Тіл - тас жарады...

Қамкөңіл адамдардың үстінен бұлай пайда тапқысы келгендер – иттен туғандар шығар

  • Қамкөңіл адамдардың үстінен бұлай пайда тапқысы келгендер – иттен туғандар шығар

    Қамкөңіл адамдардың үстінен бұлай пайда тапқысы келгендер – иттен туғандар шығар

БІР ҚАЗАҚ БАР, бүгінгі мылтықсыз майданның құрбандары күн сайын көбейгенін біліп тұрып, бір отбасының бірден екі, тіпті үш адамы өмірден өтіп жатқанын естіп-көріп отырып осының есебінен баюды, екі асап қалуды көксейтін. Жас-кәрі деп таңдамай жан-жағын жалмап жатқан індеттің құрығына өз түспесе, айналасы аман болса, Аллаға шүкірлік етіп, төңірегіне мейіріммен қарауға болмас па еді. Мейірім деген – біреуге үйіп-төгіп бірдеңе сатып алып беру немесе оңды-солды дүние тарату емес, ізгілік пен адамгершілік. «Қайғыға қаны тасымастың байғұсқа жаны ашымас» деген, БИЛІК қарапайым қазақтың тілін, жанын, көңіл күйін түсінуге бейіл емес. Дәл бүгін билік үшін адамның адалдығы, адамгершілігі, ұлтшылдығы мүлде қажетсіз. Билікке, билік илеген қоғамға айтқанына көнер, айдауына жүрер – көнгіш, ергіш, мүлгігіш, ыңғайлы да қолайлы, жағымпаздықтың жарапазанын айтқыш құлмінезділер ғана керек. Қоймасы жарылып өрт шалса да, су басып үйі құласа да өзінше тырбанған қара халқынан алшақтап кеткен билік жайлы айтарға сөз жоқ. 

Билік басындағылар туралы сөз қозғамай-ақ қоялық, «кісідегінің кілті – аспанда» деген, дәріханашылар жайлы да жақ ашпайық, күнкөрісін жеке көлігімен тауып жүрген қарапайым жүргізушілерден, яғни әр адам өзімізден бастайықшы... 500 теңгеге баратын жерге 1000 теңге сұрайтындардың көбейгені рас қой. Алдын ала жазылып, компьютер томографиясынан өту үшін кезегін күтіп отырғандардың үстінен ақша жасап қалғысы келетін қуаяқтар да пайда болыпты. Арам жолмен қазақтың үстінен пайда тапқысы келетін қазақ қайдан шыққан? Мұндай арампиғылды пысықай болуды мейірімді, иманды, көңілге қарауды білетін біздің ұлттың баласы қай кезде, қай жерде жүріп үйренген? Ұрымтал сәттен көлденең табыс табуды қашан кәсіпке айналдырған? Аз қазағыңды баудай қырқып жатқан індеттен өзіңнің сау, төңірегіңнің түгел жүргендігі үшін ғана шүкір етсең болмас па... Ауырып тұрған жандардың, айдың-күннің аманында бұл індетке бір емес, бірнеше жақынын берген қамкөңіл адамдардың үстінен бұлай пайда тапқысы келгендер – іннен шығып, иттен туғандар шығар, сірә. Тәртіп пен ұят қалмаған ұлттан намыс та алшақтайтын сияқты. Намысымыз қалса, сүрінгенге сүйеу болып, жығылғанды жұдырықтамас едік қой. «Ел алдында жүрсіз, сізді тыңдайды ғой, айтыңызшы», – дейді маған іргедегі көршімнен бастап, ауылдағы ағайынға дейін. Тырбанып күнін көріп жатқан қарапайым қазақ менен үміт күтетініне осындайда ұялып қалам. Өйткені кімге не деп айтарымды да білмеймін. Қалжыраған халқының қажымас серігі боларлық, жөн сілтеп, иек қағарлық ақсақал таппағандықтан да кеудемнен өксік кетпейді. Көзі ашық адамның бәрі желіде отыр, айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ керең қоғам, жемқор жүйе, енжар билік... Селт етпейтін меңіреу мекен, мешел медицина, ойсыз адам. Дендеп алған, сіңіп барады.
БІР ҚАЗАҚТАР БАР, елі үшін шырылдап жүргендер! Бізде «құлағанды ұрғызғанды емес, тұрғызғанды қадірле» деген сөз бар. Қай дәуірде де қазақтың қыздары мықты болған бүгін де қазақтың Айнұры екінің бірі бара бермейтін тәуекелге барып жатыр. Қайрат Жолдыбай бауырымыздың бастамасы да осыған дәлел. Дертіне шипа іздеп сансыраған еліне демеу болып, қайырымдылықпен айналысып жатқан осындай адамдардың шамаң келгенше бір жағына шығысуды жөн санайсың, тіпті міндет-парыздай қабылдайсың!
БІР АДАМ БАР, айталық, ол – әлдебір жекеменшік медорталықтың қожайыны. Дәл қазіргі кезеңде қожайын ретінде күні-түні демалыссыз жұмыс істегенімен, рентгенге, компьютер томографиясына түсіру арзан ба, кез келген адам түсе ала ма, халқыңа, отандасыңа жағдай жасадың ба? Ол – ол ма, Арал қаласында әлі күнге дейін компьютер томографиясына түсіп өкпені тексертетін құрылғының болмағанын естіп жағамды ұстадым. Арыға кетпей бергі он жылда алып зауыт салмай-ақ қой, адам денсаулығын жақсартуға жағдай жасалынбаса, жасай алмаса, бізге сансыз басшы мен сансыз депутаттың керегі не? Медицинаға бөлінген қыруар қаржы кімнің құлқынына кетті? Әлгі «100 мектеп, 100 ауруханаң» қайда? Ең болмаса, осындай қысылтаяң кезде бағаны қадағалап, бәріне қолжетімді қызмет түрі көрсетілуін талап еткен атқамінер болды ма?

«Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегенді айтқан қазақ едік... Өзіміз аз-ақ, ауа жетпей тынысы тарылып, қос өкпесі қабынып тұрған қазақпыз. Біреудің сөзін біреу көтере алмай жүйке жұқарған уақытта әрқайсысымыздың қолымыздан ең жоқ дегенде өзгеге жылы сөз айтып, адамгершіліктен аттамау келеді. Ар мен ақылды кір жуытпай сақтайтын адамдық мінезден арылмайықшы. Құдайым, қазағымның пейілін ала көрме!
Қай жеріне жармасса да іріп, ескірген матадай күлдіреп тұрған, тиіп кетсе, іріңі ағатын бітеужарадай болып жемқорлық індеті асқынып шіріген мемлекетінің қай жағынан шығып жақсартарын білмей жатқан Президентке кейде жаным ашиды. Ақыл айтар абыздан гөрі жағымпаз жалпақшешейі көп ортасына адаспауға, батыл қадам жасауға ықпал ете білетін ұлтшыл , саналы азаматтар көптеп жиналуына себеп бола көр деген тілек тілеуден басқа қолдан келер қайран жоқ. Құдай түбінің қайырын берсін! Қазаққа жаны ашитын тек қазақ қана. Аман болайықшы!
Жайлауымды өрт, жұртымды дерт шалмасын!


Турыс Бекжан
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1818    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 13.07.2020, 09:56

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30