ЕРДІҢ ЖЕРГЕ ҚАРАҒАНЫНАН ҚОРҚАМ...
Ердің жерге қарағанынан қорқам...
Бұл жерде Жер мәселесін айтпаймын, әңгіме тура мағынасында еркектердің еңкіш тартып бара жатқаны жайлы... Кейінгі кезде көп байқадым, жасы да бар, жасамысы да бар тура бір жерден алтын тауып алардай шұқшиып, көзін жоғары көтере алмай бара жатады. Ұзап кеткенше сырттарынан қарап тұрам, ондағым - бәлкім, басын жоғары көтеріп қалатын шығар деген үміт қой. Өкінішке қарай, орда бұзар жастан асып, қырықтың қамалына аяқ басқан тепсе темір үзетін жігіттердің көбінің еңселері езіліп тұрғаны сезіледі. Тіпті кесімді шешім де айта алмай, кібіртіктеп қалады... Осы нәрсе менің жаныма батып, арқамды аяздай қариды. Сосын оңашада отырып, осының себебін іздеймін.
Тұрмыс шығар жеп қойған, былай тартса, былай жетпейді, қу дүние-ай... дейін десем, көбінің астарында мәшіне, қолдарында I Phone... Бірақ соның өзінде оларды ақтағым келіп, "ее, қайбір жетісіп, байлығы қалтасын тесіп бара жатқан соң алды дейсің, несиеге алды да. Енді соның өтеуі үшін бар тапқанын құйып жүр, сол шығар еңсені езіп бара жатқан деймін.
Дұрыс па? Сонда бәріне кінәлі тек сол кредит па?
Әлде, еркек кіндік атаулының бойынан рух қашты ма? Қайда қашты? Неге кеуделерін керіп, маңдайларын Күнге сүйдіріп, қасқайып жүрмейді? Неге бір отбасына еге бола алмайды көбі? Әлде, тендер қуып, дүние мен нәпсінің жетегінде кетті ме өздері де байқамай? Болмаса, айнала толған сұлуларға арбалып, әйелі мен балаларының алдында жүзі төмен бе?
Неге ерлеріміз жасына жетпей, еңкіш тартып, жерге қарап жүреді? Осының себебін білесіздер ме? Мен олардың ондай жүзін көргім келмейді.
Мен жап-жас жігіттердің тіпті бір сәтке болсын еңкейіп, қызына сақина салғанын да құп көрмеймін. Ата-анаң барып, құдалық жөнімен сырғасын салсын, кәделеп ал, сүйгеніңді солай дәлелде. Бірақ оның алдында тізе бүккенің жарамайды.
(Хайп қуғандардың көбінің бақыты ұзаққа созылмайтынын да байқадық)
Ер жігітке тек елінің байрағын сүю үшін ғана еңкейгені жарасады.
Анасының алдында еңкейсін, жарасады.
Бірақ басқа кезде, қасқайып тік жүріңіздерші!
Ердің еңкейгені - елдің еңсесінің езілгенін білдіреді...
Өтінем, езілмеңіздерші!
Менің азаматы асқақ елде өмір сүргім келеді!
Mариям Абсаттар
Фейсбуктегі парақшасынан