Кемпір-шал, бала-шаға, қатын-қалашты қанға бояған жауыздарды қалайша ақтайын?!

21 қазан 2020, 10:24

НЕГЕ ӘЗІРБАЙЖАНДЫ ЖАҚТАЙМЫН?


Қарабақтың қырғыны біздің қазақтың да бір отбасының қабырғасын қайыстырып кеткен еді. 1991 жылы 20-қарашада Қаракенд маңында армян әскерилері тікұшақты атып түсірді. Тікұшақтың ішіндегі 22 адам түгелдей қаза тапты. Ол ешқандай да әскери тікұшақ емес болатын, оны армян тарапы өте жақсы білді. Тікұшақта Әзірбайжан шенеуніктері, Ресей мен Қазақстан бітімгерлік күштері, журналистер болған еді. Басында армян тарапы тікұшақ тұманда тауға соғылып, апатқа ұшырады деді. Ал құтқарушылар оқиға орнына барған сәтте құлаған тікұшақты тонап кеткенін көрді. Тікұшақтан тапаншалар, қаза тапқандардың бағалы бұйымдары қолды болған. Бұл абайсызда болған апат емес, қасақана жасалған шабуыл екені анықталған сәтте, Армения жауапкершіліктен қашып "тікұшақты Әзірбайжан атты" деді, артынша барлық дәлел өзіне қарсы екенін көріп, абайсызда атып алдық деп ақталды. Сол оқиғада Қазақстанның ІІМ орынбасары, полковник Серіков Сайлау қаза тапты. Ол бітімгерлік күші ретінде барып, көз жұмды. Тараптарды татуластыруға барып, туған жеріне табытпен қайтты.
Тура осыған ұқсас оқиға 1994 жылы, 17-наурызда болған еді. Иранның Мәскеудегі елшілік өкілдері отырған ұшақты Қарабақта атып түсіріп, 32 адам қаза тапты. Олар Тегеранға "Наурыз" мейрамын тойлауға бара жатқан болатын. Ұшақта ересектермен бірге 9 бала болған. Армения "ұшақты Әзірбайжан ұшағы екен деп, атып түсірдік" деп ақталды. Қаза тапқандардың құнын төлемеді.
"Неге Әзірбайжанды жақтайсың" деген мессенджердегі сұрақтарға жауап ретінде жазғаным осы. Қысқаша ғана. Отаны үшін отқа түсіп, жерін қайтарып, әділдік туын қолға алған Әзірбайжанды жақтаудың бір себебі де осы. Кеше ғана Гәнжаны атқылап, балаларды шырт ұйқыда жатқан жерінен о дүниеге жіберген, 30 жыл бұрын Ходжалыда кемпір-шал, бала-шаға, қатын-қалашты қызыл қанға бояған жауыздарды қалайша ақтайын?! Кез келген отарлау, оккупацияға қарсымын.

Асхат Қасенғали

Фейсбуктегі парақшасынан