Ұлттық сенім кеңесіндегілерге құлаққағыс!..
Әуелде айтылған «Жер туралы», «Мемлекеттік тіл туралы», «Сайлау туралы», «БАҚ туралы», «Азаматтық бейбіт шерулер туралы» т.б. заңдарға түзетулер мен өзгертулер енгізу жайындағы ұсыныстар аяқсыз қалғандықтан, тым болмаса қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты нақты істерді қолға алуларыңызды сұраймыз.
Мысалы, «Зейнетақы туралы заң». Өткенде Президентіміз мұқтаж адамдарға зейнетақы қорында жиналған қаржысының жартысын емделуге, баспана, білім алуға жұмасауға мүмкіндік беру туралы бастама көтерді. Алайда бұл шаруа да сағыздай созылып жүзеге аспайтын секілді. Беталысы солай. Сіздерге айтпағымыз, егер бұған да тек бұрынғыша зейнетақы қорына мөлшерлі сома жинаған адамдар ғана қол жеткізетін болса, бәрі бос сөз болғаны. Онда, ол да сол баяғы – «Бай байға, сай сайға құядының» кері.
Емделуге, баспана мен білім алуға жұмсауға мүмкіндік беру – мәселенің бір жағы ғана. Біз, әрине, маман емеспіз... Дегенмен, көңілді күпті етер жайттар көп. Мәселен, бұрын зейнетке шыққан адамдар зейнетақы қорында жиналған қаржысын толық ала алатын. Одан неге бас тарттық? Енді неге берілмейді?.. Дені сау, ақыл-есі түзу, қажыр-қайраты қайтпаған қанша жан аман-есен зейнетке шықсам, сол қаржыны алып шама келетін тірлік бастасам деп армандады. Ал сендер оған балта шаптыңдар. Бұл қандай зорлық? Кейінгілердің кінәсі қанша? Жазығы не?!
Ал егер мен жинақтаушы зейнетақы есебінен қосылатын ақшадан өз еркіммен бас тартып, зейнетақы қорында жиналған қаржымды толық алуға өтініш жазсам ше? Онда қалай болады? Өтінішім орындала ма? Мұндай мүмкіндік неге қарастырылмаған? Зейнет жасына жеткенше тістеп-тірнектеп жинаған өз ақшамды өзім ала алмасам, бұны қандай заң деуге болады?! Әлде міндетті түрде көшуіміз не өлуіміз керек пе?..
Тағы бір түйткілді жайт – зейнетақы қорынан берілетін ақшаға 10 пайыз табыс салығы салынатын көрінеді. Бұны қалай түсінуге болады? Одан онсыз да ұсталған жоқ па? Тіпті егер қор үлесі қосылғанын ескерген күннің өзінде, қордың өзі айналым табысынан салық төлемей ме?.. Қысқасы, бұл да қисынға келмейді!..
Тұрмағанбет Кенжебаев
Фейсбуктегі парақшасынан