Қызды алатынымызды білсек те бермей қоятындай, олар да беру үшін дайындық жасаса да бермейтіндей керіліп...
Екі жақта жауға баратындай дайындық жасайды. Барлау жұмысы жүргізіледі, осал жерін іздейді. Құдалықта бір-біріне есе жібермеуге тырысып, екі жақта өздерінің "Тектінің тұқымы" екендіктерін дәлелдейтін айғақтар іздеп, оны басып айтатын сөзуарларды шақырып, салмақты, салиқалы ағайынды жинап, ішкенде жығылмайтын, арақты көтеретін өлерменін тағайындап, арасында кекетіп-мұқатып отыратын пыш-пыш айтатын сумаңдаған келіншектерді қазан-ошақ жақта ұстап, олардың ерні шылп ете түскендерін ұрымтал кезде естірте қойып, "жармаған, жалшымаған" екенін бір рет бұрқ еткізіп, соңынан татуласа қойып, ақыры екі жақта аларын алып, берерін беріп тарайды. Сосын өзді-өзі отырып "қалай қатырғанын" тентек құданы қалай тыныштандырғанын, асау құдашаның қалай аузын жапқанын мақтана айтып, жау кеткендегі шайларын рахаттана ішіп тарайды да, былай шыға ағайын бір-бірін көрместей болып, "менің анадан қай жерім кем еді, төрге оны отырғызбай мені неге шығармады, анаған бөз беріп, маған соңынан сөз беріп, енді осының есігін аттасам..." - десіп жатады. Ағайын алауыз болып тарап жатады мына жақта, ана жақта құда да тыныш, құдағи да тыныш, балдар бақытты...
Сайлаудың да дастарханы жайылып, итке сүйек тасталып, май асайтыны да, кеміретіні де, шәуілдейтіні де, үретіні де, күлетіні де дайын екенін көрсетіп жатыр. Жаңа партиялар табылып, олардың аты да, заты да тойда кигізетін қазақы шапан сияқты әр түрлі, тойдан шыққан соң қайтадан шапанды сыпырып тастағанда өзгелерден аумай қалатын кәстөм-шалбармен қалатынын білсек те білмеген болып, сәттілік тілеп...
Дәстүр жоғалмайды негізі, түрленеді...
Асқар Наймантаев
Фейсбуктегі парақшасынан