Тіл - тас жарады...

Қызын ұзатам деп кредитке байланып, қара су ішіп отырған талай отбасы бар...

  • Қызын ұзатам деп кредитке байланып, қара су ішіп отырған талай отбасы бар...

    Қызын ұзатам деп кредитке байланып, қара су ішіп отырған талай отбасы бар...

Қазақ ет асқанда жалғыз жегенді жаратпайды ғой. Демалыс күндері жақында жаңадан отау құрған достарым етке (бес бармақ емес) шақырды. Еттен де дәмді достардың әдемі әңгімесі ғой. Бас тақырып – той. Тәжірибе жинай берейін деп екеуін сұрақтың астына алдым. Сөздің негізгі ауаны «Тойды қалай өткізу керек?» дегенге жеткенде сол екі досымның қызықшылығы ғана емес, өзіміз өткізуге атсалысқан талай туған-туыс, таныстардың тойы талқыланып кетті. Қос жұп басында той жасамай-ақ, шығындалмай-ақ қоюға келісіпті. Бірақ ата-аналары көнбепті.

– Мен үйдегілерге ойымды айтқанда «қуа берме» деп кесіп айтты ғой. Содан кірістік. Үйді жөндеудің өзіне 2 миллион кетті. Қалыңмал, ана мен әке ақысы, қыздың бауырларына берілетін сыйлар, құдаларға тарту-таралғылар, киіттер, тойхананың орны дегендерге құдай біледі 3 миллион кетіп қалды-ау. Мен әлі үйдегі құдалықтың дастарханын, оны жайған жалдамалы адамдардың ақысын, той көйлектерінің ақшасын, сән салонына, тойда көрсетілген видеоның монтажына, оның түсірілуіне жұмсалған қаражатты қосқам жоқ, – деді жігіт.

Үйдің кенжесі болғандықтан алдымдағылардың үй болғанын көріп өстім. Сол себепті аса таңғалғам жоқ, тек ақша құнсызданғаннан ба, бұрынғыдан әлдеқайда көп кететіндей көрінді. Бұрынғы бір бастығым әзілқой жан, қиюы келсе қызметкерлерін қалжыңмен қағытып отырады. Өзім сол кісінің адамды жасына емес, қабілетіне қарай бағалайтынын құрметтеймін. Әпкелерімнің көп екенін білген ол бір күні: «Сенің әкең миллионер шығар, иә? Әрбір қызы сен секілді болса, қалыңмалды қырып алады ғой», деген. Бір күліп алдық. Ағайдың да үш қызы бар өйткені. Ішімнен «Бір қыздың дүниесі мен жасауы жігіт берген қалыңмалды он рет болмаса да кемі үш рет орайды ғой», дедім. Бір қызын ұзатам деп бес жылдық кредитке байланған, қос қызын қабат құтты ұясына қондырамын деп қара су ішіп отырған талай отбасы бар.

Енді есептейік, ел қатарлы той өткізуге (ұл мен қыз 50 де 50) 5 миллионнан 10 миллион теңге жұмсалды делік. Бұл – орташа есеп, әлі 1 тортының өзі пәлен миллион тұратын байлардың тойын сөз қылғамыз жоқ. Тойын жұрт аузының суы құрып айтатындай өткізгенімен бірнеше балалы болса да баспанасыз, не айлығының бәрін банкке беріп, қара суға күріш қайнатып ішіп отырған талай жас жанұяларды көріп отырмыз. Шаңырақта күнде айғай. Бәрінде болмаса да біразында бар жайт. Ал 10 миллионға өзге қалалар түгілі астанадан жылы ескі немесе квадраты тар болса да бір бөлмелі үй алуға болады. Есесіне тентіреп жүрмейді.

Әр нәрсе өзінің түпкі ниетінен, мақсатынан тайғанда даңғазалыққа бастайды. Той дегеннің түпкі мақсаты не еді? Көбіміз оны ұмытып та қалдық. «Қуанышты бөліссең көбейеді» деген ой болатын. Қуанышымызды бөлісуге ел-жұртты жинаймыз. Бірақ бәрі қуанып кете ме? «Құдай-ай, мен ертең осылай өткізе аламын ба?» деген уайым арқалап қайта ма?

Тойға барғанды аса ұната қоймаймын, кейде амалсыз төбе көрсетуге тура келеді. Дастархан аузы-мұрнынан шыға толып тұрса да көп тойдан қарным ашып қайтам. Сондайда онсыз да сегіз сағат бойы жұмыста қақиып қимылсыз отырып, бой жазу үшін тойға келген адамға айналып келіп мораль оқи бермей, жаңа сценарий жазып немесе тойдың өткізілу формасын қайтадан жазып шықпай-ақ қойсын, дым таппаса асық атқызып, ләңгі тепкізіп, я арқан тартқызып қойса екен дейсің. Тым болмаса орныңнан бір тұрасың ғой. Көру үшін, не ойнау үшін.

Ең сорақысы, өмірдің мәнін той өткізу деп ұғатындар да бар.
Бұдан да сорақысы, дәл осы той деген жұптардың ажырасуына да себепкер болып жатыр. Жаңадан үйленген жігіт сөзінің соңын: «Бұл бер жағы ғой, менің бір досым біраз жыл көңіл қосып, сөз байласқан сүйіктісімен үйленуге бел байлаған. Ата-аналары екінші рет кездесуде той күнін белгілейтін болыпты. Ақыр аяғында той да, үйлену де жоқ. Екі құдағи бір-біріне айтпағаны қалмай, кикілжіңнің аяғында шаштасып тыныпты», деп аяқтады. Бізге керегі осы ма еді? Шындығында, көңіліңе қонған адамды кездестіру, оған бой үйрету, үлкен қадамға бел байлау дегеннің өзі оңай шаруа емес. Үлкен еңбек. Оған дейін жете алмай жүрген қанша адам бар. Ал оны үлкендер қолдан бұзып отырса, не болдық?... Рухани құлдыраудың түбі осы шығар.
Айтпақшы, мен әлі мейрамханаға машина кіргізетін мерейтойлар, атты алтынмен қаптайтын сүндет тойлар, сәбиін емізген ана иығының астында тіреу болып тұратын бесікті сахнаға шығаратын бесік той мен баласы домбыраны таңдаса да қызықшылығында қара домбыраның үні естілмейтін тұсаукесер тойларына жетпедім... Көп сөз айтуға болар, бірақ бастысы, түпкі мақсатын жоғалтқан тойдың бәрі – жай ғана даңғазалық. Бұл бізге дерт болып тұр. Одан арылу негізі оңай. Бар болғаны біреудің көзқарасымен өмір сүруді доғарсақ жетіп жатыр.

Айдана Шотбайқызы
Фейсбуктегі парақшасынан

 




Көрілген: 1058    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 06.01.2020, 14:02

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30