Уа, ел, уа, әлеумет! Тойыңды өзгерт, ойыңды өзгерт!
Атам қазақ үйге түскен жаңа келінін төрге шығарып, өрге өрлетіп, ал өзі босағада отырмаған. Төрге құда-құдағиларды отырғызған, солар озған.
Ал қазіргі тойларға қарасаңыз әуелі беташар жасап, келіннің бетін ашады да артынша баласы мен жаңа түскен келінін сонау төрдегі тіпті жоғарыдағы орынға отырғызады. Ал ата мен ене босағада тұрады. Әрі сол тойда ене мен ата қызмет етіп, келін асқақтап төрде аспанда тұрады. Сөз сөйлегендер аспанға қарап сөйлейді. Бұл не сұмдық? Бұл қандай өнер? Ол аз болғандай келіннің қызжолдасын да қасына отырғызады. Мұның бәрі христианнан қалған, орыстан енген нәрселер, батыстан жеткен желікпелер. Бүгін келе сала "төр менікі" деген келін күн ертең ерте кетпесіне кім кепіл. Мұны келе сала басына шығару дейді. Бүгін шымылдықтан шыға сала ата-енесінен, ата-анасынан қала берді елден озып, беттен алып, төрге шығады турасын айтқанда басыңа шығады. Онсыз да үйленер алдында болашақ жары иіліп, тізе бүгіп сәждеге жығылардай, жылармандай болып қолына жүзік тағатын жаман әдетті тағы шығарған. Тәйт әрі, бүгін үйленбей жатып алдында жығылған ерге ертең не істетпейді ондай ер қалай ел қорғайды? Сол келіннің жетегінде кетпей ме, балаққа ілінген шылаудай болып. Ол аздай сол келінге келмей жатып, төрге шығарып алдына орыстың арағын қоясың, Сонда өмірі бетіңе қарап көрмеген сорлы балаң жаңа келінің екеуі сол араққа сылқия тойып, көз алдында ербеңдеп билейді ай келіп. Әй, қазақ! Мұндай сұмдық қай атаңнан қалып еді, соның кесірінен енді сенің күнің не болды? Келінің төбеңде ойнақтап, немереңе зар болған күнің туған жоқ па?! Орыстың, кәпірдің арағын қойып, қасиетті атам қазақтың дастарханын былғама, бұл, дастарханнан аттағаннан да жаман қылық. Оның орнына қымызыңды қой, шұбатыңды сапыр. Сапырып, сапырып құдаңа бер, сапырып, сапырып құдағиыңа бер. Өзің іш, өзің іш те сарқытыңды қалдырып, сәлем салдырып, келініңе ел алдында ішкіш.Өзің де қолыңды жайып ақ батаңды бер. Ата-анасы, жиылған жұрт "әумин" десін.
Тіпті қазақта "келіншай" деген бар. Сол тойда етек жеңін жиып әлгі келін, зыр жүгіріп, құрақ ұшып, елпілдеп, желпілдеп, көбелектей ұшып, елге шай құйғаны жөн. Кигені киімі аққудай ақ болсын бірақ қазақша бүрмелі келсін. Өзгелер үлгіні көрсін.
Ұзын сөздің қысқасы қазақтың тойы болды ма келін төрде емес босағада тұруы қажет. Сол жерде тұрып сөз сөйлегендерге сәлем салып, қалған уақытта қызмет етуі керек келгендерге тіпті ата енесіне және ата енесінен төменде тұруы керек. Келініне мықты болған елдің ғана жарқын болашағы бар. Келінін бүгін есіртіп, ертең төркініне шауып, ортада жетімдер қалған елдің қалай ғана болашақтан алашағы болмақ?
Әсілі қазақтың тойын күрт түбегейлі өзгерту керек. Тоймен бірге ойын да өзгерту керек. Той жиналыс, даңғазалы емес, жанға жайлы, жиылған елге жайлы болып өтуі тис. Тойдан жұрт не мас болып, не жиналыстан қайтқандай шаршап қайтпауы тиіс. Тойда бұрынғы ата-дәстүрлер егеменділігін алуы керек, "құлдықтан" азат болуы керек. Той екен деп жастар есірмеуі керек, өлшемнен әрі өсірмеуі керек, кәпірдің пәлесін көшірмеуі керек. Араққа тойып алып, темір тұлпарды мініп алып әулиенің басына барып, суретке түсіп тайраңдап сол қасиетті жерлерді лайламауы керек, аяққа таптамауы керек.Бұл тарихын таптау деген сөз. Нақ олай әулиенің басына барған сол әулиеден қарғыс алмаса, бата алмақ емес. Турасын айтсам ішіп алып, оларға оқыған дұғаңды Алла қабыл етпек емес.
Ақырғы сөз, құдаңды күт, құдағиыңды бағала бірақ келініңді келе сала басыңа көтерме! Асықпасын, өйткені оған да бір күн кезек келеді келін түсіретін егер қызметін толық өтесе. Уа халқым, тойыңды өзгерт, ойыңды өзгерт, Алаштың күні жақын...
Мұхиддин Исаұлы
Фейсбуктегі парақшасынан