Бүгін Қазақстан халқы тілдері күні

05 қыркүйек 2019, 09:57

Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн - "Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы - тіл" деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады. Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген болатын . "...Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді" деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай болмақ.