен далаға шыға алмай, жұмыстарына жете алмай жатыр. Көліктеріне дейін оталмай қалған. Әйтпесе ауырған адамды өздері ақ апарар еді. Ынтымақтықтар ақшаларына трактор жалдап жолды ашқызғанымен сол күнгі бораннан тас жол жабылып қалыпты. Енді осындай жағдайды көріп, біліп тұрып төтенше жағдай қызметкерлері қалайша екі әйелді айдалада тастап кетті?! Құдай сақтап, суреттегі ер азамат кезігіп, екеуі үшеу болып, бірін-бірі сүйрелеп жүріп бес шақырым жол жүріп, ауылға әрең жеткен. Егер бұл азамат жолықпағанда жағдайдың не боларын айтудың өзі қорқынышты. Суреттегі жігіттің өзі бораннан болып, жұмысынан шыға алмай бес күннен кейін өз үйіне әупірімдеп жетіп отыр. Ынтымақ ауылында мың жарымға жуық адам тұрады. Көшіп келіп жатқандар өте көп. Аса ақылды шенеуніктер былтыр Ынтымақтағы медпунктті жауып тастаған екен. Қалалық қатынастағы тас жолдан сегіз шақырым қашықтықта орналасқан мұнда ешқандай инфрақұрылым жоқ. Біздің елде ең басты құндылық АДАМ ба әлде не?! Азаматтарға осылайша қиянат жасауға бола ма, екі әйел өліп қалса кім жауап берер еді?! Бас қаланың іргесі осылай іріп жатқанда басқалар туралы не айтуға болады?! Құзырлы органдарға ресми хат жазылады. Әрі жауап беруін талап етеміз.
Копжасарулы Ерканат
Фейсбуктегі парақшасынан