Тіл - тас жарады...

Мемлекеттік тілде сөйлей алатын шенеунік таба алмай қиналып жатқан қазақтардың ұлттық сапасы туралы не айтуға болады?

  • Мемлекеттік тілде сөйлей алатын шенеунік таба алмай қиналып жатқан қазақтардың ұлттық сапасы туралы не айтуға болады?

    Мемлекеттік тілде сөйлей алатын шенеунік таба алмай қиналып жатқан қазақтардың ұлттық сапасы туралы не айтуға болады?

Баяғыда мен мемлекетімізде қазақтардың саны көбейсе көп мәселе өздігінен шешіле қалатынына қатты сенімді едім. Енді бүгін осы ойымның дұрыстығына күмәндана бастадым. Құдайға шүкір, қазір елімізде басқа ұлт өкілдерінің үлесі айтарлықтай азайды. Соңғы 20 жыл ішінде немістер – Германиясына, орыстар – Ресейіне, еврейлер – Израиліне т.б. өз елдеріне кетіп-кетіп қалды. Бірақ қазақ тілінің мәселесі шешілмек түгіл, жылдан-жылға кері кетіп барады. Қайдан тауып алатындарын білмеймін, қандай ресми мекемеге бас сұға қалсаң да, бір-бір папка құшақтаған шүлдірлеген орыс тілді қазақтар қаптап жүреді. Біздер олардың малайы болуға да жарамаймыз. Ештеңеге жаны ашымайтын, ана тіліне қарсы шығып жатқан қазіргі биліктегі орыс тілді қазақтарды көргенде бұрынғы орыстарыңмен жылап көрісе жаздайтын жағдайға келіп қалдық.
Енді азғантай уақыттан кейін егемендігіміздің 30 жылдығын тойлаймыз. Жалпы ширек ғасырға жуық уақыт бойы мемлекеттік тілді үйрене алмаған қазақтарды өз Отанының патриоты емес деген аталы сөздерді былай қойғанда, намысы бар азаматтар деп айтуға бола ма? Басқа ұлттың өкілдері бір-екі ауыз қазақша сөйлесе, төбемізге шығарып, хан көтеріп, қызмет те ұсынып, депутат та қылып, жік-жаппар бола қаламыз. Солардың көбісі қалтасын қампайтып, жағдайын жасап ала салысымен Қазақстаннан тайып тұрады.
Совет заманында қазақтың ұлттық сапасы ауылдан келген қара домалақтардың арқасында көтерілетін. Халқымызды айдай әлемге танытқан мықтылардың бәрі де ауылдан шықты. Тіпті, Президентімізге дейін ауылда тәрбиеленіп, бір елдің Мемлекет басшысы болу құрметін иеленді. Тоталитарлық қоғамның қыспағында жүрсек те, ауыл балаларының арқасында ұлтымыздың сапасы төмендемепті.
Жиырмасыншы ғасыр басында қазақ саны 6 миллионға да жетпейтін. Бірақ А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Шоқай, Ә.Бөкейханов... т.б. толып жатқан қазақ зиялыларының ісіне қарап, ұлт сапасына жаның марқайып, көңілің тояды. Ол уақыттағы қолына қалам ұстағандардың бәрі де жанын беріп ұлт үшін, жер үшін, елдік мүдде үшін айтысты. Бүгінгі «зиялылардың» бір-бірінің дарынсыздығын, алаяқтығын, екіжүзділігін дәлделдеп, қырық пышақ болып қырылысып жатқан тірлігін көргенде, ұлт сапасы туралы ойланудан шошып, бойыңды суық үрей билейді.

Әрине, қазақ санының өскенін екі қолымды көтеріп қолдаймын. Алайда, санымыз көбейгенімен, сапамыз жақсармаса, тілден де, тәуелсіздіктен де бір күнде айырылып, көршіміздегі қаптаған қытайлықтар мен орыстардың құлы болып кетуіміз әбден ықтимал.
Дания мемлекетінде тұратын халық саны бізден үш есе аз. Бірақ осы елден 13 Нобель сыйлығының лауреаты шықты. Швецияда өмір сүріп жатқан халық саны бізден екі есе аз. Ал, осы мемлекеттің 30 азаматының Нобель сыйлығын алғанын біз білеміз бе? Әдебиет саласынан ғана Швецияның 8 азаматы әлемге әйгілі марапатты иеленді. Австрияның халқы бізден екі жарым есе аз. Бірақ осы мемлекеттің 6 азаматы Нобель сыйлығын алды. Норвегия халқы Қазақстаннан үш есе кем болса да бес адам Нобель сыйлығын иеленді. Халқының саны аз болғанына қарамастан ғылымдағы ашқан жаңалықтарымен, мәдениет пен әдебиеттегі жетістіктерімен әлемді таң қалдырып жатқан елдер қаншама. Ал, біз 27 жыл бойы айдай әлемге күлкі болып, өтірік мақтанғаннан басқа не бітірдік? Жиырма жеті жылдан соң жиналыстарын қазақ тілінде өткізуге бел буып, (егер ол шынымен де рас болса) мемлекеттік тілде сөйлей алатын шенеунік таба алмай қиналып жатқан қазақтардың ұлттық сапасы туралы не айтуға болады?

facebook.com парақшасынан 




Көрілген: 1153    Пікірлер: 0

жексенбі, 08.03.2020, 22:18

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30