Бүгін – жалпыұлттық аза тұту күні.
Елімізде орын алған қайғылы оқиғада қаза тапқан азаматтардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Күні кешегі әлемді жайпап жатқан алапат таратқан кеселдің зардабын тарту біздің пешенеге жазылыпты. Енді, міне, аңғал да сенгіш ұлтымның арасына сына қағып, тоқсан түрлі ұлтпен береке-бірлікте тату өмір сүріп жатқан елімнің тыныштығын бұзған содырлардың лаңкестік әрекетінің салдары да жанға батты, жүрек сыздайды.
Қазақтың қазаны төңкеріліп, байтақ даласында бесігінің шашылып қалғанын қалайтын мысықтілеулер, байлыққа тұнған жеріне ие болуды тілейтін арампиғылдар көп және олар ҰЛТ таңдамайды, оларда ҰЛТ, ҰЛТТЫҚ құндылық деген ұғым болмайды. Ел арасына іріткі салушылардың ішінде өз қазағым да жүр, өйткені ҰЛТЫН ойламайтын адамда намыс та жоқ. Бізге ендігі жерде отаншылдық рухы ауадай қажет. Сындарлы сәтте елдің жел жағына шығып, ауырына арқасын төсеген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдауымыз керек. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып, халық болып қайрат тантқан жөн. Президент те алға алып шығып экономикасы тұралаған емес тұрақтанған, ынтымағы жарасқан, татулығы берік мемлекетке айналдырары сөзсіз. Өз басым осыған сенем. Қазаққа құдай жар болсын! Елге төнген мына зауалдың түбінің қайырын бергей.
Тұрыс Бекжан
Фейсбуктегі парақшасынан