Тіл - тас жарады...

Тіл жанашыры болғанның жөні осы екен деп далақтап шаба бергеннен пайда жоқ

  • Тіл жанашыры болғанның жөні осы екен деп далақтап шаба бергеннен пайда жоқ

    Тіл жанашыры болғанның жөні осы екен деп далақтап шаба бергеннен пайда жоқ

ҚАЗАҚ ТІЛІ ҮШІН КҮРЕСЕМІН ДЕП БІРЕУДІ ЖАҒАСЫНАН АЛУ ЖАҚСЫЛЫҚ ЕМЕС.


Өскемен қаласындағы қоғамдық көліктің ішінде бір әйелдің кондуктор орыспен , қазақша сөйлемегені үшін қызылкеңірдек болып қырылысып жатқан видеосын көріп қалдым. «Хай-вайдың» басы қазақ тілі үшін болып жатқан соң, ерінбей соңына дейін көріп шықтым. Ал келесі видеода тағы да сол әйел Өскемендегі «Евромед» жеке клиникасының ішінде шу көтеріп, қазақ тілінде қызмет көрсетпегені үшін орыс мейірбикемен ұрсысып жүр екен.
«Видеоларды көріп шыққан соң, қазақ тілі үшін күресіп жүрген әлгі әпкеңді қолдап лайк басып, пікір жазған шығарсың» деп ойлап отырған шығарсыздар? ЖОҒА!
Шынымды айтсам, әлгі әйелдің бұл әрекеті маған мүлде ұнамады. Құдай-ау, дәл бұлайша айқай-шу шығармай-ақ мәдениетті түрде түсіндірсе де болар еді ғой. «Тіл туралы заңды» қолына қысып алып тұрып, байғұс кондуктор әйелдің төбесінен әңгіртаяқ ойнатудың қажеті қанша еді? Және де өзінің бұл әрекетін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратудың өзін таза популизмге санаймын. Өз қазағынан қазақша сөйлеуді талап ете алмай жүріп, ашуыңды алдыңнан алғаш кездескен басқа ұлт өкілінен алғаны қалай? Жоғары мінбелерде отырып миллиондап жалақы алса да, ана тіліне мұрнын шүйіріп қарайтындарға тіс батпай, ал таң бозынан автопаркке барып, түннің бір уағында үйіне жаяу қайтатын, адал еңбегімен отбасын асырап жүрген кондуктор байғұсты сілкілегеннен не түседі? Күніне мыңдаған адамға билет сатып, тікесінен тік тұрып қызмет көрсетіп, жүйкесі онсыз да жұқарып жүрген адамды, камерасын қосып дайындалып барып, соншама қорлайтындай не айыбы бар? Бар кінасы орыс болып туып, қазақ тілін білмегені ме? Сіздің осы әрекетіңізден кейін қоғамдық көліктегі жолушы басқа да ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген құрметі артып, қорыққандарынан қазақша үйрене бастайды деп ойлайсыз ба?
Қазақ тілінің жанашыры болсаңыз талабыңызды ең алдымен ерінбей барып, сол автобуспаркінің басшылығына барып қою керек. Бүгін сіз барыңыз, ертең мен барайын, бүрсігүні ол барсын. Басшылықтан кондуторлардың қазақша сөйлеуін кезек-кезек барып талап етейік. Басшылар да адам баласы ғой, бірі болмаса бірі құлақ асар. Қазір еліміздегі барлық қалада қазақ тілін тегін оқытып үйрететін лингвистикалық орталықтар бар ғой. Егер басшылық кондукторларға «жұмыс қажет болса, осы бос уақытыңда 1 сағатқа келесің деп» қызметкерлерін жинап беріп отырса, тіл үйрету орталығының мамандары өздері-ақ барып оқытар еді ғой.
Егер шынымен де тіл жанашыры болса қаладағы орыс мектептерінің алдына барып, балаларын сабақтан алып қайтып бара жатқан қазақтарға неге ақыл айтпайды екен?
Кейде дәмханаларға барып даяшы қыздарға «неге қазақша сөйлемейсің деп» әңгіме айтатын жігіттерді де білемін. Кім-көрінгенге арын сатып жүрген қыздарға қарағанда, күніне 2000-3000 тенге жалақы үшін осылай даяшы болып, асханада ыдыс аяқ жуып жүрген қыздардың құны мың есе артық. Қазақтың қызы бола да, орысша сөйлеп тұратындары да жиі кездеседі. Ондайда қалжыңға айналдыруға тырысамын:
- Қарындасым, айтыңызшы менің түрім орысқа ұқсайды ма?
- Жоқ аға....
- Ееее бәсе, сөйтіп қуантып қойшы, әйтпесе соңғы кезде қазақтардың өзі маған орысша сөйлейтін болыпты. Түрім орысқа ұқсап бара ма деп қорқа бастадым... Қазақпен қазақ қазақша сөйлесу керек қой, солай ма?
- кешіріңіз аға...иа солай..
Әңгіме осымен аяқталады. Санасында саңылауы бар болса өзі-ақ осыдан қорытынды шығарады. Ал айтып сөз өтпейтін, бетіңе бежірейіп тұратын біреу болса, әкімгеріне барамын да ешқандай ұрыс-керіске бармай-ақ мәдениетті түрде, қазақ тілінде қызмет ететін даяшы жіберуін өтінемін.
Ал жаңағы қазақ әйелі (аты-жөнін білмедім) шу шығарып жүрген клиникадағы жағдай былтыр менің де басымнан өткен. Ақылы және сапалы медицианалық қызмет болғандықтан елдің көпшілігі соған барып қаралатынымыз шындық. Қабылдау терезесіндегі қатар отырған үш қыздың ішіндегі түрі қазаққа ұқсайтын біреуіне қазақша сөйлесем, «қазақша қақпайтын» біреу екен. Содан орысша мүлдем түсінбейтін адамның рөліне кірдім де , «я қазақ как ты, бірақ я из китай, мое твое не понимать» деп едім, зыр-жүгіріп барып аудармашы қызды ертіп келді. Жаңағы аудармашы қыз негізі өзі де медицина қызметкері екен. Дәрігердің кабинетіне менімен бірге кіріп, тағы да сол баяғы қазақша түсінбейтін қазақ дәрігер екеуміздің ортамызда аудармашы болды ))))))))
Дәрігерге қаралып болған соң, басшыларына бардым да, қабылдау бөліміндегі қыздардың да, дәрігердің де мемлекеттік тілде қызмет көрсетуге міндетті екендіктерін айттым. Олар да бәле ғой. «Бізде аудармашылар бар, ағылшын тілінде де қызмет көрсете аламыз,- деп құтылды. Әйтеуір бір қазақ мейірбике қыздың, қазақ тілін білгені үшін сол жерде қосымша аудармашы болып қызмет етіп жүргеніне қуандым.
Ұра берсең сайтан да өледі дейді. Осындай мәселелерде мәдениеттілік пен салқынқандылық танытып, басшылығынан үздіксіз талап ететін болсақ, олардың қазақ тілін жетік білетін маманды шақырып жұмыс беретініне сенімдімін. Тіл жанашыры болғанның жөні осы екен деп деп қолыңа қылыш ұстап алып Чапаев сияқты далақтап шаба бергеннен пайда жоқ.




Көрілген: 1751    Пікірлер: 0

сейсенбі, 20.10.2020, 10:26

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30