Неге шамаларыңа қарап бөспейсіңдер?

26 қыркүйек 2022, 13:59

Кей азаматтарымыз шекараны жауып тастау керек деп үндеу тастап жатыр осында. Ұсыныс жасап, белсенділік танытқан дұрыс қой, әрине. Бірақ реалист болған да артық болмас еді.

 

Біріншіден, Қазақстан бүкіл әлемдік қауымдастықтың ажырамас бір бөлігі және сол қауымдастық алдында алған міндеттемелері бар. Соның ішінде әлем ұстанатын құндылықтарды бұзбауы тиіс. Мысалы жер бетіндегі барша адам баласы, ұлтына, нәсіліне, діні мен жынысына және басқасына қарамастан, барар елдің талаптарын орындаса, заңдарын бұзбаса немесе қылмыс жасап іздестіруде болмаса, кез келген мемлекетке емін-еркін баруына шектеу болмауы тиіс. Сол себепті Қазақстан да ондай шектеу қоя алмайды. Ол халықаралық нормаларға қайшы келеді.

 

Екіншіден, жаңағы "дабыра патриоттар" алдымен Ресеймен арадағы 7500 шақырымдық ортақ шекараның әрбір метріне демей-ақ қояйын, тым құрығанда әр километріне бір-бір шекарашы тауып көрсінші. Тек бір ғана Ресеймен шекараны күшпен жабу үшін бізге кемінде 100-110 мың шекарашы керек болады,. Бар ма бізде ондай әскер? 

 

Неге шамаларыңа қарап бөспейсіңдер? Ура патриотизм, жалған ұран кімге керек қазір? Әлемдегі жағдайды былай қойғанда, жақын көршілердің өздерінде не болып жатқанын көріп, байқап отырсыңдар. Не десеңдер де, дабыраға ермей, салмақтап, ақылға салып, ой елегінен өткізіп барып сөйлейтін кез қазір. Ойлап сөйлеу де жауапкершіліктің нышаны, елің алдындағы жауапкершіліктің белгісі.

 

Егерде бәріміз де шынайы патриот екеніміз рас болса, егерде елдің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін ойлау фейсбуктегі атой салған ұранмен, құр даурықпа әңгімемемен өлшенбесе, онда оны көрсетудің басқа түрлері жетерлік. Солардың ең бастысы мемлекет тұрғысынан ойлау, мемлекет мүддесіне зиян келтірмейтіндей әрекет ету. Өткен постта да айттым және қайталап айтам, Қазақстан мұндай адам нөпірімен бұрын-соңды кезіккен емес. Мемлекет мұнымен қалай жұмыс істеу керектігін де білмейді. Тәжірибе жоқ. Сондықтан дәл қазіргі кезде еліміздің әрбір азаматы, мейлі ол жеке тұлға болсын, не мемлекеттік қызметкер болсын, бұл процесті қадағалауға атсалысуы қажет болып тұр. Ол үшін көп нәрсе де керек емес тіпті. Тек жүрген-тұрған жерлеріңде сырттан келгендерге көз қырларыңды салып, заң бұзғандарына немқұрайлы қарамай, тәртіп бұзуға жол бермеу керек. Әлдерің жетпесе немесе тілдеріңді алмаса хұқық қорғау органдарына хабарлауға болады. Немесе пәтеріңді ресей азаматтарына жалға бердің бе, келісім-шарт жаса да, оны азын аулақ салыққа бола жасырмай, тіркеуден өткіз. Болды. Осы тәрізді қарапайым қағидаттарды ұстану арқылы ел тыныштығын сақтауға үлесіңді қосасың, ел іргесі шайқалмайтын болады. Тұтастай ел бір болғанда ғана келімсектер жөнімен келіп, жөнімен жүріп, ертең жөнімен кетеді. Бәріміз таңдай қағып тамсанатын Біріккен Араб Әмірліктерінде жергілікті халық 12% ғана. Соған қарамастан 88% шетелдікті тырп еткізбей уысында ұстап отыр. Әншейінде өзара бақталас 7 әмірлік сырттан келген халыққа келгенде бірдей саясат ұстанады. Қатаң тәртіпке негізделген саясат. Және оны жүзеге асырып отырған жергілікті азаматтар. Шетелдікпен жүз жерден бірлесіп кәсіп істеп, тіпті дос болып кетсе де мемлекеттік мүддеге келгенде көзжұмбайлыққа салынбайды. Сондай дәстүр керек бізге де. Сонда бізді де ешбір жау алмайды.

 

 

Мұхтар Түменбай

Фейсбуктегі парақшасынан