Тозығы шыққан, жұмыссыздық жайлаған ауылдарға тіпті қиын тиіп жатыр
Өткенде құрбым хабарласты. "Ауылға ұры түсіп жатыр екен. Біздің ауылда ұрлық деген жоқ еді. Ауылдың жігіттері қалаға барып жұмыс істейтін. Жұмыссыздықтан осындай әрекетке барып жатыр" деді қамығып.
...Біздің балалық шағымыз тоқсаныншы жылдары өтті. Жейтін нанның өзін табу қиын еді. Диірменге бидай тарттырып келетін. Қап-қара ұннан жасалған нанның дәмі әлі аузымда. Ұн жарты қап қалғанда әкем жүгеріні тарттырып келгені есімде. Шешем бидайдың ұны мен жүгерінің ұнын араластырып, нан істеді. Сосын бидайдың ұны бітіп, жүгерінің ұнынан нан істегені, жей алмағаным, жылағаным есімде...
Біздің буын - балалық шағы ұрланған ұрпақ. Дулат Исабековтің кейіпкері айтатындай, біз соғысты көрген жоқпыз. Бірақ біз ашықтық, қатты ашықтық. Сол кезде әр ауылда темір қазан ұрланып жатты. Ұрылар қазанды темірге өткізсе керек. Мал ұрлығы көбейіп кетті.
Құрбым "Ауылға ұры түсіп жатыр" дегенде сол бір қиын күндер көз алдымнан тізбектеліп өтіп жатты.
Коронавирус Қазақстанның емес, әлемнің экономикасын шайқалтып кетті. Алпауыт елдердің өзі бұл індеттің алдында дәрменсіз.
Тозығы шыққан, жұмыссыздық жайлаған ауылдарға тіпті қиын тиіп жатыр. Қалаға барып, жұмыс істеп, ақша тауып, отбасын асырайтын жігіттерінің көпшілігі амалсыздан ауылдан шыға алмай қалды. Қалаға келсе, баяғыдай емес жұмыс табу қиын.
Өткенде бір апа "Ұлым Астанада аспаз боп істейтін. "Кәрәнәвирус" деген бәледен соң "кәпәсі" жабылған. Қайтып ашылыпты. Бірақ "бізге қазір адам аз келеді, екі аспаз да жетеді" деп баламды жұмысқа алмапты. Басқа "кәпелерге" барса, олар да адамдарымызды қысқартып жатырмыз" депті. Балам үйден аз ақшамен кеткен. Жұмыс тапқанша ақшам бітті, "квәртираға" төлейтін ақшам қалмады" деп ауылға қайтты" дейді. Бұл - ауылдағы бір отбасының басындағы ғана жағдай емес. Қазақстанның бүгінгі картинасы.
"Ауыл" партиясы Парламентке барса, ауылдағы жұмыссыздық мәселесіне баса назар аудару керек.
Ауыл - қазақтың темірқазығы. Ауыл - қазақтың жаны.
Ая Мантай
Фейсбуктегі парақшасынан