Елдің есінде сөлкебай емес, салмақты сөз, арзу-арман, аманат қаларын неге сезінбейді екен?

13 желтоқсан 2021, 23:34

Сыйлық - аңсап, армандап жеткен кезде, сыйлық берушінің беделі зор, репутациясы таза болған кезде ғана қадірлі. Сыйлыққа адам екі себептен ұмтылады: ол не аса үлкен абырой биігі болғанда, не қомақты қаржы жүлдесі болғанда. Иә, әлемнің ең даңқты сыйлықтарында екеуі тең шығып жатады. Атағы биік, қаражаты қалың...
Осы күні біздің билік сыйлық атаулыны ит жұлған терідей етті. Мемсыйлық та, жыл сайынғы сансыз саладағы сапырылысқан жүлде де тым көп. Еренсіз көп. Көбік мақтан, көлгір сөз, күшеншек мадақтан құлақ тұнып, көз шығатын халге баяғыда жеттік. Ерінбегеннің бәрі сынап болды. Арасында рас, шын талант, лайық азамат та алып жатады. Бірақ шуылдақ нөпір ішінде оның алғанынан алмағаны жөн бе еді деп те қаласың...
"Нобельдегі сөз" деген бар. Дүниенің озған баласы Ослоның төрінде тебіреніп сөз қозғайды. Өз аяғы жетпесе өкілі арқылы үшбу-хатпен сәлем етеді Сахаровша.
Осы демалыста "Новая газета" басшысы Дмитрий Муратов Нобельді алып тұрып түйдектеп айтқан: "...Әлем неге демократияны сүймей кетті? Дүние диктатураға тартыла бастады. Прогресске технологиямен және күштеумен жетуге болады деген иллюзия пайда болды... Біз - тиранияның антидотымыз!" деген ойлары көңілімнен шықты.
Астананың төрінде сыйлық бергендер мен алғандар әр марапаттың рухани жүгі барын, елдің есінде, ұрпақтың санасында сөлкебай емес, салмақты сөз, арзу-арман, аманат қаларын неге сезінбейді екен? Осы күнге дейін "мемсыйлық алғанда пәленшекеңнің айтқан мына ойы қандай ғажап еді" дейтін бір мысал кездестірмедім. Бәрінікі - "бәйге атындай аңқылдап" бас шұлғудан аспай жатады...

Қасым Аманжол

Фейсбуктегі парақшасынан