Қытай тыныш жатқан қазақтың "құйрығын" бекер басты...
ОСПАН БАТЫР ТУРАЛЫ БІР АУЫЗ СӨЗ
Қытай билігі Оспанды аттым, қазақты бағындырдым деп ойлады.
Жоқ, қателесті! Оңбай қателесті!!!
Қытай үшін Шыңжаңдағы қазақты және басқа байырғы ұлттарды құртудың жолы -- ату, шабу емес, баяшат тұрмысқа кенелтіп, қол-аяғын жылы суға малып қою, әндету, жырлату, билету еді...
Дэн Сяопин стратегиясы соған қарай ақырындап алып келе жатқан болатын.
Мен кейде "Қайта, қазақты Құдай сол бәледен сақтап қалған жоқ па?!" деп те ойлап қалам.
Уақыт көрсеткендей, қазір қазақтың ұйқысы ашылды. Санасы оянды. Қазақстан, Отан дегеннің қадыр-қасиетін әбден сезінді, түсінді, білді.
Керісінше, коммунистік Қытай билігінің өз басына қара бұлт үйіріліп тұр. Бұл -- бір.
Екіншіден, тәуелсіз мемлекеті бар ұлтқа тиісу -- барып тұрған ақымақтық. Және қайталап айтайын, Қытай тыныш жатқан қазақтың "құйрығын" бекер басты...
Оспан тағдыры бізге үлкен сабақ болуы керек еді.
Жасыратыны жоқ, кезінде Оспан батырды қаралаған, жалалаған қазақтар аз болмаған. Әзір олардың ұрпақтары не күйде екенін бір Құдайдың өзі біледі.
Өкінішке орай, әлемдік деңгейдегі батыр бабамызды өз деңгейінде ұлықтай алмай келеміз. Нәзір-құзыр, той-төкіннің деңгейінен арыға бара алмай келеміз. Көшіп келушілер мен қоныс аударушыларды қоныстандыру мақсатындағы Үкімет айқындаған өңірлердің бірінен "Оспан батыр ауылын" ашуымыз, ескерткішін сонда тұрғызуымыз және қандастарымызды сол ауылға қоныстандыруымыз керек еді. Сөйтіп, ата даңқына сүйеніп, алыста жүрген ағайынды Атажұртқа тартуымыз керек еді...
Ғасырда бір туатын мұндай тарихи тұлғалар туралы шаралар өткізгенде, мақсат биік, көзқарас кең, қол жомарт болу керек!
Алла қаласа, алдағы уақытта бұл арман да іске асып қалар.
Бүгін ардақты атамыздың зұлым Қытай билігі қолынан шаһит болған күн екен.
Иманды болсын жарықтық.
Алла, жатқан жерін жайлы, ел-жұртын өр рухты ете гөр!
Ауыт МҰҚИБЕК
29.04.2020
Фейсбуктегі парақшасынан