Тіл - тас жарады...

Бүйте берсе, тұтас елді мекендер қаңырап қалуы мүмкін

  • Бүйте берсе, тұтас елді мекендер қаңырап қалуы мүмкін

    Бүйте берсе, тұтас елді мекендер қаңырап қалуы мүмкін

Болып жатқан құбылыстарды жаратпауың не жақ болуың мүмкін, бірақ мүлдем көзге ілмеу мүмкін де, дұрыс та емес деп ойлаймын. Сондықтан да бізге ұнасын, ұнамасын қазіргі күннің елеулі тыныс-тірлігі &ndash праймеризге қатысты ой-пікірлеріммен бөлісіп отыруды жөн көрдім. Замандастарымыз, әдетте, үміткердің өзіне, жеке басына көбірек үңіліп, бағдарламасына жете көңіл бөлмей жатады. Мен керсінше, ең бастысы &ndash бағдарламасы деп ойлаймын. Жүзеге асса, әрине. Кеше «Nur Otan» партиясының Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын бір шолып шықтым. Неге Ақжайық ауданы? Өйткені, бір жағынан әліпби бойынша бірінші тұр, екіншіден &ndash өзіме етене жақын туған ауданым.
Бағдарламада: «Партия барлығына ашық! Біз Сіздің сындарлы ұсыныстарыңызды қолдауға дайынбыз және өзара тиімді ынтымақтастыққа үміттенеміз. Біз Сіздің сеніміңізді бағалаймыз және бірге жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенімдіміз» деп жазып қойыпты. Осы сөзіне сеніп, айтарым мынау:
1. Аудан әкімінің сөзіне сай, «Ақжайық ауданы географиялық жағынан
Жайық өзенінің екі жақ бетін теңдей алып жатыр. Ауданға қарасы 18 ауылдық округтің 7-уі (17 елді мекен) сол жақ бетінде орналасқан. Ондағы халық саны 10 мыңнан сәл асады немесе аудан тұрғындарының 25 пайызын құрайды. Бүгінде тек Жайық өзенінің оң жақ бетінде ғана тас жол бар. Сол жақ бетіндегі тұрғындар тас жолға төте бару үшін Жайық өзенінен қол паром арқылы өтуде». Иә, жылдың қолайсыз, жауын-шашынды кездері ауданның 7 округының тұрғындары - осы пароммен өту, жарқабақтан көтеріліп-түсу, сондай-ақ тоғай ішімен Жайықтың Самар жақ бетіндегі асфальт жолға жетуде үлкен қиындық көріп келеді. Мен партияның аудандық филиалының бағдарламасына осы мәселелерді шешуді - елді мекеннен Жайықтың ар жақ бетіндегі асфальт жолға, жылдың кез келген мезгілінде, еркін де қауіпсіз жетуін мүмкін қылуды енгізуді сұраймын.
2. Малмен күн көріп отырған аудан халқы үшін өте-мөте маңызды мәселе &ndash мал суаты. Ешкімге алақан жаймай, өз күнін өзі көріп, тіпті жұртты сапалы, табиғи мал өнімдерімен қамтамасыз етсем, - дейтін еңбекқор жерлестерімізді малға су тауып беру мәселесінің жылдан-жылға ушығып бара жатқаны қатты алаңдатады. Қазір біраз жанға мал санын арттыру түгілі, бар малға су тауып берудің өзі мұң болып барады. Өйткені, Жайықтың суының тартылуынан ба, әлде Қарашығанақ кен орнының әсері ме, әйтеуір, малға суат болып жүрген табиғи су көздері (шағын өзен, көлшіктер) жоғалып, кеуіп, бар құдықтар суалып не ащып кетуде. Совет үкіметі кезінде жерді бұрғылап барып, динамит салып жарып, жасанды су көздерін жасап жүрді. Осы ауызекі тілде «кубрик» («кубик») деп аталған жасанды су қоймалары мал суаты мәселесін белгілі бір дәрежеде шешетін. Қазір бұл амал-әдіс мәселенің шешімі бола ала ма, жоқ па, білмеймін. Бәлки, құдықтарды әлі де тереңірек қазу керек пе, әлде ащы суды мал іше алатындай деңгейге дейін тұщытудың заманауи амалдарын қарастыру керек пе, білікті мамандар бар ғой, солардан сұрау керек. Қалай болғанда да, мал суаты мәселесін шешпесе, малмен бірге адамдардан да айрылып қаламыз. Тап осы судың тапшылығынан атамекен, ата кәсібін тастап көшіп жатқандар көбейіп келеді. Бүйте берсе, тұтас елді мекендер қаңырап қалуы мүмкін. Бұл - көз алдымызда өтіп жатқан өте үлкен трагедия. Ата-бабамыз малды алға салып «мал-жан» деп бекерден-бекер қосақтап сөйлемеген. Малдың мәселесін шешу &ndash адамның мәселесін шешу. Осы мәселе, оның шешу жолдары мен нақты мерзімі бағдарламада көрініс тапса екен деймін.
3. Малға қатысты тағы бір қос мәселе &ndash бруцеллез бен мал ұрлығы.
Екеуі де - мал ұстауды тиімсіз қылатын түйткіл. Лобби, сыбайлас жемқорлық араласқан бұл мәселелерді түбегейлі шешу тым қиын да шығар. Бірақ шынайы да шымбайға бататын бұл мәселелердің градусын мейлінше азайту &ndash мүмкін нәрсе деп ойлаймын.
4. Кезінде аудан халқының күнкөріс көзі болған Жайық, қазір тіптен тайыздауы мен балық қорының қатты жұтаңдауына байланысты, бұл рөлінен жылдан жылға айрылып келеді. Жайық бойын жағалай орналасқан ауданның бағдарламасынан Жайықтың (ол аудан деңгейінде шешілмейтін болса да), оның жылдан жылға қартайып-қурап келе жатқан орман қорының, балық қорының мәселелерін шешу талпынысын көргім келеді.
Бағдарламада «Біздің ауданды әрі қарай дамыту бойынша Сіздің пікіріңіз біз үшін өте маңызды!» деген жақсы сөзді көзге түсетіндей қылып бояуын қалыңдатып жазып қойыпты. Сондықтан, осы айтқандарым жерде қалмас, назарға ілінер, нақты іс-қимылға себепші болар, - деген үмітпен ой-ұсыныстарыммен бөлісіп жатырмын.
Осы мәселерді өзекті деп санаған соң, еліміздің бас газеті - «Егемен Қазақстан»-ның біздің облыс бойынша меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлын да тэгтедім. Орынсыз мазалаған болсам, тэгтегенімді алып тастар.
Ел тұтқасын ұстағандардан тиісті реакция, жауап күтемін.

Нұрлан Сәдір
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1906    Пікірлер: 0

жұма, 25.09.2020, 10:09

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31