Тілім - тағдырым

Ескі қыпшақ тілі және латын графикасына транскрипциялау

  • Ескі қыпшақ тілі және латын графикасына транскрипциялау

    Ескі қыпшақ тілі және латын графикасына транскрипциялау

«Алаш айнасының» тапсырысы бойынша жазылды



Латын графикасы 26 таңбадан тұрғандықтан қазақ тіліне тән кейбір дыбыстар жетіспейді. Дәл солай араб графикасындағы 28 әріппен де ескі қыпшақ тілінің сөздерін таңбалау қиындықтар тудырғаны белгілі. Соның өзінде Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұни еңбектеріндегі түркі сөздерін араб графикасымен таңбалап амалын тапқаны белгілі. Бүгінгі күні латын графикасына көшкенде де дәл сондай қиындықтар туындап отыр. Ахмет Байтұрсынұлының «төте жазуында» да төбесіне дәйекшелер қою арқылы жіңішке дыбыстарды таңбалау әдісі енгізілген еді. Басында қиындықтар туындағанмен оған да халық аз-кем үйренісіп, көптеген шығармалар сол жазумен дүниеге келді. Осындай пікірге қарап отырып, қазақ тіліне ғана тән дыбыстарды диграф, апостроф немесе акут арқылы таңбалап, амалын табуға болады деген тұжырым жасауға да болады. Бірақта латын графикасына салған кезде дәйекшелерді өте көп қолданса, біріншіден, көзге қораш көрінеді, екіншіден, бір сөздің жазылуының өзі ұзыннан ұзақ болып кетеді. Оның үстіне қазақ тілі аглютанивті тілдер тобына жатқандықтан жалғамалы қосымшаларымен мүлдем басы мен аяғы көрінбейтін кейіпке енеді. Үшіншіден, сөздердің тасымалы кезінде дәйекшелі таңбаны келесі жаққа ауыстырған кезде сөздің мағыналық мәні түсініксіз болып қалады. Айта берсе кемшіліктері шаш етектен. Ал қазақ тіліне тән дыбыстарды таңбалауда апострофты пайдалану арқылы қазіргі компьютерге, смартфондарға бекітілген ағылшын тілінің бар дыбысын ешқандай өзгеріссіз қолдану жағынан өте қолайлы тұсы да бар. Бұл әліпби таңдаудағы ең басты қағида болу керек. Дегенмен тілді техникаға жығып берген жөн емес деп ойлаймыз. 


Араб графикасымен жазылған ескі қыпшақ ескерткіштеріндегі сөздерді транслитерациялау мәселесіне келсек. Транслитерация дегеніміз – бір графиканың графемаларын басқа графикада дәлме дәл беру құралы, кері қайта жазу жолы. Араб графикасымен жазылған жағыдайда оның қиындығы тіпті арта түседі, себебі, араб мәтіндерінде дауысты дыбыстар толыққанды жазылмайды, жазбада тек қана созылыңқы дауысты дыбыстар ғана жазылады да, ал қысқа дауысты дыбыстарды оқырман өзінің біліміне сүйене келе, мәтіндегі контекске байланысты өзі қойып оқиды. Яғни, قطر сөзінің нақты транслитерациясы qṭr болып келеді, ал оны нақты дұрыс оқыса ол qaṭar болып келуі керек еді. Араб мәтіндерінде қысқа дауыстылар арнайы диакритикалар (харакаттар) арқылы жазылады, бірақта бұл арнайы мамандандырылған жазбаларда ғана болуы мүмкін, мәселен, сөздіктерде, шетелдіктерге арналған оқулықтарда ғана харакаттармен жазылуы мүмкін. Бірақта ескі қыпшақ ескерткіштеріндегі лексика қорын бүгінгі ұрпақ оқып білуі үшін біз көбіне көп араб графикасындағы дауысты дыбыстардың қалай оқылу керектігін мәтіндегі контекске қарай шамалап, дауыссыз дыбыстардың ортасына дауысты дыбыстарды ретіне қарай келтіріп, транслитерациясын жасаймыз.

Ал, Транскрипция дегеніміз – мәтін жазылған тілдің мақсатына қарай емес, оқылатын тілдің ыңғайына қарай таңбаланатын нақты ғылыми жазу түрі болып табылады. Мәселен, عمر خيام транскрипциясы (дауысты дыбыстарды белгілемеген жағыдайда транслитерациясы: ʿmr ḫyʾm, дауысты дыбыстарды белгілеген жағыдайда — ʿumar ḫayyām болып келеді) ағылшын тілі үлгісінде – Omar Khayyam, неміс тіліндегі әліпбимен жазса - Omar Chajjam, ал қазіргі акут арқылы жазылатын қазақ әліпбиі әріптерімен – Omar Haııam болып жазылады. Бір жағынан транскрипция стандартты айтылымды бере алады (араб тілі үшін өзінше шартты жағыдай) немесе қазіргі күні араб тілінде өте қатты айырмашылыққа ие болып отырған аймақтық айтылымдарды береді (мысалы, Бағдат, Египет немесе Марокко тіліндегі айырмашылықтар).

Біз бұл зерттеуімізде ескі қыпшақ тіліндегі дауысты дыбыстардың транкрипциясын беруді көздедік. Алдыменен дауысты дыбыстардың транскрипциясын қарастырсақ, араб жазуындағы дауысты дыбыстардың графикалық берілу үлгілерін қарап отырып, қазіргі латын графикасына негізделген қазақ жазуының үлгісіндегі ескі қыпшақ сөздерінің жазылу формасын беруді қарастырып отырмыз.

Кеңес өкіметі келмеске кеткеннен кейін тәуелсіздігін алған түркі тілдес елдер ата тарихын танып, барлығына бірдей түсінікті болатын латын жазуындағы Ортақ түркі әліпбиін жасауды қолға алды. 1991 жылдың қараша айында Түркияның Стамбул қаласында түркі тілдеріне ортақ әліпби таңдап алу үшін халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Бұл әліпби тұтастай түрік әліпбиіне негізделіп жасалды. Бірақта түрік әліпбиінде жоқ ä, ñ, q, w, x әріптері қосылды. Нәтижесінде 29 әріп түрік тілінен алынған, 34 дыбыстан тұратын Ортақ түркі әліпбиін жасап шықты.

Бұл әліпбиді Әзірбайжан Республикасы бірінші болып 1991 жылы қабылдады. Кейіннен 1993 жылдың сәуірінде Түркіменстан, қыркүйегінде Өзбекстан қабылдады. Содан бері бұл елдер қабылдаған әліпбилер әртүрлі жағыдайларға байланысты толықтырылды әрі өзгертілді.

1999 жылдың қыркүйегінде енгізіліп, 2005 жылдың қаңтарында тоқтатылған татар латын жазуы бұл қабылданған Ортақ түркі әліпбиіне өзгертулер енгізді. 2003 ж. Интернетке арналған татарлардың латын графикасына негізделген әліпбиі пайда болды. Ол әліпби ресми емес түрде «Иналиф» (Internet + älifba деген сөздердің қысқартылып алынған қосындысы) деген атау алған болатын. Иналифтің басты мақсаты ағылшын пернетақтасында бар әріптермен мәтіндерді стандарттау болатын. Бұл әліпбиде түркі тілдеріне тән спецификалық дыбыстар мен диакритикалық таңбалар жоқ. Мұнда түркі тілінің ерекше әріптері диграф арқылы берілсе, жіңішке дауысты дыбыстар өзімен жұптас жуан дауысты дыбыстардың қосары ретінде апострофпен белгіленген болатын: Ä — A'; Ö — O'; Ü — U'; ı(ы)— i'; Ç — Ch; Ğ -Gh; Ñ -N'; Ş –Sh. Бұның ең басты табысы – кез келген компьютерде қосымша шрифтерді орнатпай-ақ, стандартты пернетақтаны пайдалана отырып, латын әріптері мен символдары арқылы татар мәтіндерін тере беруге болады. Бірақта бұл жетілген жазу түрі деп айтуға келмейді. Біздің пікірімізше, ескі қыпшақ сөздерін транскрипциялауға 34 әріптен тұратын Түркияда қабылданған Ортақ түркі әліпбиіне негізделіп жазылған латын графикасы өте қолайлы болатын еді. Әйтпесе, апостроф пен диграф, акут пайдаланылған әліпби түркі сөздерін жазуға қолайсыздық тудырады. Бірақта, Ортақ түркі әліпбиі, Иналиф әліпбиі, диграф, апостраф, акут арқылы жазу әліпбилерінің барлығының басын құрап, жалпыға түсінікті, әрбіреуінің жетілген тұсын алып, жаңа әліпби жасаса нұр үстіне нұр. Бұл туралы кейінірек айтылады.

Бұл зерттеу жұмысында XIII-ХІV ғасырларда Мысыр (Египет) мен Шамда (Сирия) түзілген Мәмлүк қыпшақтары жазба ескерткіштерінің бірі - «Китаб-ад-дурра әл-мудайа фи-л-луғат-ат-туркиа ‘ала-т-тамам уа-л-камал» كِثَابُ ألدُرَّةِ ألْمُضَـِيَّةِ فيْ أَللُّغَةِ "أَلتّرْكِيَّةِْ عَلَى اَلْتَمَامْ وَالْكَمَالُ «Түрік тілінің жарқыраған інжу-маржаны, әрі толық жазылып біткен кітап» деген атпен түркологияға танымал арабша-қыпшақша сөздігінің қорындағы ескі қыпшақ сөздерін латын графикасына негізделген қазіргі қазақ жазуына танскрипциялау және транслитерациялау мәселелері жан-жақты қарастырылады.

Араб графикасында түзілген жәдігерлікте қыпшақ сөздерін жазудағы қиындықтар кездесері анық. «Өйткені қандай жетілген орфография болса да, сөйлеу тілінің дыбыстық ерекшеліктерін дәл бере алмайтыны белгілі» [1, 52]. Араб графикасының түркі сөздерін жазудағы қиын тұстары жайлы А.М. Щербак былай деп жазады: «Насколько недостаточны графические средства арабского алфавита, для передачи тюркских звуков вообще, можно судить хотя бы по тому три знака для гласных, один знак для к и г и не всегда передается различие между ч и j, п и б» [2, 64]. Осындай пікірді П.М. Мелиоранский де қолдайды: «Араб алфавиті түркі тілінің дыбыстарын көрсетуге жарамсыз. Бұл жағдай түркі тілінің біздің заманымызға жеткен ескерткіштерін лингвистикалық, әсіресе фонетикалық-этимологиялық тұрғыдан зерттеуге әр уақытта да үлкен бөгет болып келді және солай да бола береді» деген болатын [3, 29]. «Ескі қыпшақ сөздері қандай әріппенен жазылған болса да, ондағы қолданылған таза фонемалық дыбыстарды талдап, таңдап ала беруге болады» дейді қыпшақтанушы ғалым С. Боранбаев [4, 19]. Дегенмен де, араб әріптері дауысты дыбыстар таңбасына кедей болып келеді де, бір таңба контекске қарай әртүрлі дыбыстың орынына жүріп, олай да, бұлай да оқыла береді.

Жалпы ғылыми ортада ескі қыпшақ тілінде 8 дауысты дыбыс бар деп танылып жүр. Бұларды В.В. Радлов «негізгі («коренные») дыбыстар» десе, неміс ғалымы А.М.фон Габэн «ең басты («главные») дыбыстар» деп атайды [4, 19]. Ал, Ә.Қ. Құрышжанұлының пікірінше, қыпшақ тілінде 8 толық дауысты дыбыс, 2 жартылай (й, у) дауысты дыбыс бар. Толық дауысты дыбыстар айтылу ерекшелігі жағынан «созылыңқы дауысты дыбыстар» және «жалаң дауысты дыбыстар» болып екіге бөлінеді. Созылыңқы дауысты дыбыстар сөздің фонетикалық құрамына әсер еткенмен, оның лексикалық мағынасын өзгерте алмайды.

Мәмлүк қыпшақтары тілін арнайы зерттеп мақала жазған О. Притцак дауысты дыбыстарды былай деп көрсетеді: а мен ä, о мен у, ө мен ү, ы мен і [5, 78]. Осы автор қыпшақ тілдес армяндардың тілінде де 8 дауысты дыбыс бар деп көрсетеді: а, е, о, ө, у, ү, ы, і [5,82]. Бұл пікірді академик К. Мұсаев та қолдайды: «На базе сравнительного анализа как средневековых кыпчакских памятников, так и современных тюркских языков можно реконструктировать 8 гласных фонем в мамлюкско-кыпчакском языке»» – деп жазады [6, 48]. Н.А. Кононов VII-IX ғасырлардағы ежелгі түркі ескерткіштерінде жіңішке, ашық ә фонемасының болғандығын айтады [7, 60].

Ескі қыпшақ жәдігерліктерінде дауыссыз дыбыстардан тұратын сөз түбірінің үстіне және астына «харакат» (Араб тіліндегі қысқа дауыстыларды таңбалайтын белгі) белгілерінің қойылуы арқылы және «алиф», «иаи» әріптерінің көмегімен а, е, (й), ы, і, о, ө, у, ү сияқты дауысты дыбыстардың мағынасы берілген. Мұның ішінде ашық дауысты а, е – «фатха», қысаң дауысты дыбыстар ы, і (й) – «касра», ал ерін дауысты о, ө, у, ү дыбыстары «дамма» «харакаттарымен» белгіленген. Араб әліпбиіндегі үш әріп «алиф», «йаи», «һа» ескі қыпшақ тіліндегі а, е, (й), ы, і дауысты дыбыстарының графикалық белгілері ретінде қолданылған.

«Китаб-ад-дурра...» жазба ескерткішіндегі дауысты дыбыстарды трнаскрипциялау мәселесіне келсек. Жазба ескерткіш туралы алғашқы болып зерттеу жұмысын жүргізген А. Зайончковский а және е дыбыстарын а (а), ä (a’) таңбалары арқылы транскрипциялаған [8, 48]. Түркі ескерткіштерін транскрипциялауда ең негізгі ұстанған әріптер 1969 жылы жарық көрген «Древнетюркский словарь» кітабындағы түркі сөздерін беру жолдары болу керек. Әртүрлі графикалық жүйелерде жазылған түркі сөздерін ДТС-те 56 әріптен тұратын әліпби бойынша берген болатын. ДТС-тің бұл әліпбиінде 26 латын, 4 грек, 27 диакритикалық белгілері бар латын әріптері және 2 диакритикалық таңба-әріп қолданылған. ДТС-тегі сөздер Орхон-Енесей таңбалары, араб графикасы және ұйғыр таңбаларымен жазылған ескерткіштерден жинақталған [9, 13].

Көне түркі ескерткіштеріндегі дауысты дыбыстар түркітанушылар арасында халықаралық дәрежеде түсінікті болу үшін латын графикасына негізделген 9 әріппен таңбаланады. Олар: негізгі әріптер a, e, і, o, u және «умляут» диакритикалық таңбалары бар ä, ï, ö, ü әріптері.

Ал енді «Китаб ад-Дурра...» жазба ескерткішіндегі кейбір сөздерді қазіргі қабылданған апострофты әліпби және соңғы қабылданған акут арқылы жазылатын әліпби, қазіргі күні түркітануда қолданылып жүрген Ортақ түркі әліпбиіне, сондай-ақ А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты дайындаған жаңа қазақ әліпбиіне салып көрсек, қайсы қалай жетілгеніне көз жеткізуге болатын еді.



Осы кестедегі дауысты дыбыстардың таңбалануына қарап отырсақ, әдеттегідей, латын графикасында бұрыннан белгілі, бар дыбыстар a, e, і, o, ұ таңбаланулары көзге қонымды. Ал латын жазуында таңбалауға қиындық туғызатын дыбыстар ә, ы, ө, ү әріптері болып отыр ғой. Бірақта бұлар жалпы түркітануда қалыптасып қалған мына әріптермен таңбаланып жүр: ә – ä, ā, a’, á; ы – ï, ı, y; ө – ö, o’, ó; ү – ü, u’, ú. Сондықтан да мәселен, көз үйреніп, көңіл орнығып қалған ü әрпін u’ түріндегі апостроф арқылы немесе ú түріндегі акут арқылы таңбалау бірден үйреніп кетуге қиындық туғызады. Халықаралық фонетикалық транскрипциялауды жасаған мамандардың өзі де апостроф пен акут арқылы таңбалауды көзге оғаш көргендіктен қабылдамаған болуы керек. Өйткені кейбір сөздерде тым көп кездесетін дәйекшелер жазуға ыңғайсыздық тудыратыны анық. 


Ал соңғы қабылданған акут арқылы жазу да ыңғайсыздық тудырып, көпшіліктің көңілінен шығып отырған жоқ. Акут таңбалары көптеген тілдерде созылыңқы дауысты дыбыстарды белгілеу үшін қолданылатын таңба. Мәселен, орыс тілінде за́мок пен замо́кты ажырату үшін қолданылады. Ал бізде мұндай қажеттіліктің керегі жоқ. Сондықтан да қорытындылай келгенде латын графикасын қабылдамас бұрын қазақ тілінде нақтылы қандай және неше дауысты дыбыс бар екендігін анықтап алған жөн. Ол үшін алдыменен қазақ тілінің арғы шығу тегі ескіқыпшақ тілдерін зерттеп, зерделеп, ескіқыпшақ тілінде неше дауысты дыбыс болды деген мәселеге келу қажет деп ойлаймын. Бұл мақалада біз ескі қыпшақ тіліндегі дауысты дыбыстарға баса назар аударып, зерттеу нысанына алдық. Жоғарыда атап өткеніміздей, қыпшақ тілін зерттеуші ғылыми ортада ескі қыпшақ тілінде 8 дауысты дыбыс бар деген тұжырым бар. Бұл тұжырымды әлемге әйгілі ғалымдар В.В. Радлов, А.М.фон Габэн, О. Притцак және т.б. барлығы да қолдайды. Қазақстандық қыпшақтанудың майталман маманы Ә.Қ. Құрышжанұлы қыпшақ тілінде 8 толық дауысты дыбыс, 2 жартылай (й, у) дауысты дыбыс бар деді. Соңғы 2 жартылай дыбыстарды дауыссыз дыбыстар қатарына қосып, қазіргі қазақ тілінің дауысты дыбыстарының жүйесін жасап шыққан жөн. Сонда қазіргі қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс болады.

Бұдан бөлек, біз ағылшын тіліне негізделген клавиатурадағы 28 таңбаның барлығын пайдалануды көздегеніміз жөн. Сонда, қазіргі қазақ тіліндегі 9 дауысты дыбысты таңбалауға латын әріптері өздігінен сәйкес келіп тұр. Соның ішінде, 6 дауысты дыбысты былай таңбаласа: а – а, е – е, о – о, ұ – u, ы – y, і – і; Ал ә, ө, ү дыбыстарына басқаша амалдарын қарастыра келсек, осы жерде апострафтарды пайдалануға болады. Мәселен, ә – a’, ө – o’ деп 2 дыбысқа апостраф пайдаланса, алдындағыдай аса көп қиындықтар тудырмайтын еді. Ал ү дыбысын латынның v әрпімен таңбаласа еш сөгеттік байқалмайды. Себебі, латынның бұл v әрпінің өзі біз ұ-ны таңбалап отырған u әрпінен шыққан. Кейін келе бұлардың қосындысынан w әрпі пайда болған. Сондықтан да ү-нің орнына v әрпін еркін қолдана беруге болатын еді. Біздің ұсынымыз, дауысты дыбыстарға апостраф, дауыссыз дыбыстарға диграф қоданса біраз мәселенің басы ашылатын еді.

Дауыссыз дыбыстардың арасында ж дыбысы мен ң дыбысын таңбалауға диграфты қолданса болатын еді. Мәселен, ж – zh; ң – ng түрінде берілсе, әлемдік әліпбиден еш айырмашылығы жоқ, барлығына түсінікті болар еді. Ал ш дыбысын түріктер қолданған секілді латынның с әрпімен таңбалаған абзал. Келешекте дауыссыз дыбыстардың жүйесі мен оларды латынға көшіру жөнінде жеке зерттеу жұмысы жазылады.

Сондықтан да ескі қыпшақ ескерткіштерін зерттеу арқылы қазіргі қазақ тілінің фонетикалық жүйесін түзіп, артық дыбыстардан арылып, барымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеп, әлемдік әліпбидің жетілген жолдарын пайдалануға сүре жол салғанымыз жөн деп есептейміз.


Бағдат Дүйсенов

ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы

Шығыстану институтының

аға ғылыми қызметкері


 





Көрілген: 703    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 19.06.2019, 09:52

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30