Тіл - тас жарады...

Өздерінің білгені сол ма, әлде біреулердің қолжаулығы болып жүр ме

  • Өздерінің білгені сол ма, әлде біреулердің қолжаулығы болып жүр ме

    Өздерінің білгені сол ма, әлде біреулердің қолжаулығы болып жүр ме

Астарлы емес - Астарсыз ақиқат


Қазақстан халқы ассамблеясы, Ақпарат және қоғамдық келісім, Мәдениет және спорт, Білім және ғылым министрліктерінің жауапты азаматтарына


Әуелі КТК арнасынан көрсетілетін «Астарлы ақиқат» бағдарламасы туралы. Бағдарламаның халқымыздың дәстүр-салтына, ұлттық құндылықтарына жат азғындықты таратып отырғанынан сіздер хабардарсыз. Әрине, қалың елдің арасында бірді-екілі ауруы, есуасы, азғыны болады. Мәселе соны дәріптеп бұқаралық құралдар бетіне алып шығуда болып отыр. Жалғыз мен емес, Қазақстандағы ары бар адамдар осыны, міне, біраз уақыт болды, кімге де болса естілетіндей айтты, жазды.
Қазақ қоғамдық пікірі қашанда жақсылықты көбірек айтуға негізделді, себебі «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады» дейді. Жамандық жылдам тарап кетеді, адам табиғаты солай. Қазақ шежіресі де тарихты жақсы тұлғалар арқылы баяндайды. Бұл ең көне заманнан келе жатқан шығыс тарихшылардың қағидасы. М.-Ж.Көпейұлы Шәкәрім "Шежіресінің" Еуропалық тарихнаманың дәстүріне түсіп, қазақи баяндаудан ауытқып кеткеніне наразылық білдіріп: "қағаз бетін орын алдырып толтырып, жан білмейтін жамандарын жазады. Дадан-Тобықты Қараменді биді жазбайды. Өз заманымызда айдай атын әлем білген Нармамбетті жазбайды. Құнанбай-Бөжей, он бір жыл Құнанбаймен дауласуға жараған Бөжейді жазбайды. Айдай әлемге байлықпен атағы шыққан соқыр Оразбайды жазбайды. Құнанбайдың Ыбырайы /Абайы/ жолбарыс болып шыққанда, қасқыр болып шыққан /шапқан/: Базаралы, Бағаналы, Қарымсақ, Шопан,- бұл төртеуі қайдан шыққанын жазбайды..." деп таусылады /Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. 10 том. Павлодар, 2007.-188-189 бб./. Себебі кез келген сөз қоғамның көңіл күйіне әсер етеді, жақсы сөзді қазақ жарым ырыс дейді. М.-Ж.Көпейұлы 1917 жылғы төңкерісті, оған ілесе келген қанды қол репрессиялар мен жоқшылықты халықтың бұзылған пиғылы туғызды дейді.
«Астарлы ақиқат» бағдарламасы өздерінің білгені сол ма, әлде біреулердің қолжаулығы болып жүр ме, білмеймін, халықтың пиғыл, ниетін бұзып жатыр. Мұның арты, қазір тиым салмасақ, ТВ-ның адами концепциясын жасамасақ, бүкіл халыққа жаманшылық әкеледі. Өткен жылғы дүнген қырғынында 11 адам өлді, ол ауыр оқиғаның ішкі-сыртқы салдары әлі басылған жоқ. Мына «Астарлы ақиқат» хабарлары түсіне білген адамға ол оқиғадан мыңдаған есе ауыр, себебі бұл бағдарлама жүз мыңдаған көрерменнің адамшылығын өлтіріп отыр. Бұл қылмыстың ең сорақасы! ТВ арналарының идеологиясына жауапты адамдар сіздердің көмектеріңізбен жауапқа тартылады деп үміт етеміз. Абай айтқандай «сіздердің қолдарыңызда закон билігі бар».
Әрине, азғындық бір күнде туа салған жоқ! Азғындық кездейсоқ болып қалған да құбылыс емес. Бұл совет кезеңіндегі тексіздендіру саясатының, тәуелсіздік кезеңіндегі қоғамды билеп кеткен ұрлық-қарлықтың жемісі. Тіпті бағдарламаның аты да көзбояушы, бізде астарлы дүние қалған жоқ. Астарлы әдебиет сонау 1930 жылы Бутыркада атылған Жүсіпбек Аймауытовпен аяқталады. Одан кейін жалаң реализм таңылды бізге, қазіргі уақытта өмірдің барлық саласын эклектика мен сайқымазақ жайлап алды. Астарлы болатын болса осыншама азғындықты ТВ қалың елдің алдында жайып салар ма еді.
Үшіншіден, кері кету Түркістан өзбектеріне ғана тән емес, басшысы бар, қосшысы бар, бүкіл қоғамға тән құбылыс. Түркістан өзбектері осы қоғамның саяси-мәдени өмірден тыс қалып отырған шағын бөлігі. Мен 90- шы жылдардың басында Бұқар жырау кітабына дерек іздеп Түркістан-Қарнақты аралаған уақытымда өзбектің арасында бірді-екілі ақсақалдары, дамуллалары бар еді, өнер ұжымдары жұмыс істеп тұрған, көршілер бір-біріне жауап беретін махалла тәртібі болатын. Қарашық театрында, Дильшод ансамблінде совет кезінде ондаған штат болды. Қазір содан не қалды? Этникалық ізгі дәстүрінен, мәдениетінен, оқу-білімнен ажыраған адамнан басқа не күтуге болады ?!
Қазақстанда мемлекет меншігін бөлісу халықтың көпшілік бөлігін кедейлендірді. Қанша еңбекқор, төзімді болғанымен әлеуметтік жіктелу Түркістан өзбектерінде ең ауыр түрде жүрді, себебі ресурстардың көпшілігі әкімшілік қызмет адамдарының қолында қалды. Әрине, өзбектің ішінде диханшылықпен, сауда-саттықпен байыған өте ауқатты адамдары бар, бірақ есіңізде болсын, өте байлықтың жанында өте кедейлік те бірге жүреді. Әуел баста Қазақ хандығы кезінде даланың қазағы мен қаланың сарты бір-бірімен тығыз байланысты еді, бірінің жоғын бірі түгендейтін, қоржынның екі басындай ел болатын. Мына «Астарлы ақиқаттың» жасап отырғаны осы екі өмір салтын ұстанған, ал шындығында түп-тегі бір елдің арасына қағылған сына.
Қорыта айтарым:
-КТК және басқа ТВ арналар өз бағдарламаларын ұлттық мүдде, дәстүрлі әдет-ғұрып, мемлекет ішіндегі этностардың татулығы, мораль тұрғысынан қайта қарасын. Бізге онсыз да отаршылдық езгіден өткен, нарықтан азып-тозып жүрген халықты азғындыққа итермелейтін бағдарламалардың қажеті жоқ;
-Әр ТВ арнасының жанынан қоғамдық пікір лидерлерінің қатысуымен бақылаушы кеңес құрылсын. Қазақстандық ТВ тек хабар таратушы ғана емес, алдымен жақсы азаматтар мен оқиғалардың жаршысы, экономикалық және әлеуметтік өмірде болып жатқан күрделі өзгерістерді халыққа түсіндіретін кеңесші, аумалы-төкпелі жағдайда, жат ағымдар мен түсініктердің шабуылы астында өмір сүріп жатқан елдің рухының сүйеніші болуы керек;
-Қандай да болсын мемлекеттің ең басты байлығы ішкі татулық. Өз ішінде бірлігі бар елдің жеңбейтін жауы жоқ. Біздің ТВ қазақша айтқанда «ала қойды бөле қырықпасын», халықтың арасына жік салмасын. Қазақстанда тұратын этникалық топтардың көпшілігі бізбен бірге талай қиыншылықтан өтті, қазақ жерін өзімнің кіндік қаным тамған жер деп қадір тұтады. Қазақ этносының болашақ тағдыры түркі тілді халықтарға, әсіресе өзбекпен қарым-қатынасына байланған. Қазақ та осы мемлекетке жауапты аға этнос болғандықтан өзінің қоңсыларына, іні этностарға қамқор болуға міндетті.
*Былтырғы жылы қазақ-дүнген қақтығысынан кейін, этносаралық шиеленістердің алдын алу туралы ұсыныстарымның біразы қабылданды, мына жағдайға байланысты айтқандарым да жауапты азаматтарға жетеді деп сенемін.


Проф. Ж.О.Артықбаев

Жамбыл Артықбаев

Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 2869    Пікірлер: 0

сенбі, 13.02.2021, 00:14

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    23 Ақпан, 09:09
    Біз кімбіз, сонда?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28