Барлық мәселеден ауыл әкімі хабардар, ақша жоқ бөлінген, не істей алсын?!
Ауылға не керек?
Сайлауалды лапшалар басталып жатқан болар бәлкім... Дегенмен ауылға не керек расында?!
Көптеген ауылдарды алып қараңыздаршы, "болашағы жоқ" деген желеумен картадан жойылып барады. Көшесіне екі ләмпішке тағып, тастан мүсін қойсақ ауыл гүлденді деп жар саламыз жаханға. Көбіне болашақты ұмытамыз. Ең құрығанда шағын ауылдардан өкімет ақша бөлген күшті балаларға арналған ойын алаңдарын көрдіңіздер ме? Әйтеуір ауыл халқы жиналып бірдеңелерін ұйымдастырып жатады. Бірақ бәрін жасағанға қалталары қайдан көтерсін. Тарбағатай Ауданы Әкімдігі біздің шағын ауылға шағын балалар ойын алаңын салып беруге уәде етіп еді, әкім ауысса бюджет қоса ауысады ғой деймін? 1990 жылдан бері біздің ауылда не істелді?
1990 жылғы зілзаладан кейін 190 орындық мектеп салынды. 2005 жылдар мөлшерінде медпункт салынды. 2007 жылы телефон байланысы келді. 2012 жылдары ақша жетпеген ау деймін көшеге 8 ләмпішке қойды. 2017 жылы трасқа құм төгіп тегістеді. 2020 жыл 400 млн теңгеге Ақбұлақ салынды, іске қосылған жоқ. Мектептің ағымдағы жұмыстары шатыры ауысты, терезе, жылыту жүйесі, ішке дәретхана жүйесі орнатылды. 30 жылда Тарбағатай ауданы қамқорлығы осы болды.
Ауылдағы жалғыз жұмыс орны мектеп қана, қалған тұрғындар малмен, әртүрлі кәсіппен айналысуда. Қарап отырсақ ауылға халықты тұрақтандыру үшін жағдай жасалу керек қой?! Әлде менікі дұрыс емес пе? Ауыл баласы да қаланың баласы сияқты ойын алаңдарында ойнағысы келеді. Ауыл ортасымен жүрсек те асфальт төселген жолмен мектепке шаң, батпақ болмай жеткіміз келеді. Ауылдың әр қуысында кешкілік адамдар жүретін жерлердің жарық болғанын қалаймыз. Ауыл балалары да қыста коньки, шаңғы тепкісі келеді. Комитет по охране прав детей Министерства образования и науки РК. Ауылда интернеттің жақсы болғанын қалаймыз. Ваш Казахтелеком 3500 теңгеге 1 мб жетер жетпес интернетін саудалап қоссаң да осы, қоспасаң да осы деп тықпалап отыр. Бізден гөрі шетелдік компанияға жылдам интернетін қосып беріп тісін шұқып шалқып отыр. Жайылымдық жерлер тарылды. Шапқанға жер табу да қиын. Ауылға милиардтар бөлінді деп естисің. Қайда сол милиардтар?! Милиондар?!
Көрші Қарасу ауылында да халықтың ұйымдастыруымен футбол алаңы салынды. Жасанды шөпке ақша жоқ. Аудан әкімдігі неге ақша бөлмеске? Барлық мәселеден ауыл әкімі хабардар, ақша жоқ бөлінген, не істей алсын?!
Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман. Қазір осы ауданда менен жексұрын адам жоқ. Судың да сұрауы бар. "Тәубә десін" деп халыққа ренжисіздер. Анаған демеуші болшы, мынаған демеуші болшы деп қайыр тілетпей жұмыс істеуге болмай ма?
Meirzhan Temirbek
Фейсбуктегі парақшасынан