ЖЕТІМ ӘЛІПБИ, ЖОҒАЛҒАН ЖЫЛ
Былтыр осы латын әліпбиі туралы хабар түсіріп едік. Барлық мамандар шақырылып, кем-кетігін тізіп, жіліктеп тастады. Ашанаға айналған "асхана", ұ мен у... общым, Ерден Қажыбек бұл әліпбиді "жасағандар" қарақалпақ ағайындарға "жиендік" еткенін де жайып салды. Ең қызығы, сол ұры автор - жоқ, аталмайды, ешкім білмейді. Жетілмеген жетім әліпбиге еміле әзірлеп, миллиондар кетіп жатыр. Не керек хабар эфирге кетті, содан ию-қию басталды. Түнімен Бейсекең екеуміздің телефонымызға маза болмады. "Елбасы бекіткен әліпбиде не құның бар дей ма-ау, сауатың жетпесе несіне ол тақырыпқа жолайсың дей ма-ау, ұлттық саясатқа қарсысың дей ме" әйтеуір, хабар қайталаудан да, архивтен да жым-жылас болды. Ұлттық әліпбиді жақсартуға сепші болсақ деген баршамыз, "апам да аң-таң, мен де аң-таңның" кебін кештік. Астанадан жетіп жатқан дүркін-дүркін хабарды естігенде "Апыр-ай, 37 жыл болмағаны қандай жақсы, қазіргілер атқызбайды, өздері ата салады екен" дедік күлімдеп. Сол латын жақпады, одан бір хабардағы ресейлік саясат туралы пікір жақпады, әлгі жақ аласұрды. Одан бір жиында пақырларыңыздың саяси ұстанымы талқыланады ғой, сөйтсе, бір құрметтеп жүрген ініміз осы тақырыптарды қозғап, "Ол кісі оппозиционер, абайлау керек" деп тықақтап қоймайды дейді. Бір танысымыз "Ау, шетелде Қажыгелдинмен құшақтасып түскен суретін көрмедім, Әбіләзіптің айтағына үргенін байқамадым, бет-албатты лақпасаңшы" - десе әлгі жігіт үлкен басшылар алдында шабаланып қоймайды дейді. Енді бүгін Қ.Тоқаев "әліпбиді жетілдіріңдер, шикі" депті, жаппай у-шу. Әлгі маған ұрсатындар да "Елбасы бекіткеннен" айнып, мен жаққа шығып, "оппозиционер" болып алыпты. Мейлі ғой, Б. Алдамжаров Чеховтың "Хамелеонын" "Құбыл" деп аударған екен, қу құлқын үшін құбылып күн кешкен ініде айып жоқ. Тек ұлт болып жабылып, тізгінді қатты тартатын кезде тайғанап, бір жыл жоғалттық. Ал, әліпбиге келер болсақ баяғы пікірім: Ахаңның емлесіне сай жасалған 1926 жылғы әліпбиді сәл жетілдіріп, бір-екі таңбасын түзеп қабылдай салуы керек, сонда жыл сайын "емле жетілдіреміз" деп бюджет еміп отырғандардың дымы құриды.
Serik Abikenuly
Фейсбуктегі парақшасынан