Тілім - тағдырым

МАҚСҰТ НӘРІКБАЕВ ӨЗІНДІК ІЗІН ҚАЛДЫРҒАН НАҒЫЗ ҚАЙРАТКЕР

  • МАҚСҰТ НӘРІКБАЕВ ӨЗІНДІК ІЗІН ҚАЛДЫРҒАН НАҒЫЗ ҚАЙРАТКЕР

    МАҚСҰТ НӘРІКБАЕВ ӨЗІНДІК ІЗІН ҚАЛДЫРҒАН НАҒЫЗ ҚАЙРАТКЕР

Әр дәуірдің тумысынан табиғаты бөлек, заңғар перзенттері болады. Туған жерінің лайықты ұлы бола білген саясат және қоғам қайраткері, көрнекті заңгер, ұлағатты ұстаз Мақсұт Нәрікбаев жайлы естелігіммен бөліскелі отырмын.
Нәрікбаев Мақсұт Сұлтанұлы егемен Қазақстан тарихында өзіндік орны қалар белді тұлғалардың бірі болды. Мақсұт Сұлтанұлы өзінің саналы ғұмырында Елбасының сенімді серігіне айналып, мемлекеттілігіміздің тұғырлы болуына заңгер ретінде, қайраткер ретінде өлшеусіз еңбек сіңірді. Көзі тірі болғанда биылғы жылдың 30 наурызында 80 жылдық мерейтойын тойлаған болар едік.

Мақсұт Сұлтанұлы өнегелі өмірін, терең білімін, қайталанбас дарыны мен шығармашылық шабытын еліне адал қызмет етуге арнаған тұлға. Оған тәуелсіз Қазақстанда сот жүйесінің қалыптасуына, заңнаманың жүзеге асырылуына, заң ғылымдары мен құқық қолдану тәжірибесін реформалауға қосқан еңбегі куә. Кәсіби жолын қарапайым тергеушіден бастаған Мақсұт Сұлтанұлы еңбекқор әрі жаңашыл азамат еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары сот жүйесін қалыптастыру саласына сіңірген еңбегі бір төбе.
1994-96 жылдары бірқатар заңдардың қабылдануына тікелей өзі бас болып араласты. 1995 жылы қазан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің Бас прокуроры болып тағайындалды.

Мақсұт Сұлтанұлының Бас прокурор болып тағайындалуы елімізде жаңадан дербес тергеу органының ашылған тарихи кезеңімен сай келді. Жұмыс барысында, көптеген прокурорлардың қаулы-қарарлары заңның талаптарына сәйкес келмейтіндігі байқайды. Кадр мәселесіне көп көңіл бөлген ол – бірнеше білікті жас прокурорларды, жауапты қызметке тағайындады. Оның ішінде кейінде Бас прокурор болған А.К. Дауылбаев, қазіргі Жоғарғы соттың төрағасы Ж.К. Асанов, Бас прокурордың бірінші орынбасары Б.Н. Асылбеков, Академия бастығы Е.С. Мерзадинов т.б. көптеген прокурорлар бар еді. Мақсұт Сұлтанұлы «Прокурор тек мемлекеттің мүддесін ғана емес, азаматтардың да мүддесін қорғау керек» деген заң талабына мән берді.
Жоғары сот төрағасы болып тағайындалған Мақсұт Нәрікбаев соттардың кәсіпкерлік біліктілігін арттырудан бастап, тағайындалатын жазаның жасалған қылмысқа сай болуын, бас бостандығынан айыру жазасын шектеулі жеңілдету қажеттілігін талап етті. Дүниежүзілік тәжірибеге сай бұл бастамасы – қазіргі еліміздегі жаңа сот жүйесінің негіздеріне тура келіп отыр.
Жоғарғы соттан кейін Мақсұт Сұлтанұлының қызмет жолы білім беру жүйесімен тығыз байланысты болды.
Білім беру ісінің ұйымдастырушысы, көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаздың бастамасымен елорданың сол жағалауында заң университетінің жаңа оқу ғимараты бой көтерді. 2008 жылғы 2 шілдеде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен салтанатты тұсаукесері өтіп, сабақтар қыркүйек айында басталды. Еліміздің алдыңғы қатарлы заңгерлік жоғары оқу орнының басшысы ретінде ол білім ордасының қалыптасуына, заманауи мамандарды даярлауға көп күш салды. Қазіргі күні оқу орнына Мақсұт Сұлтанұлының есімі берілген. Университет мыңдаған студенттердің алтын ұясына айналып, республикамызға танымал құқықтанушыларды тәрбиелеп шығарды. Бүгінде М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті құқықтану ғана емес экономика және гуманитарлық салалардың мамандарын даярлайтын алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Шәкірттері тағылымы мол ұстазының «КАЗГЮУ менің өмірім» деген жүрекжарды сөзін зор ілтипатпен еске алады. Қадірлі әкенің дара жолын Нәрікбаев Талғат Мақсұтұлы жалғастырып келе жатыр. Қазақстанның білім беру ісіне бірқатар жаңалықтар енгізген көрнекті маман әке аманатына берік.
Профессор М.С. Нәрікбаевтың білім саласы мен құқықтық жүйеде ғана емес ғылыми ортада және қоғам өмірінде де сіңірген еңбегі орасан. 2001 жылы «Құқықтық Қазақстан үшін» атты қоғамдық бірлестігін құрғаны белгілі. Бірлестік халықтың құқықтық мәртебесін айқындайтын, азаматтық қоғамды қалыптастыруға негізделген үлкен жобаға айналды.
Мақсұт Сұлтанұлының адамгершілік, бауырмашылдық қасиеттері айырықша құрметтеуге лайық еді...
Мәкең өзі білімді бола тұра басқаларды да білімге талпынса екен деп ойлайтын. Ол жастарға білім беруді, оның ішінде болашақ заңгерлерді дайындауды өзіне мақсат етіп қойды. 2000 жылдары Алматыдағы Заң академиясына ұлтымыздың заңғар ғалымдарын топтастырып, оқу жүйесін жаңа талап талаптарға сай жүргізе білді. Ерен еңбектің ортасында болған С.Зиманов, С.Сартаев, Е.Жакишев, А.Миндакулов т.б заңгерлерді құрметпен айта аламыз.
Ойы да, бойы да тең асыл азамат спортты өте жақсы көрді. 1990 жылдары Шымбұлақта тау шаңғысын тебетін қазақтар некен саяқ еді. Осы керемет спорттың біздің жерімізде негізін салған Елбасымыз бен Мақсұт деп айтсам қателік жоқ. Кейінде бұл спорт түріне қазақтан шыққан алғаш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров қосылды. Бүгінде Шымбұлақ ұлт мақтанышы ғана емес, дүние жүзіне белгілі демалыс орны.
Мақсұт Сұлтанұлының мемлекеттік тілге деген ерекше жанашырлығы өз алдына бір төбе. Ұлтын сүйген әрбір жан оны ерекше ықыласпен еске алады. Осы орайда қазақтың халық әндеріне деген махаббатын айтпау кету жарамас. Өнерді жан-жүрегімен сүйген ақжүрек азамат ән дегенде ішкен асын жерге қоятын. «Аяғыма кигенім былғары етік сәулем-ай, Табанымнан барады ызғар өтіп сәулем-ай» деп қолына баянын алып әндеткенде ұлы дала ұйып тыңдайтын.
Мақсұттың шаңырағында дастархандас болған қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова : «Мақсұттың өлең айтқанынан еліне деген шексіз махаббатын көрем, ол нағыз азамат еді» деп еске алады.
Мәкеңнің бойындағы отансүйгіштік қасиеті бөлек әңгіме. 2010 жылы Астана қаласында төрт мыңнан астам халықты жинап өткізген «Билейік бірге, Қаражорға» атты ұлттық, патриоттық акциясын жұрт әлі күнге ұмытқан жоқ. Өзінің айтқаны бойынша: «Біз бүгінде қазақ жерінде, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінде күн кешіп, алға жылжу үстіндеміз. Осыған сәйкес, әрбір қазақстандықтың жүрегінде патриоттық сезім болуы керек. Қаражорға биінде қазақ ұлтының рухын оятатын, қуат беретін әуенді күш бар»,- деген еді ұлағатты ұстаз Мақсұт Нәрікбаев.
Әріптестері, достары, жақындары, туыстары мен студенттерінің есінде М. Нәрікбаев абыройлы, жаны таза, нағыз патриот, өз ісіне адал тұлға ретінде қалды. Жаңашыл әріптесіміздің жарқын бейнесі біздің есімізде мәңгі сақталады.


 Сембин Болат Ажақайұлы, 3-дәрежелі Мемлекеттік әділет кеңесшісі




Көрілген: 301    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 08.04.2020, 00:30

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30