Жау келсе “Отырардың қақпасын ашатын Қарашоқылар” солар болады...

18 ақпан 2022, 12:22

Ресей өз әскерін әкетемін дегені жалған болып шықты. 5 мың әскерін әкеткені белгілі болды, ал 145 мың әскер Украина маңында қалды. Одан бөлек ғарыштық түсірілімдер 30 мыңға жуық әскердің келе жатқанын көрсетуде.
Украина қоршауда қалды. Шығысында Ресей мен сепаратистер қолындағы Донбасс, батысында Ресейдің қолдауымен өмір сүріп келе жатқан сепаратистік Приднестровье, солтүстігінде Беларусь, ал оңтүстігі оккупациядағы Қырым мен Қара теңіздегі Ресей флоты. Осылайша Украина отарлаушылардың қоршауында қалды.
Бүгін Донбасста содырлар Украина сарбаздарына соққы жасады. Артиллериялық соққыдан өлгендер жоқ болса да, балабақшалар мен мектептер зардап шекті.
Қазіргі жағдайға қарап, Ресей басып кіруге себеп іздеп жатқанын түсінуге болады. Күні кеше Ресей СІМ “Донбасста украин сарбаздары өлтірген оншақты адамның қорымын таптық” деп мәлімдеді. Әрине күлкілі, бірақ осылайша өз халқын зомбижәшік арқылы сендіріп жатыр. Ресей халқы тұрмақ ондай жалған ақпаратқа біздің арамызда да сеніп жүргендер бар. Басып кіруге түрлі себеп табуы мүмкін: Донбассты атқылап жатыр деп жалған ақпарат тарату, Ресей аумағында террорлық акт жасау арқылы оны Украинаға жабу (Шешенстан сценарий 90-жалдардағы), Украина жеріндегі Ресей елшілігіне Украинаның қатысы жоқ шабуылдың болуы, оны Киевке жаба салу және т.б.
Ертең Лукашенко Ресейге барады. Әрине басты тақырып Украина болмақ. Қытайда да олимпиада аяқталуға жақын…
ПыСы: Осында Ресейдің жаулаушылығын барынша жақтап, өзгенің жерін тартып алудағы агрессиялық саясатын ақтап отыратындар бар. Оларды есте сақтау керек. Себебі жау келсе “Отырардың қақпасын ашатын Қарашоқылар” солар болады.

Асхат Қасенғали

Фейсбуктегі парақшасынан