Тіл - тас жарады...

"Бүйте берсе Қазақстанда кім қалады?" деп ойлаудың өзі жаныңды жабырқатады

  • "Бүйте берсе Қазақстанда кім қалады?" деп ойлаудың өзі жаныңды жабырқатады

КӨШТІҢ БАСЫН ТҮРКИЯҒА ТҮЗЕГЕН ҚАРДАШТАР КӨБЕЙІП БАРАДЫ

Сен де кеттің,
Мен де кеттім,
Ол да кетті ауылдан.
Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау, қауымнан...
Бақытты өмірін Түркиядан тапқан бұрынғы қазақстандық түріктердің тіршілігін көргенде, Мұқағалидың осы өлеңі еріксіз еске оралды.
Тоқсаныншы жылдары немістер Германиясына үдере көшсе, соңғы он-он бес жылда Қазақстандағы түрік ағайындар да Түркиясына топырлап тұрып көшіп жатыр.
Бірі қонақ үйден, екіншісі үлкен сауда орталықтарынан, үшіншісі базарлардан жұмыс тауып алған.
Мен сияқты демалуға келген қазақстандық жерлестерін көрсе болды, арттарынан нағашылары іздеп келгендей қуанады шетінен. Шұрқырап табыспаса да, шүйіркелесе сөйлеседі.
-Қай жерден келдің? - деп сұрасаң:
Біреуі:
-Алматыданмын, -
Екіншісі:
-Түркістан облысынанмын, -
Үшіншісі:
- Жамбыл облысынанмын, - деп қазақша сайрап тұрғаны.
Босаған көңіл-күйлерінен, құбылған үндерінен кіндік қаны тамған Қазақстанын өте қатты сағынып жүргендерін байқайсың.
"Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар". Қазақстанда еңбекақылары ішкен-жегендерінен артылып, баршылықта беймарал өмір сүрсе, Түркияға кеп несі бар еді бұлардың" деп ойға шомасың сол кезде.
Соңғы алты-жеті жылда Түркияға төрт рет жолым түсіпті. Соның бәрінде куә болатыным, ылғи осы көрініс. Қазақстандық түріктердің өңшең өрімдей жас қыз-жігіттерінің көбісі Анталия, Алания, Кемерге кеп, нан тауып, жан бағып жүр. Бәрі де түрікше, қазақша, орысшаға ағып тұр. Пысықтықтарына қызыға қарап тұрып, "Қазақстан қандай жұмыс күшінен қарадай айырылып жатыр, ә?" деп, қатты қынжыласың.
"Құйысқандары көтеріліп", көш қамында отырғандар түріктер ғана емес. Елден кетіп жатқан қазақстандық түріктердің қатарын өз қазақтарымыз да көбейтіп жатыр. Стамбул, Анкара, Измирден үй алмаса да, Ақтеңіздің жағалауындағы Анталия, Алания, Мирсин деген курортты қалалардан пәтер сатып алып, Түркияның тұрғылықты халқына айналып кеткен ағайындарымыз өте көп. Араларында әншілерден бастап, кәсіпкерлерге дейін бар.
Түркиядан бөлек, Америкаға, Европаға қоныс аударып жатқан жастарымыз қаншама.
"Бүйте берсе Қазақстанда кім қалады?" деп ойлаудың өзі жаныңды жабырқатады. Кілең кәрі-құртаңдар мен шенеуніктер: министрлер, әкімдер ғана қала ма сонда елде?
Елге ие болатын жастар ше?
Бұрын жастарды "ауылдан қалаға кетті" деп "кінәлауші" еді. Енді қала дегенің шетелдің қасында ойыншық боп қалды. Бағыттарын шетелге бұрып, айлығы мол жұмыс іздеп кеткен жастардың қарасы көп.
Жарайды, түріктердің өз отандарына кеткісі келетіні заңдылық делік. Ал Атлант мұхиты мен Европа, Корея асып жатқан қаракөздеріміздікіне не жорық?
Үкімет бұл көшті тоқтата алар ма екен? Тоқтатам десе, мәселені ең бірінші айлықты көбейтуден бастаулары керек-ау. Әйтпесе, "Америкада жәй медсестраның өзі ай сайынғы еңбекақысына 6 мың АҚШ долларын алады екен" деген ақпаратты қазір екінің бірі біледі.
Европа елдерінде де солай.
Мен демалып жатқан үйде де бір түрік әйелі жүр.
-Меркіден келдім, -дейді.
Кеше сауда дүкенінен бір түрік жігітін көрдім. Ол:
-Тараз қаласының қасындағы Ровное ауылынанмын, - деді.
Асханада жүргендер де қазақстандық түріктер.
Қаржының кірісі мен шығысында шетіндеу бір жағдай болса дереу қабақ түйіп шыға келетін Үкімет, елге келген һәм кеткен адамдардың есебіндегі осындай көңіл алаңдатарлық цифрларға да іштері ашу керек қой.
Ал біздікілерге "Бағдатта бәрі тыныш" дегендей, бәрі баяғыдай, бәрі бай-мырзаның алтын таяғындай көрінетін сияқты...

Көсемәлі Сәттібайұлы

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 6244    Пікірлер: 0

жексенбі, 25.07.2021, 17:11

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    9 Сәуір, 17:01
    ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ – ХАОС
    23 Ақпан, 09:09
    Біз кімбіз, сонда?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30