«Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты байқаудың жүлдегерлері марапатталды
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында «Қоғамдағы тіл мәдениетін тікелей қалыптастыратын адамдар ретінде БАҚ қызметкерлеріне қойылатын міндетті тілдік біліктілік талаптарын енгізу ерекше рөлге ие болады» делінген. Осы бағытта түрлі жұмыстар атқарылып жатыр.
Бұндай жұмыстардың басты мақсаты - мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қазақ тілді контентті арттыру және мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте түсу. Сондықтан Мемлекеттік тілде хабар тарататын жаңа телевизиялық арналар құру арқылы тілдік ортаны қалыптастырудағы БАҚ-тың рөлін күшейтуге ерекше назар аударылып отыр. Бұл ретте цифрлық телерадио хабарларын таратуды енгізу арқылы айрықша мүмкіндіктер ашылағаны белгілі.
Жақында Алматы облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атты облыстық байқауының жүлдегерлерін марапаттау салтанаты болды. Бұндай игі шаралар жыл сайын өтіп келеді. Журналистердің кәсіби мерекесі қарсанында байқауға қатысшылардың марапттау рәсімі өтеді. Бұл байқауға мемлекеттік тілді дамыту, насихаттау, оның қолданыс аясын арттыру бойынша БАҚ-та материалдары жариялаған журналистер қатысып, бақ сынады. Аталмыш шараның биылғы шарты бойынша алдыңғы конкурстардағы бас жүлдемен марапатталған жеңімпаздар осы жылғы байқауға қатыстырылмады.
Биылғы байқау төрт аталым бойынша өтті. Атап айтсақ олар – «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама», «Үздік сайт мақаласы». Осы жылғы байқауда облыстық "Огни Алатау" газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, Құрманжан Қасымжан және облыстық "Жетісу" газетінің журналисі Еңлік Кенебаева бас жүлдеге ие болды. Ал І орынды Кәмшат Мұхамеджан, Айжан Жайлаубаева, Зейнегүл Жұмабек еншіледі. ІІ орынды Ардақ Қысаев, Күлжиған Тұрсынова, Хайролла Ахмеджановтар алды. Жұмабай Мұсабеков, Қуаныш Түргенбаев, Данагүл Мәкендер ІІІ орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар, Сырғабала Медетбекова, Аслан Қажеке, Мәлен Әнербай, Меруерт Молдағалиева, Қаракөз Садықова, Бақтығали Даутбаевларға ынталандыру сыйлығы және арнайы жүлделер табысталды.
Нұрлы Еділов