Тілім - тағдырым

«Китаб ад-Дурра...» сөздігіндегі дауыссыз дыбыстар және қазіргі қазақ әліпбиіне транскрипциялау

  • «Китаб ад-Дурра...» сөздігіндегі дауыссыз дыбыстар және қазіргі қазақ әліпбиіне транскрипциялау

    «Китаб ад-Дурра...» сөздігіндегі дауыссыз дыбыстар және қазіргі қазақ әліпбиіне транскрипциялау

«Алаш айнасының» тапсырысы бойынша жазылды



Егеменді ел болғанымыздың арқасында тағы да бір тәуелсіздіктің айқын белгісі болып табылатын дүние – тіліміздің мерейі мен мәртебесін арттыру жолында үлкен жұмыс басталып отыр. Ол өзіміздің жаңа ұлттық әліпбиімізді таңдап, әлемдік өркениеттердің қатарынан орын алу. Бүгінгі күні жаңа замандағы жетістіктер, күннен күнге қарыштап дамып бара жатқан технологиялардың барлығы – ағылшын тілінде жарық көріп, әлем ағылшын тілінен ажырамастай қалыпқа келе жатыр. Сондықтан біз де әлемдік кеңістікке шығу үшін ағылшын тілінің жазуы латын графикасына негізделген ұлттық әліпбиімізді қалыптастыру үстіндеміз. 


Тарихи тамырыңды тереңінен танысаң, болашағың жарқын, мақсатың айқын болмақ. Жаңа әліпби қабылданғаннан кейін Махмұд Қашқаридан бастап, Ахмет Байтұрсынұлы түзген араб графикасына негізделген әліпбимен жазылған ұлы мұраларымызды қазіргі латын жазуында оқу мәселесі қалай болмақ деген ой мазалайды. Ұлы даланың рухани дүниесінің басым көпшілігі араб графикасында жазылғаны баршамызға белгілі. Көне түркі тілі мен қазіргі түркі тілдерінің ортасындағы алтын көпір болып табылатын ескі қыпшақ тіліндегі жәдігерліктердің тарих көшінен қалыс қалмауы қажет. Көл-көсір мұраларымыз көмескі күй кешпей, бүгінгі буын тарихи тамырынан сусындау үшін ескі қыпшақ ескерткіштерін латын графикасына негізделген қазіргі қазақ әліпбиі бойынша оқудың әдістерін әзірлеу басты мақсатымыз болып отыр.

Ескі қыпшақ тіліндегі сөздердің қазіргі қазақ әліпбиі бойынша транслитерациялау және транскрипциялау әдістерінің амалдарын қарастырып көрсек. Қазіргі қабылдаған әліпбиде латын графикасында жоқ қазақ тіліне тән спецификалық дыбыстарды таңбалауда апостроф пайдалану мүмкіндігі беріліп отыр. Апостроф – төбесіне қойылатын дәйекшелер арқылы жазуда өзіндік жетістіктер болғаныменен қиыншылықтар да туындайтыны айдан анық.

Ескі қыпшақ тілінде 22 дауыссыз дыбыс бар деп қорытындыланған [1, 145]. Академик В. В.Радлов қазақ консонантизм саласы жиырма дауыссыздан құралатынын атап, дауыссыздарды қатаң (q, k, t, р, s, š), ұяң (γ, g, d, b, z, ž), үнді (n, m, η, r, l, Ι) және аралық немесе жарты дауысты (w, j) деп төрт түрлі акустика-артикуляциялық топқа жіктеген [2]. П. М. Ме-лиоранский дыбыстардың құрамына тоқтай келіп қазақ консонантизм саласы жиырма бір дауыссыз дыбыстан (б, п, м, т, д, н, ж, з, ш, с, p, л, к, г, ч, 1, қ, ғ, ң, й, ǐ-дж) құралатынын атап өтеді [3].

Түркітанушы ғалым М. Томанов «қазіргі түркі тілдерінде барлық тілдерге ортақ болып келетін 23-25 дауыссыз фонема бар деп есептеуге болады» [4, 64] дейді. Ары қарай басқа түркі тілдері мен қазақ тілінің дауыссыз дыбыстарының сандық айырмашлығын айта келе, олар бір тілде көп, бір тілде аз болатынын айтады. Консонанттардың әр тілде әр түрлі болатыны «жалпы түркілік дауыссыздардың бірі белгілі бір тілде сақталмаған, ізі жоқ деген қорытынды шықпауға тиіс» [4, 67] деп ескертеді. «Түркі тілдері арасындағы дыбыс сәйкестіктерін ескерсек, белгілі бір дыбыстардың кейде конвергенция, не дивергенция құбылыстарына ұшырағандығын көруге болады. Соның салдарынан бір тілде екінші бір тілдегі екі дауыссыз бір ғана дыбысқа ұласуы байқалады» дейді [4, 67].

«Түркітануға кіріспе» оқу құралының авторлары Мәмлүк қыпшақтары тілінде жазылған «Ат-тухфа...» жазба ескерткішінің бірінші бөлімі фонетика саласына арналғанын айта келе, «мысалы, автор қыпшақ тілінде 23 дыбыс бар, оның он тоғызы негізгі дыбыс деп аталады. Олар: а, б, т, ж, р, з, с, č, т, г, к, қ, л, м, н, х, в, и; бұлардың төртеуі қайталану негізінде жасалынған: б дыбысы ф дыбысымен араласқан (яғни п), ж дыбысы ш дыбысымен араласқан (яғни Ч), к (г) дыбысы мұрындық н дыбысымен араласқан (яғни ң). Бұлардың артикуляциясы көмейден басталады да, мұрынның ұшында бітеді делінген. Қолжазбада қыпшақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне байланысты арнайы белгілер де қойылған» дейді [5, 22].

Мәмлүк қыпшақтары тілінің ең көрнекті мұрасы Әбу Хайиан «...түркі тіліндегі дыбыстардың саны 23...» екендігін ескере отырып, олардың фонетикалық қатарын былай көрсетеді: һаmzа (ء), b (ب), p (ب), t (ت), c (ج), č (ج), d (د), r (ر), z (ز), s (س), š (ش), s (ص), t (ط), ğ (غ), q (ق), k (ك), g (ك), l (ل), m (م), n (ن), ŋ (ن), u||ü (و), j||ıy||ij (ي).

Абу Хайан бұлардың ішінде p (ب), č (ج), k (ك) графемалары білдіретін дауыссыз дыбыстарды «таза емес, қоспалы» (әл-машуубату) деп көрсетсе, g (ك) таңбасы білдіретін дыбысты «бадауилердің г дыбысы сияқты», ал ŋ (ن) дыбысын «мұрын жолды нун» – деп атаған. Мәмлүк қыпшақтары тілі туралы жазылған жазба ескерткішерде эмфатикалық «та» (ط) дыбысы бұл қатарға енбейді, тек ескі қыпшақ тіліне енген кірме араб сөздерінде қолданылады деп көрсетіледі, ал шұғыл, көмейлік «һамза» (ء) дыбысы деп аталынған дыбыстың фонологиялық табиғаты әлі айқындалған жоқ. Сондықтан жазба ескерткіш тілінде аталып отырған екі дыбыстан басқа, 21 дауыссыз дыбыс қолданылған дейміз [6, 10].

А.Хайиан бұл дыбыстардың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты еш-қандай классификация жасамаған. Дегенмен, көрсетіліп отырған дыбыстар қатары «Әл-Қауаанийн...» жазба ескерткішінің фонологиялық жүйесіне толығымен сәйкес келеді, оның мәтініндегі ескіқыпшақ тілінде 28 фонема, 21 графикалық таңба болған: 1) “таза” дыбыстар: b, t, s, r, z, q, l, m, n, u, y; 2) “таза емес” дыбыстар: p, с, s, z, č, (ş); 3) “аралық” дыбыс: ğ; 4) “көмескiлеу” дыбыс: g; 4) “мұрын жолды” дыбыс: n; [17, 12].

Демек, араб тіліндегі x (خ), f (ف) дыбыстары арқылы айтылатын сөз-дердің барлығын Абу Хайиан ескі қыпшақ тіліне жат сөздер деп есептеген, «Әл-Қауаанийн...» жазба ескерткішінің есімі белгісіз авторы да осы пікірді қуаттаған [7, 12-13].

Құтыптың «Хұсрау мен Шырын» поэмасының тілін зерттеген еңбегінде М.Сабыр «Көне түркі тілінде 16 дауыссыз фонема болса, орта ғасырда дауыссыздар қатары толысқаны байқалады. Аталмыш ескерткіште («Хұсырау мен Шырын» поэмасы – Д.Б.Д.) 25 дауыссыз дыбыс бар» дейді [8, 15].

XV ғасырда Мәмлүк қыпшақтары тіліне аударылған Әбу Ләйс әс-Самарқандидің «Китаб Муқаддима» жазба ескерткішінде 24 дауыссыз дыбыс бар. Жасалу органдарының қатысына қарай: ерін дауыссыздары: б, п, м; тіс пен ерін дауыссыздары: в, ф, тіс дауыссыздары: т, д, с, з; тіл ұшы дауыссыздары: ч, л, н; тіл алды дауыссыздары: ш, дж, р, й; тіл ортасы дауыссыздары: к, г; тіл арты дауыссыздары: қ, х, ғ, ң; көмей дауыссыздары: һ, `айн. Дауыс қатысына қарай дауыссыз дыбыстар қатаң және ұяң болып жіктеледі. Олардың арасындағы негізгі белгі – жасалу процесінде дауыстың қатысуы. Қатаң дауыссыздар: п, ф, т, с, ч, ш, к, қ, х, һ; ұяң дауыссыздар: б, м, в, д, з, л, н, дж, р, й, г, ғ, ң, `айн [9, 8].

Ал, біздің зерттеу нысанамыздағы «Жарқыраған інжу-маржан» жазба ескерткішінде 22 дауыссыз дыбыс бар. Олар b (ب), p (ف ,پ , ب), t (ط ,ت), c (ج), č (چ ,ج), h (ح), d (ض ,د), r (ر), z (ظ ,ز), s (س ,ص), š (ش), ğ (غ), q (ق), k (ك), g (ك), l (ل), m (م), n (ن), ŋ (ن), v (و), y (ي), u (و).

Көрсетіліп отырған дауыссыз дыбыстар қатарының жазба ескерткіш тілінде қолданылу мысалдары мынадай, қар.: balauası بَّآلْ ٴاَوَاسِّيْ балауыз (7a,6; 10а,16); bešik بَاشِكْ бесік, тахта (9b,13); čanaq چَنَاقْ шанақ, ыдыс; ағаш шанақ (10b,2; 10b,8); čekirge جَكِرْكَا (چَاكِرْكَا) шегіртке (8а,2); dineč ضِنْـَجْ тыныштық, рахат (3a,8); dört yüz min مِيْنْ يُوْزْ دُوْرْتْ төрт жүз мың (17b,4); eñse ٴاَنْكْسَا (ٴاَنْكْسَّا) еңсе, иық (13а,8; 13а,14); Gühārbay كُهَارْ بَايْ ГүҺарбай (19a,1); ĥocā خُجَا хожа (14а,6); keyik كَايِكْ киік, жайран (7b,15); lanqurt لاَنْ قُرْطْ шошқа құрты (9b,4); müslimān مُسْلِمَانْ мұсылман (14b,2); nešinنَاشِنْ не үшін? (21a,14); payğanbar (payğambar) بَيْغَامْبَرْـه Пайғамбар (2а,7); Qabarčı خبرجي Пайғамбар (2а,7); saš صَاشْ шаш (12b,16); šākirt شَاكْرِدْتْ бозбала, жасөспірім (14а,4); Tañrıbermiš تَغْرِيْ بَرْمِشْ Тәңріберміш (18b,5); teñızdeتَنْكِزْدا теңізде (22b,8; 22b,10); vaynar sen وَيْنَارْساً ойнарсың (19b,12); yeniške يَانِشْكَهْ жіңішке, сезімтал (14b,4) және т.б.

Бұл лексемалардың транскрипциясына, дыбысталуына, мағыналық ерекшеліктеріне қарағанда, бірлі-жарымды фонологиялық ерекшеліктерді есепке алмағанда қазақ тіліне өте жақын екендігі байқалады.

Дегенмен жазба ескерткіштің археографиясында, ескі қыпшақ сөздерінің орфограммасында көптеген жазба ескерткіштерде кездеспейтін алшақтықтар да жоқ емес. Олардың бірқатары дауысты дыбыстардың графикалық берілуінде, ал бірқатарлары дауыссыз дыбыстардың орфограммасында кездеседі. Сондай-ақ, жазба ескерткіш тіліндегі ескі қыпшақ лексемаларын жазуда жиі пайдаланылған диакритикалық белгілердің қолданылуында, олардың зерттеуші ғалымдар тарапынан оқылуында да бірқатар айырмашылықтар бар.

Жазба ескерткіштегі сөздерді транскрипциялауда туындайтын қиындықтардың негізі пернетақтадағы 26 латын графикасының жетпегендігі болып табылады. «Китаб ад-Дурра...» сөздігінде 22 дауыссыз дыбыс, 9 дауысты дыбыс бар. Ендеше пернетақтадағы 26 әріп 31 дыбысты таңбалауға жетпейтіндігі айдан анық. Сондықтан да бұл дыбыстарды таңбалауға «Древнетюркский словарь» әліпбиінен керекті таңбаларды алған жөн.

Жалпы әліпби түзудегі дүниежүзілік тәжірибелерге зер салсақ, әліпби бір халықтан екінші халыққа ауысқан кезінде негізінен әр тілдің дыбыстық ерекшеліктерін көрсететін қосымша әріптерді қосып алып отырған. Бірақта Батыс Еуропа халықтарының латынға негізделген әліпбилері тілдерінің дыбыстық құрамының әр түрлі болуына қарамастан байырғы латын әліпбиін сол күйінде, ешбір өзгеріссіз толықтырусыз қабылдаған. Бұлардың үстіне әліпби иелері тек W, J деген екі жартылай дыбыстың әрпін қосқан. Соның салдарынан Батыс Еуропа тілдерінің дыбыстық құрамы мен әліпбиінің арасында алшақтық пайда болды. Мысалы, ағылшын тілінде (дифтонгтарды қоспағанда) – 15 дауысты, 15 дауыссыз, француз тілінде – 17 дауысты, 18 дауыссыз, неміс тілінде – 16 дауысты, 21 дауыссыз дыбыс бар. Дыбыстардың осыншама мол түрін белгілейтін әлгі тілдердің әліпбиінде тек 26 ғана әріп қолданылады. Оның алтауы дауыстыларды, жиырмасы – дауыссыздарды таңбалайды. Аталған тілдердегі біраз сөздердің бір түрлі жазылып, екінші түрлі айтылатын себебі сондықтан [10, 103].

Қорытындылай келіп атап өтсек, ескі қыпшақ ескерткіштеріндегі сөздерді транскрипциялауға Ортақ түркі әліпбиі оңтайлы болып табылатын еді деген тұжырым жасауға әбден болады. Түркі жұрттарының барлығына түсінікті әрі бір-біріне жақындауға үлкен жол ашатын әліпби үлгісі деп бағалауға болады. Апострофты латын әліпбиі ескі қыпшақ тіліндегі сөздерді беруге әлсіздік көрсетеді. Әдетте түркітануда әріптің үстіне қойылатын «’» және «‘» дәйекшелер араб жазуындағы «хамза» (ﺀ) және «айн» (ع) әріптерінің баламасы болып келеді. Сондықтан да апострофпен немесе акутпен жазылған латын жазуы ескі қыпшақ ескерткіштерін транскрипциялауға қолайсыздық тудыратыны бір бастан белгілі.

Ескі қыпшақ ескерткіштерінің транскрипциясында ұстанатын басты қағидаттар бар. Біріншіден, түркі сөздерінің әр дыбысын бір таңбамен белгілеу принципін ұстану керек. Екіншіден, араб харпін қолданатын күллі мұсылман халықтарында қалыптасқан дәстүр бойынша араб-парсы сөздерін өзгертпей жазу қағидаты басты мақсат болуы қажет.

Мың жылдық мұраларымыздың қайнар көзі болып табылатын көне түркі, ескі қыпшақ жазба ескерткіштері қазіргі заманда қандай әліпби қабылдасақ та замана көшінен қалмай үнемі өзінің орнықты орынын таба білуі өте қажет.


Бағдат ДҮЙСЕНОВ

ҚР БҒМ ҒК Р.Б. Сүлейменов атындағы

Шығыстану институтының

ғылыми қызметкері






Көрілген: 272    Пікірлер: 0

бейсенбі, 20.06.2019, 11:48

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31