Қазан айының ортасында тіл жанашырлары Түркістанда жиналады
Қазақ тілі – ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Отанымыздың айбары, бірлігіміздің нақты ұйытқысы. Бүгінгі таңда елімізде үш тұғырлы тіл мәселесі басым бағытқа ие. Бұл уақыттың қажеттілігі. Ал өз тілімізді жетік білу ең басты құндылығымыз. Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған кезекті жолдауында «Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» деген болатын. Міне бұл сөз әрбір Қазақстан азаматының тіл туралы нақты ұстанымына айналған даналық сөз. Елімізде осы бағытта атқарылып жатқан, енді атқарылар жұмыстар жетерлік. Осы істердің барлығының көздегені мемлекеттік тіл мерейінің үстем болуы.
Жақын арада, нақты айтсақ 15-17 қазанда Түркістан облысының Түркістан, Кентау, Арыс, Шымкент қалаларында мемлекеттік тілді дамытуды насихаттауға бағытталған «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық семинар өтеді.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес ұйымдастырмақ.
Жиынның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру, ұлттық болмысымызды бабалар тілімен жеткізу, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, рухани мәдениетімізді көтеру, қазақ тілін латын қарпіне көшірудің маңыздылығы, идеологиялық тұрғыдан ескірген елдімекендер мен көшелердің атауы, олардың тарихи атауларын қайтару, сонымен қатар тарихи жер-су атауларын, ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларды беру және т.б. турасында сөз қозғау, пікір алмасу болмақ.
Жұмыс тобының құрамында белгілі саясаткерлер,қоғам қайраткерлері, ғалымдар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Дос Көшім, саясаттанушы Расул Жұмалы, Түркістан облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы міндетін атқарушы Асылхан Темірхан, облыстық баспасөз құралдарының бас редакторлары, зиялы қауым, этномәдени бірлестіктер мүшелері, жұмысшы жастар, жоғары оқу орындарының, колледждердің студенттері қатысады.
Алаш қозғалысының қайраткері, ұлттың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» - деген сөзі бар. Қазақ тілі – атадан балаға, ұрпақтан – ұрпаққа мұра болып келе жатқан баға жетпес рухани байлығымыз. Тіл мәселесі қай уақытта да өзекті. Сондықтан осы айдың ортасында өтетін аталмыш жиында келелі мәселелер қозғалып, өзекті ойлар айтылуын күтеміз.
Нұрлы Еділов