Медицина саласы қандай күйге түскенін осы бір жаныңды ауыртатын жағдай көрсетіп тұр
ҚЫЛКӨПІР
Мына суретте кезекте тұрған жандар жанын шүберекке түйіп, ертеңгі тағдыры не боларын білмей есеңгіреп тұрған адамдар. Бір үзім өмірдің, үміттің кезегі. Ашығын айтқанда о дүние мен бұ дүниенің арасындағы өткелде кезек күтіп тұр. Бұл Алматыдағы онкология жəне радиология институтының алды. Дəрігер іште, науқастарды күтіп отыр. Жаны да, тəні де безектеген науқастардың жолдамасы да қолдарында. Бірақ, емханаға кіргізбейді. Кіру үшін ковидпен ауырмайды деген анықтамаң болуы керек. Тест тапсырып, ондай анықтама алатын жер де қашық емес. Бірақ, анықтама 19 мың теңге тұрады. Бұл бір. Оның өзін біраз күтесіз. Бұл науқастар сол анықтаманы күтіп, емханаға кіру үшін кезек алып тұр. Бұлар жаз бойы емханаға келе алмады. Өйткені, бүкіл емхана жұмысын тоқтатып, ковидпен ғана күресті. Сол уақытта дəрігерге қолы жетпеген жандар бұлар. Біраз науқас атын атауға жүрегің дауаламайтын дертінің өршіп кеткенін айтып тұр. Енді соңғы үмітін сағалап келіп, беймəлім дүниеге кезекте сарғаяды. Олардың нұры тайған жүзіне қараудың өзі қиын екен. Биыл елімізде медицина саласына миллиардтар бөлінді емес пе? Сол қаржыдан осы науқастардың тест тапсыруына біраз қаражат бөліп, сол 19 мыңды мемлекет мойнына алуына болар ма еді?! Сол қаржыдан бөліп, тест тапсыруды жеделдетуге болар ма еді? Тəні ғана емес, жаны да жаралы мына жандар үшін оның өзі бір дəтке қуат емес пе? Медицина саласы қандай күйге түскенін осы бір жаныңды ауыртатын жағдай жақсы көрсетіп тұрған жоқ па? Айтсаң - сөз өледі, айтпасаң - атасы өледі!
Serik Zhanbolat
Фейсбуктегі парақшасынан