Пікірге емес, адамның жеке басына сын айтып, лағып кетуді қашан қоямыз?

29 қазан 2020, 10:09

Біздің қоғам қызық. Өте қызық. Егер сен биліктің жақсы тұсын айтсаң - нұрботсың, билікті жамандасаң - оппозициясың. "Жұма қабыл болсын" десең - діншілсің, діни тұжырымдарды талқыға салсаң - атеистсің. Біреуді мақтасаң - жағымпазсың.
Жалпы біздің елде барынша абай болу керек. Пікір жазсаң да, лайк қойсаң да. Ұнайтын постқа лайк қойсаң, бірақ пост авторы қоғамға ұнамайтын адам болса, онда сен автоматты түрде оның досы, әріптесі, танысы атануың мүмкін. "Пост ұнаған шығар" деген тема өтпейді біздің қоғамға. Көбінесе біржақты қарайды.
Ең жаманы қоғамға ұнау үшін ғана сөз сөйлеу, пікір айту, пост жазу. Соның көңілінен шығу үшін барыңды салу. Осының өзі біз бен сіз аңсайтын демократиялық құндылықтарға қарсы ғой. Әр адамның өз пікірі, ойы, түрлі мәселеге көзқарасы болуы керек дегенді екінші планға тастай беріп, қалайша плюрализмді талап етеміз?!
Адамның ойы, көзқарасын сыйлау деген жоқ па? Пікірге емес, адамның жеке басына сын айтып, лағып кетуді қашан қоямыз? Сайлау келе жатыр. Қазір партия өкілдері бір-бірін сынай бастайды, соның 80% жеке басқа тиісуден тұрады. Біз расымен демократияны қалайтын елміз ба?)