Бір-бірімізді талап жеп, өзгенің жемтігіне айналмайық!

11 наурыз 2021, 10:45

Мен бұл әңгімені не үшін жаздым?

Айн Жалұт түбегіндегі осы бір қиян-кескі шайқасқа қатысқан негізінен наймандар мен қыпшақтар еді. Ағайынды бауырлар бірін-бірі аяусыз қырды... Кімнің мүддесі үшін?.. Ойланатын-ақ жайт... Мен айтпасам да белгілі...
Кетбұға абыздың жанын Құтыз алды. Құтызды Бейбарыс сұлтан өлтірді. Егер Бейбарыс бұрын қимылдап, айласын асырып кетпегенде Құтыздың оны қан қаптыратыны айдай анық еді. Ал Бейбарысты өзінің оң қолы болған тағы бір қыпшақ – Қалауын у беріп қапыда мерт қылды. Қалауынның ажалы да өзі сенген қыпшақ бауырынан келді. Ал оны да қыпшақ өлтірді... Міне, осылай жалғаса берді...
Сөйтіп «Қыпшақ Египеті» атанған Мысырдағы қыпшақтардың билігін қыпшақтардың өздері құлатып, ақыр аяғында өзгелердің жемтігіне айналды... Кейінгі қазақ хандықтарының түбіне де осындай өз ішіміздегі алтыбақан алауыздықтар жетті... «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді!» деген осы... Бірақ, тарихтың осынау ащы сабағынан әлі де тәлім ала алмай келеміз... Әлі де, бір ел, бір ұлт, бір халық бола тұра жүзге, руға, жерге бөлініп, мылтықсыз майдандасып, бір-бірімізді түтіп жеуге дайын тұрамыз! Бүйте берсек, түптің түбінде тағы біреулердің жемтігіне айналарымыз анық...
Кімнің қалай түсінгенін білмеймін, тек бір айтарым, бұл әңгіме тарихтың осынау ащы сабағынан тәлім алыңдар деген мақсатпен жазылған еді...
Ойланайық, ағайын!..

Думан Рамазан

Фейсбуктегі парақшасынан