Кез келген еркіндіктің соңы АНАРХИЯ!

15 мамыр 2022, 23:59

Сөз құдыреті һәм сөйлеу мәдениеті деген бар…

 

Осында жұрттың бәрі жабыла бөлісіп жатқан видеодағы қыздың сөзінен сөздің құдыретін ұғудан қалып, сөйлеу мәдениетінен жұрдай болғанымыз көрінді, иә?!

 

2000жж басында Қазақ радиосында қызмет еттім ғой. Күнде эфир, тікелей эфир, бағдарлама жасау, шауып жүретінбіз… кейде эфирге дайындықсыз да шығып кетеміз, ол өзімізге байқалмайды… тіпті тыңдаушы да байқамауы мүмкін, ал кәсіби мамандарды алдай алмайсың…

 

Сондай эфирдің бірі “Сазды сәлемге” шықтым, алғашқы сөзден ақ жаңылдым, бір сөзді екі рет қайталадым ба екен, нақты есімде жоқ (сүрініп, қате сөз айтпадым). Әнге кезек кетті. Студияның ауыр есігін ашып Onerbai Nurlan кіріп келді. Радионың директоры еді, қатты ашуланып тұр екен, маған айғай салды, эфирді неге ойыншық етесіңдер деп…

 

Көңіл-күй де жоқ, дауыс та бұзылды, бірдеңе ғып эфирді өткіздім… ол кісіге өлердей ренжідім… Эмоцияның адамы ғой, ол кісінікі дұрыс болмады, эфирден кейін де айтса болар еді, деп ойладым.

 

Бірақ, дәл сол сабақты маған ешкім берген емес! Ол кісі маған эфир мәдениетін ғана емес, сөз қадірі мен сөйлеу мәдениетін үйретті!

 

Қазір эфир атаулы еркін… теле эфир, радио эфир, әлеуметтік желідегі эфир…

 

Еркіндігі соншалық аузына не келсе соны айтады. Соңы қайда жеткенін көріп отырмыз.

 

Кез келген еркіндіктің соңы АНАРХИЯ!

 

Еркіндік деген керемет, әсіресе эфирдегі еркіндікке не жетсін, алайда еркінмін деп эфир мәдениетін ұмытпау керек!

 

Эфир этикасы мен мен мәдениетін әр адам сақтауға міндетті! Ол жазылмаған заң! Тек, Президенттен бастап, бәріне жүретіні болмаса…

 

Қазіргі комерциялық радио эфирлерін тыңдай алмаймын. Өйткені Нұрлан аға секілді мен де журналистің дайындық деңгейін сөз саптауынан, тіпті дауысынан-ақ сезіп отырам.

 

ЭФирге шыққанда сценарийге қатып қалу міндетті емес, адамда ішкі дайындық жоғары болуы тиіс. Сөз ізде, тіркес ізде, көкейге түй, ақпарат ізде, тіпті сол күнгі эфирге образ ізде… дауысты бапта, ән айт, дауысты аш…

 

Қазіргі подкасттарды, YouTube сұхбаттарды да тыңдау қиын. Бәрі еркіндікке ұмтылған жандар, тек олардың барлығы аудиторияға жұмыс істеп отырғанын, аудитория оның досы, кластасы, құрбысы емес екенін ұмытып, әзілдеймін деп дарақыланып кетеді, мысал келтіремін деп дөрекі сөйлеп жатады…

 

Кейбір әріптестер ренжімесін, алайда эфирде екі ауыз сөздің мәнін ұқпай сөйлеп отыратын жандар ораторлық курс өткізіп жатады. Сондайда, жаным сенің өзіңе сөйлеу мәдениетін үйрету керек қой, дегің келеді…

 

Мейлі қандай эфирге шығатын жан болсын сөз құдыретін, сөйлеу мәдениетін, эфир этикасы мен мәдениетін білсе ғой… Мүмкін үйрету керек шығар, қалай ойлайсыздар?

 

 

Риза Тұрдақынқызы

Фейсбуктегі парақшасынан